Basty bet

Ұлттық тәрбие ұмыт қалмауы тиіс

Ұлттың ұлттан ерекшелігі – оның тілі, діні және ғасырлардан жеткен рухани темірқазығы, яғни салт-дәстүрі. Уақыт өтіп, заман өзгерген сайын ата-бабамыздан қалған осы «Дала заңдарын» біреу білсе, біреу біле бермейді.
Халқымыз салт-дәстүрге бай. Салт-дәстүр байлығы мәдениеттің байлығын білдіреді. Мысалы, ата-ананы сыйлау, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, т.б дәстүрге жатады. Бұдан да басқа қыз ұзату, келін түсіру, құдалық шақыру, беташар, бесікке салу, тұсау кесу, тағысын тағы. Барлығы жақсы ниетпен жақсы тілекке құрылған. Қазақтың арқа-жарқа болып амандасқанының өзі қандай жарасымды! Оның өзінде қаншама мәдениет, тәрбие жатыр?! Бұл дәстүрлеріміздің ұрпақ тәрбиесінде де алар орны ерекше.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазіргі кезеңдегі әлемдік жаһандану жағдайында заман ағымына икемделуді жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойымызға сіңіруді, ұлттық кодымызды сақтауды міндеттеді.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.
Бірақ ұлттық кодымызды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа деген сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.
Жаңғыру атауы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды.
Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі плюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» дейді.
Салт-дәстүрлеріміз – халқымыздың қымбат қазынасы. Алайда жастар олардың барлығының мән-мағынасын жете түсіне бермейді. Салт-дәстүрлерімізді жас ұрпаққа жете түсіндіретін қазыналы қарияларымыз.
Тасбастау ауылының тұрғыны көпбалалы ана Ұлбосын Сұлтанова салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, ағайын-туыс, көрші-қолаң арасында насихаттап жүретін қазыналы қарияларымыздың бірі.
Ұлбосын Сәрсенбіқызы 1941 жылы Таңшығыс ауылында өмірге келген. Әкесі Сәрсенбі Ұлы Отан соғысынан екі қолынан жараланып, мүгедек болып келген жан.
-Әкем соғыстан келген соң колхоздың малын бақты. Мүгедек болса да бізге ешкімнен нан сұратқан жоқ. Ол кісі тік мінезді, иманды кісі еді. Намаз оқитын. Әкем жүрек талмасынан 55 жасында дүниеден озды.
Анам Рәзияның отбасында жеті ағасы мен әкесі, яғни бір отбасынан сегіз адам соғысқа кетіп, сегізі де қайтып оралмаған. Сондықтан анам тағдырдың жазуымен жалғыз қалған.
Анам Рәзияның әкесі Сүлейменге тартып суырып салма ақындық қасиеті болатын.
Ақындық, сөз өнері де екінің біріне беріле бермейтін қасиет, үлкен өнер екен. Анамнан, яғни нағашыларымнан дарыған қасиет менде де бар. Алайда, көкейге өлең жайшылықта келмейді. Шабыттану үшін жаныңда сенімен айтысатын серігің болуы керек.
Бұл қасиетті дамыту үшін бойыңды таза ұстауың керек. Жаның да, ниетің де, жүрегің де таза болуы қажет. Талантты күте білу керек.
Сегіз жылдық мектепті бітірген соң екі жыл үйде жүрдім де, тұрмысқа шығып кеттім. Жолдасым Бердіғұл Сұлтанов техникумда оқып, агрономдықты бітірген. Колхозда бригадир, ферма меңгерушісі, тағы да басқа жұмыстарды істеді. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосты. Ауданға сіңірген еңбегі үшін Еңбек ардагері деген атақ берілді.
Аллаға шүкір, екі ұл, үш қызымыз бар. Алтау еді, біреуі өмірден озды.
Қолымызда Нұрлан есімді ұлымыз бен Мәдина есімді келініміз тұрады. Шаруа қожалығымыз бар. Екі бала осы шаруа қожалығының жұмысымен айналысады. Яғни, кіші ұлым Бағлан механизатор. Трактор айдап, ағасына көмектеседі.
Екі қызымыз Айбала мен Нұрбала тұрмыста. Кенжетайымыз Лаура Алматыда шет тілі пәнінен сабақ береді.
Намазымды қаза қылмаймын. Ораза айында ораза ұстаймын.
Халқымыздың салт-дәстүрлерінің барлығы жақсы ниетке, тілекке құрылған. Мәселен, шілдехана – қуаныштың, тойдың бастауы. Шілдеханаға жете алмаған жандар қаншама?! Сондықтан бұл дәстүр “дүниеге келген сәбидің денсаулығы мықты, өмір жасы ұзақ, бақытты болсын!” деген ниетпен жасалады. Отбасын құрып, бала сүю – адам баласы үшін үлкен қуаныш, бақыт.
Одан кейін бесікке салу. Бесік деген киелі. Бесікке үкі тағып қояды. Үкіні халқымыз баламызға тіл-көз тимесін, үкідей желкілдеп өссін деген ниетпен тағады. Бесіктен баланы алғаннан кейін ашық қалдырмау керек. Тартпасын тартып, жабуын жауып қойып қою керек. Және де бос бесікті тербетпейді. Бесікке салу дәстүрінің өзі қандай тамаша?! Оның өзінде қаншама игі дәстүрлер жасалады.
Ағайын-туыс, көрші-қолаң, құда-жекжаттың қуанышын бөлісу, құтты болсын айту да – біздің игі дәстүріміз. Оның барлығы бір-біріне деген құрмет, сыйластық, қонақжайлылықтың белгісі. Бұл салт-дәстүрлеріміз арқау болған той-жиынға жай барып қайту мақсат емес, осындай бас қосуда кісінің әдебін, мәдениетін, кісілігін, деңгейін көреміз.
Құдалық күткенде құдаларға құйрық-бауыр асату дәстүрі – берекенің, бауырмалдықтың белгісі. Осы сияқты дәстүрлеріміз көп. Салт-дәстүрлеріміздің қай-қайсысы болсын ұлттық тәлім-тәрбиеге тұнып тұр.
Қазақ халқы небір қиындықты бастан өткізді. Бірақ, адамдықтан, салт-дәстүрлерімізден айырылған жоқ. Қанша аш жүрсе де, ата-анасын тастаған жоқ. Қазір Аллаға шүкір тоқшылық, барлығы бар. Бірақ, адамдарда мейірім жоқ. Ата-аналарына қарағысы келмейді. Бұл – қасірет. Бұған өмір ғой деп бей-жай қарауға болмайды. Жастарға дұрыс тәрбие беріп, тезге салуымыз керек.
“Қызды қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю” деген ата-бабамыз. Себебі, қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінгі қыз – болашақ ана. Сондықтан қыз тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек.
Келін ешқашан үлкеннің алдын кеспеуі қажет. Тілі тимеуі керек. Барынша үлкендердің батасын алуға тырысуы қажет. Сонда оның өзінің де, бала-шағасының да жолы ашық болады.
Бұл өмірде ешкім мәңгілік емес. Сондықтан білгенімізбен бөлісіп, айналамыздағы келеңсіздіктерге бей-жай қарамай, түзетуіміз керек.
Салт-дәстүріміз – біздің халқымыздың байлығы. Тағылымы мол дәстүрлерімізден қол үзіп қалмауымыз керек,- дейді Ұлбосын Сәрсенбіқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close