Basty bet
Табысты ел болуымыздың кепілі
Аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Рухани жаңғыру» аудандық жобалық офисі мен «Жуалы-Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру – табысты ел болуымыз дың кепілі» тақырыбында аудандық оқыту семинары өтті. Шараға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға жауапты білім беру, мәдениет және спорт саласының мамандары, БАҚ өкілдері шақырылды. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде атқарылатын іс-шаралардың барысына бағыт-бағдар беруді көздейтін семинарды аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев ашып, жүргізіп отырды. Ернұр Маратұлы бағдарламаның негізгі мақсаттары мен міндеттерін пысықтай келе, сөз кезегін Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» офисінің кеңесшісі Назгүл Шабанға берді.
Назгүл Нұржанқызы жобаның 17 арнайы жобасы мен алты бағытының әрқайсысына жекелей тоқталып, олардың мақсаты мен міндеттерін түсіндіре кетті. Мәселен, «Қазақ тілін кириллицадан латын қарпіне көшіру» арнайы жобасының мақсаты латын графикасы негізінде қазақ тілін пайдалануға кезең-кезеңмен көшуді қамтамасыз ету болса, міндеттері латын графикасына көшу процесін ұйымдастыру-әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету, кириллицадан латын әліпбиіне қайта кодтау бағдарламасының жалпыға қолжетімділігін және жаппай енгізілуін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдары арасында қазақ әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңмен көшуін сынақтан өткізу, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру аясында филологтардың біліктілігін арттыру болып табылады.
– «Туған жер» арнайы жобасының мақсаты қазақстандықтарда шынайы патриотизм сезімін тәрбиелеу болса, міндеттері білім беру, экология және абаттандыру саласында өлкетану жұмыстарын ұйымдастыру, өңірлік тарихты зерделеу, жергілікті ауқымдағы мәдени-тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру, азаматтарды туған өлкенің дамуына тарту, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу, қайырымдылық мәдениетін дамыту, өлкетану сәндік-қолданбалы шығармашылық көрмесін ұйымдастыру, туристік экспедициялық жасақтарды құру болып табылады, – деді баяндамашы.
Осы ретте ол «Туған жер» арнайы жобасының аясында биыл облыс әкімінің тапсырмасымен «Асарлатып үй салу» жобасын енгізілгенін еске салды. Сондай-ақ, 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «100 жаңа есім» арнайы жобасы аясында аталған номинацияны Жамбыл облысының сегіз азаматы иеленген. «Архив-2025» арнайы жобасы арқылы майдангерлердің өмірбаянымен, даңқты ерлік жолымен танысуға болады.
Әрі қарай баяндамашы «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі» жән басқа да арнайы жобалар мен бағыттар бойынша атқарылған және атқарылатын жұмыстарды тізбелеп берді.
Ернұр Маратұлы «Туған жер» арнайы жобасына коронавирустық пандемия кезінде ауданнан шыққан меценаттардың медициналық препарттар мен көліктерді тарту еткенін жатқызуға болатынын айта келе, мұндай қайырымдылық шараларын БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде дәріптеу керектігін еске салды. Сонымен бірге, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб, Маңғыстаудағы пір Бекет бабаларды ұмытпай, есімдерін қастерлеуге шақырды.
Оқыту семинарына қатысушылар шараның екінші бөлімінде Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» офисінің бөлім меңгерушісі Әлімжан Қалмұратовтың дәрісін тыңдады.
Шара соңында қатысушыларға Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ