Qoǵam
Ұлт пен ұлыстарға пана болған Жуалы
(Басы №39, №40 сандарда)
Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан поляк армиясы жасақталып, соғысқа Италия, Бельгия сол сияқты Голландия жерін неміс фашистерінен азат етуге қатысты. 1956-1960 жылдары тың жерлерді игеру науқанында да зор еңбек сіңірді. Поляктар Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің өркендеуіне қазір де атсалысуда. Бүгінде елімізде бес поляк орталығы, олардың диаспоралары бейбіт өмір кешуде.
Толассыз өмір, тоқтаусыз дүние сырғып өтіп жатыр. Содан бері жер-ана қаншама түлеп, ел бейнесі қаншама рет өзгеріп, ұрпақ ауысты. Поляктардың Украина жерінен Қазақстанға жер аударылғанына биыл (2019 ж) 90 жыл толды. Бірақ сол қуғын-сүргінді сұрапыл жылдардан қалған жара секілді өткеннен хабар беріп, бәрін де көрген, бәріне де төзген Жуалы жеріндегі Құлан тауының төсінде әлі күнге дейін сайрап жатыр.
«Жерінен ауған шек сорлы, елінен ауған бек сорлы» деп қазақ атамыз айтқандай, еріксіз әкелінген, Жуалы жерінен пана тапқан халықтың тағы бір өкілі – корей халқы болатын. Сталинизм дәуірінің әсерімен, Жапондармен соғыс болған жағдайда «қандастарына жақтасып кетеді» деген оймен оларды Қиыр шығыстан 1938 жылдың ортасында Қазақ жеріне алып келген болатын. Олар Приморье өлкесіндегі солтүстік Кореямен шектесер шекараға жақын жеріндегі шағын ғана халық болатын. Саясат құрбаны боп еркіндігінен айырылған корейлерді туған жерлерінен тым алыстағы, бейтаныс жат өлкеге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан жерлерінің әр облыс, әр ауданына бөліп жіберді.
Осындай депортацияланған корей халықтарының бір топ өкілдері 1938 жылдың көктемінде Жуалы жеріне де әкелінген еді. Бұл тарихи оқиғаны енді сол еріксіз жер аударылған корей халқының өкілі, ұзақ жылдар Жуалы ауданында ұстаздық қызметін мінсіз атқарған Пак Владимир Савельевичтің әңгімесімен жалғастырайық.
«Тып-тыныш қана бейбіт өмір сүріп жатқан корей халқына бір күнде зобалаң келді. Бұл СССР-дің солтүстік кореямен шектесер жеріндегі шекараға жақын Приморский өлкесі, Сучанский ауданы «Звездочка» аталатын 450-500 тұрғыны бар елді мекен болатын. Бізді тез арада буыншақ-түйіншектерімізбен жүк поезына әкеп тиеді. Жол-жөнекей судан басқа ешқандай азық-түлік берілген жоқ, әркім өздерінің ала шыққан азығымен күн көрді.
Екі жетіден астам уақыт жол жүрген соң бізді Жуалы ауданының «Күркіресу» аталатын шағын станциясына түсіріп, Жаңаталап деген ауылға алып келді. Мұнда келген соң жағдайымыз жаман болған жоқ, қазақ деген қонақжай, мейірбан халықтың іргесіне алыстан көшіп келген ағайындай болып кеттік. Сол ауылдың шет жағынан бәрімізге үй берілді. Әсіресе, кәсібі, білімі барлар ешқандай қиыншылық көрген жоқпыз. Жұмысқа араласып, жергілікті халықпен етене жақындасып кеттік. Олардың ішінде ауданға аты мәлім В.Тигай, Ю.Бин, В. Югай, В.Ким т.б. жігіттер бар еді.
Мен болсам «Кременевка» деген елді мекендегі С.Киров атындағы орта мектепке директор болып орналастым. Бізді оқтын-оқтын НКВД-ның адамдары сырттай бақылап тұратын. Адал қызмет етіп жүрсек те жұмысымыздан кемшілік, сөзімізден ілік табылып біреулердің күнәсі бізге тағылып жататын. Болмашы нәрсеге мені 1957 жылы директорлық қызметімнен босатты. Ол кезде Жуалыдағы оқу ісінің меңгерушісі Калимов деген кісі болатын. Мені Чапаев колхозындағы Самсоновка деген жерге қатардағы мұғалім етіп жіберді. Мен өз ісіме адал екендігімді Москваға барып дәлелдеген соң қызметіме қайта тағайындалдым. Содан зейнетке шыққанша еңбек еттім» – деп еске алатын Пак Владимир. (Бұл әңгімені бізге баяндаушы В.С.Пак 1915 жылы туған, бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған, кейін 2006 жылы 92 жасында Алматыда қайтыс болды).
«Корей халқы жалпы тірлікке тыңғылықты, ұқыпты келеді. Олар соғыстың алдында Жаңаталап ауылына әкелінген соң сол ауылдан жеті жылдық шағын мектеп соққан. Сол аядай білім шаңырағы жаңаталаптылықтарға күні бүгінге дейін қызмет етіп келеді» – дейді Жаңаталап мектебінде көп жылдар директор қызметін атқарған марқұм тарихшы-ұстаз Ілияс Райысұлы.
Сол Жуалыға келген 100-ге тарта корей түтінінен ешкім туған жеріне қайтпады. Жылы жағына ұша алмай қалып қойған сынық қанат құстай осы жерде қалып қойды… Біразы Тараз, Алматы сияқты үлкен қалаларға көшіп кетті. Бүгінде сол Ұлы Отан соғысының қарсаңындағы саяси науқанда депортацияланған корей халқының өкілдерінің аздаған ғана ұрпақтары Жуалы жерінде әлі де өмір сүріп жатыр.
Басына күн туған шақта адамзатқа деген жылы шуағы сарқылмаған Жуалы жеріне Ұлы Отан соғысының нағыз қайнаған кезінде, сол кездегі саясат бойынша «сенімсіз ұлт» деп танылған Кавказдағы шешендер әкелінді. Тарихи дәлелмен айғақтап айтсақ 1943 жылдың 23 ақпанында Сталиннің әмірімен бір тәуліктің ішінде шұғыл түрде жер аударылған еді. Заман толқынына шарасыз мойынсұнған шешен халқының өкілдері Жуалы жеріне Грозный қаласына жақын таулы өлкедегі Шеровский ауданынан әкелінген еді. Мұнда әкелінген шешендердің жалпы саны туралы мұрағаттарда да ешқандай айғақ сақталмаған, оның есебін алған ешкім болмаған. Алайда сол дүрбелең кезеңді көзімен көрген (марқұм) Амирхан қажы Малашиев: «Жуалыға келген шешендердің саны 500 жанұядай болатын» деген мәлімет айтты.
Сол кезде ғаламды дүрілдеткен соғыс дауылы батысқа ойысқанмен ел жағдайы әлі де ауыр еді. Жер аударылып келгендерге арналған ешқандай баспана болған жоқ, сондықтан да оларды осы аймақтағы ауыл-ауылдарға бөліп жіберді. Жанталас тіршілік кешіп «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған жуалылықтар оларды ауырсынған да, жатсынған да жоқ, сыйғызып алды. Әсіресе Қоғалы, Талдыбұлақ, Қызтоған, Луначарка, Успеновка, Самсоновка сияқты ауылдарға келімсектерден көбірек үлес тиген еді.
Шешен халқының Жуалы жеріне келуі туралы енді естелікке кезек берейік. Сол қиын кезді көзімен көріп, жоқшылық пен аштықтың азабын қазақ халқымен бірге бөліскен, зейнеткер көп жылдар аудандық тұтынушылар мекемесінде қызмет еткен Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Гоев Вахид былай дейді:
«Бізді 1943 жылдың ақпан айында бір күнде бәрімізді жүк поезына алып келіп қамады. Қарулы комендатураның адамдары әр вагонның аузында тұрды. Жол-жөнекей қатты суыққа ұрынып біраз ауру-сырқау көз жұмды. Олардың өлігін, вагонды көпірдің үстіне тоқтатып, өзенге лақтырып тастап кетті. Вагонның ағаш қабырғасындағы үңірейген тесікті атам күпәйкесімен бекетіп жон арқасымен жауып отырғаны анық есімде қалыпты.
Аш-жалаңаш елді қыс мезгілінде, Жуалы ауданының орталығы Бурное станциясына алып келіп түсірді. Одан кейін бізді ауыл-ауылдарға бөлді. Жадау, қамкөңіл тірлік кешіп жатқан қазақтар бізді қабақ шытпай қарсы алды.
Он адамнан тұратын біздің жанұямыз Талдыбұлақтағы колхоз бастық Шопанбай деген кісінің үйіне бөліндік. Өздерінің бес-алты бала-шағасы бар бәріміз араласып, екі бөлмелі тоқал үйде тұрдық. Солардың ішкенін ішіп, жегенін жедік, бізден ештеңесін аяған жоқ. Сырзаводтың майынан айырған сүтін алып, алғының ботқасын жеп өлместің күнін кештік.
Содан 1948 жылы жағдай түзелген соң «Жамбыл» колхозына қарайтын Қоғалыға көшіп барып, қазақша оқып білім алдым. 1957 жылы билік басына Хрущев келген соң жер аударылғандарға кешірім жасалып, күштеп әкелінгендердің 50 пайызына жуығы туған жерге қайтып кетті, біразы 1990 жылдардың басында кетті.
Мен сол жансебіл бейнетке белшесінен батып жүріп, адамгершіліктің асыл үлгісін танытқан Шопанбайдың балалары Тәтен, Аман, Амалбектер бүгінде ең жақын жекжаттарым, туысқандардай араласып тұрамыз».
Осы шешен халқының өкілдері барлық Жуалы халқы сияқты социалистік қоғамды нығайтуға аудан еңбеккерлерімен біте қайнасып, тізе қоса еңбек етті. Олардың көбі әсіресе, ауданымыздың азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға сүбелі үлес қосқан мал шаруашылығында еңбек етті. Путь к коммунизму колхозынан «Ленин» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Ахият Мисерханнов, Чапаев атындағы колхоздан «Құрмет белгісі» орденінің иегері Ахмет Абдуллаев, ХХІІ партсъезд атындағы колхоздан Юсуп Хамзатов сынды шопандардың, қарапайым еңбек адамын қадірлей, қастерлей білетін жуалылықтар олардың есімдерін құрметпен атайды.
Екі рет «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақ ССР Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған құрметті шопан Элик Дазиевтің ауданымыздың мал шаруашылығына қосқан үлесі бір төбе. Ол отарындағы әр жүз саулықтан 180 бас қозыдан алып, оны аман сақтап мемлекетке жүн тапсыру жоспарын да үнемі асыра орындаған. Бұл қатарға Билікөл совхозының орденді, озат шопаны Хусейн Сурхановты да қосуға болады.
Шешен халқынан шыққан шопандар шоғырынан бөлек, астықты алқаптағы бастырылған дәнді тасымалдауда ел құрметіне бөленген ауданымызды береке белесіне көтеру жолында еселі еңбегімен үлкен жетістіктерге жете білген жүргізушілер: И.Хаджиевті, Т.Амаевты, Эминай Махамашевті, Уванс Алиевті, Увис Құрбановты, аудандық тұтынушылар қоғамында мінсіз қызмет еткен Вахид Гоевты ел қашанда құрмет тұтады.
Міне, біздің Жуалы жерінен келіп пана тапқан шешен халқының тағдыры осындай. Шешен халқында кісі дүниеден өткенде ірі қара мал сойылып, етін әрбір үйге тарататын дәстүр бар. 2017 жылдың қазан айында сондай үлес 104 үйге таратылыпты.
Елінен, жерінен, кіндік қанытамған топырақтан түре көшірілген шешен халқына бір үзім нанын бөліп беріп, үйіне паналатқан жуалылық қазақтардың жақсылығын олар ешуақытта да ұмытпайды.
Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
өлкетанушы