Basty bet

Балаларға қуаныш сыйлады

Өткен жұмада «Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында «Біз бірдейміз!» атты концерт өтті.
Шараға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары Марат Нарымбеков, Керімхан Төреқұлов, сондай-ақ балалар мен ата-аналар қатысты.
Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шарада алғысөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Құрметті ата-аналар, балалар мен көпшілік қауым! Мемлекетіміздің мәңгі жасауы, іргелі ел болуы үшін біздің балаларымыз бақытты болуы тиіс. Біз бүлдіршіндердің бақыты үшін барлығын жасауға міндеттіміз. Сонда ғана елдің көсегесі көгереді. Бала жаны жайқалған гүлге ұқсайды. Бала өскен сайын оның жаны да есейеді. Баланың жаны махаббат пен мейірімге, қайырымдылық пен ілтипатқа толады. Бала әрбір үйдің бақыты, өмір жалғасы, көз қуанышы. Оның бал татыған әлпеті, сүйкімді күлкісі, ата-анасын, бүкіл әлемді қуанышқа, бақытқа бөлейді емес пе!
Ауданымызда бұл орталықтың ашылғанына да бір-екі жылдың көлемі болды. Осы оңалту орталығына келген балаларға мейірімді мамандар қызмет көрсетіп, балалар көптеген жәрдем алып жатыр. Балаларды ортаға бейімдеп, оңалту шараларын жасап жатқан қызметкерлерге алғысымыз шексіз. Адам ретінде ізгілік, қайырымдылық шаралары үнемі жасалуы керек. Мұндай игі тірліктер ауданымызда үнемі жасалып тұрады. Сонымен қатар, оңалту орталығына үнемі көңіл бөліп отырамыз. Орталық жылдан-жылға көркейіп келе жатыр. Алдағы уақытта осындай мейірімді жүректерімен балаларға қызмет көрсетіп, оңалту жұмыстарын жүргізе берулеріңізге тілектеспіз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Болашағымыз балалардың дені сау, аман болсын, – деді аудан басшысы.
Одан кейін кезек концерттік бағдарламаға берілді. Аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілерімен қоса, балалар да өнерлерін көрсетті. Бірі жүректі тебірентер ән шырқаса, бірі жыр шуамақтарын оқыды.
Концерт соңында аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы балаларға базарлық ретінде сый-сияпат үлестірді.

Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close