Basty bet

«Халықтық марка» номинациясын иеленді

Бір қолымен бесікті тербете отырып, екінші қолымен әлемді тербететін әйелдер қай салада да белсенді. Бұл сөзімізді еліміздің іскер әйелдері сәт сайын дәлелдеп жүр. Нәзік жандылар шаңырақтарының шамшырағындай шырайын келтірумен қатар, өз саласында нәтижелі де табысты еңбек етіп жүрген жайы бар. Осы ретте, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әйелдердің қосып жатқан үлесіне қоғам назарын аудару, еңбек етуші әйелдерге деген құрметі мен оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында облыстық форум өтті.

Облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шараға кәсіпкер әйелдер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, сондай-ақ ZOOM байланыс платформасы арқылы үкіметтік емес ұйымдар, ҚР Іскер әйелдер қауымдастығы мен Қазақстанның әйелдер күштерінің Альянсының өзге өңірлердегі басшылары мен мүшелері де қатысты.
«Еңбегі жанған арулар» тақырыбымен өткен облыстық әйелдердің форумында ел экономикасын дамытуға негізделген кәсіпкерлік, жас ұрпақ тәрбиесі, бүгінгі қоғам бейнесі кеңінен сөз болды. Форумға Жамбыл облысының әйелдер күштері альянсының төрайымы Гүлдара Нұрымова төрағалық етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси науқандардағы әйелдердің рөлі туралы айтып өтті.
Жаны нәзік, жолы жіңішке болса да ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген әйелдердің түрлі салалалардағы атқарушы рөлін форумда сөз алған Қазақстанның «Еңбек ері», «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры, Мұқаш Ескендіров, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков айшықтап өтті.
Ашық диолог алаңы ретінде өткізілген жиында әйелдер көшбасшылығы мен әйелдер өндірісі туралы мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, форумда өз кәсібін дөңгелетіп отырған, біршама жетістікке жеткен арулар сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шара барысында көшбасшы әйелдер 16 аталым бойынша марапатталды. Бұл марапатқа жуалылық кәсіпкер әйелдердің бірі «Мешелова З.Е» жеке кәсіпкерлігінің иесі Зағира Мешелова да лайық деп танылды. Кәсіпкер, көпбалалы ана мағыналы әрі маңызды шарада өңірдің іскер әйелдерімен бірге басқосып, келелі кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, іскер әйелдердің абыройын арттыруға, нәзік жандарды кәсіпкерлікте қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, әйел көшбасшылығы идеясын ілгерлетуге қосқан үлесі үшін арнайы Дипломға ие болып, «Халықтық марка» номинациясымен марапатталды.

«Jańa ómir»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close