Basty bet

2025 жылға дейін тұрғындар толықтай таза ауызсумен қамтылады

Алдағы бес жылда Жамбыл облысында таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі 100 пайыз шешілетін болады. Бұл туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айтты.
Оның айтуынша, облыстағы төрт қалада 394 мың тұрғын немесе 88 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған.
– Қалған қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Тараз қаласында 6 жоба, Шу қаласында 8 жоба әзірленуде. Жалпы жобалар құны 9 млрд. теңгені құрайды,-деді Қ.Қорғанбаев.
Ал, облыстың ауылдық елді мекендеріндегі тұрғындардың 75 пайыздан астамы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері 9 елді мекенде тұратын 13100 адам орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізген. Ағымдағы жылы, 50 ауызсумен жабдықтау нысанының құрылысына 17 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
– Өткен жылмен салыстырғанда, ауызсумен қамту саласындағы жұмыстардың көлемі 2,5 есеге артып отыр. 30 елді мекенде жаңа ауызсу құбырлары салынып, 10 ауылда қолданыстағы су құбырлары жөнделуде. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 75,2-ден 82,8 пайызға жететін болады,-деді Қ.Қорғанбаев.
Сондай-ақ, халық саны 200-ге дейінгі 36 елді мекенде суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату көзделуде. 78 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етудің 2021-2025 жылдарға арналған жоспары әзірленген.
Қазіргі уақытта 39 елдімекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жалпы өңірлік жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін облыстағы қала және ауыл тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар, Құдайберген Қорғанбаев әзірленіп жатқан жобаларды Үкімет жедел түрде қаржыландыруды қолдаса, елдімекен тұрғындарын толық ауызсумен қамту деңгейін 2023 жылы аяқтауға мүмкіндік бар екендігін айтып өтті.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close