Basty bet

Әр адам өз денсаулығына жауапты

Адам үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Деніміз сау болу үшін тазалықты күнделікті өмірдегі іс-әрекетпен байланыстырған жөн. Себебі, деніміздің сау болуы тазалыққа тікелей байланысты. Мұны әлемді шарпыған індеттен сақтану кезінде жақсы түсінген болатынбыз. Яғни, індетті жұқтырмаудың бірден-бір жолы тазалықты сақтаумен ұштасады.

Биыл жаңа жылдан бастап бүкіл әлемді әуреге салған бұл індет көп нәрсені өзгертті. Уақыттың, денсаулықтың, жақыныңның қадірін білуімізді түсіндірді. Әр нәрсенің өз құндылығы бар екенін де есімізге салды. Осы ретте, індетпен күресте мылтықсыз майданда ақ халаттылар аянбай еңбек етті. Біздің ауданның медицина қызметкерлері де өңір тұрғындарының денсаулығын бақылап, өмірі үшін күресті. Сонымен қатар, ауылдық округтергі денсаулық сақтау мекемелері де сол елді мекен тұрғындарымен тығыз байланыста болды. Әр ауылдың тұрғындарының санитарлық талаптарды сақтауын, денсаулықтарын күтуін бақылады. Дәрігерлік көмек көрсетіп, кеңестерін беріп отырды. Жалпы бұл жерлерде де қалыпты жұмыс уақыты өзгеріп, халқымыздың амандығы үшін өз үлестерін қосты.
Түркістан облысымен шекаралас Шақпақ ауылдық округіне елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты блок-пост қойылды. Блок-постта күндіз-түні желдің өтінде ауданның денсаулық сақтау қызметкерлері өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын қадағалады. Отбасынан жырақтап, өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, қызметтеріне адалдық танытты.
Жалпы Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясы 3565 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау мекемесінде барлығы 20 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде екі жалпы тәжірибелі дәрігер, яғни аға дәрігер Гаухар Аңқабаева, дәрігер Рая Ескендірқызы, бір лаборант, екі акушер, 11 медбике және екі жас маман «Жастар тәжірибесімен» жұмыс істейді.
Ауылдық округке қарасты Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы, Ынтымақ, Амансай, Шақпақ стансасы елді мекенінің тұрғындары дәрігерлік амбулаторияға келіп, қан талдауын жасап, электрокардиограммаға түсіп, дәрігердің кеңесін алады. Қажет болған жағдайда науқастың жағдайына қарай дәрігерлер тұрғындарды аудандық, облыстық ауруханаларға жолдамамен жібереді.
-Індет басталған шақта алғашқы кездері үлкен салмақ түсті. Дәрігерлік-амбулаторияда өзгерістер орын алды, – дейді Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Гаухар Аңқабаева. -Санитарлық талаптарға сай күнделікті тазалық жұмыстары атқарылды. Ауыл тұрғындарының шақыруларына дер кезінде барып, денсаулықтарын бақыладық. Тұрғындарға індеттен барынша сақ болуға, санитарлық талаптарды сақтануға шақырдық. Санитарлық талаптарға мұнда сай сүзгі кабинеті әзірленді. Мұнда ыстығы көтерілген немесе ауруы асқынған науқастар кіргізіліп, тексерістен өткізіледі. Арнайы бір медбике келушілердің ыстықтарын өлшеп, ішке қорғаныс құралдарымен кіргізіп отырды. Әлі де бұл үрдіс сақталған.
Ауылдық округ бойынша жалпы 15 адам пневмониямен, бес тұрғын ковид індетімен ауырды. Оның ішінде өкінішке орай бір адам қайтыс болды. Осы індетпен ауырған округтің қариясы (атын атамай-ақ қояйын) өзінің талпынысымен ауруды жеңіп шықты. Табандылығы мен шыдамдылығының, өмірге деген құштарлығының арқасында дәрігерлердің айтқан кеңестерін тыңдай отырып, емделіп шықты. Яғни, уақтылы тыныс алу жаттығуларын жасап, індетке қарсы тұрды. Міне, осындай қазыналы көпті көрген қариямыз қазіргі таңда арамызға аман-есен оралды.
Әлемде бұл індеттің екінші толқыны басталып кетті. Біздің еліміздің де бірқатар өңірлерінде індет өршіп тұр. Мұны баршамыз ескергеніміз абзал. Індеттің алдын алу және болдырмау үшін келген әрбір тұрғынға санитарлық талаптарды ұстануды айтамыз. Осы ретте, ауылдық дәрігерлік амбулаторияда 200 дана тұмылдырық, 45 дана обаға қарсы киім, үш дана көпретті обаға қарсы киім, 150 дана медициналық бетперде, 250 жұп медициналық қолғап бар. Сонымен қатар, бізге Амансай ауылынан Балтабаевтар жанұясы оттегі концентратын және бес пульксометрді көмек ретінде сыйға тартты. Ауыл тұрғындарының бірлігімен және Шақпақата ауылының тұрғыны Дүйсембиевтер жанұясының көмегімен тағы бір оттегі концентраты тарту етілді. Бұл біз үшін үлкен көмек. Әрі десе ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығы, көмектері.
Дәрігер ретінде мен де ешбір тұрғын ауырмаса деген тілегім бар. Ол үшін әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керек. Індетке бей-жай қарамай, немқұрайдылық танытпаған жөн. Ең бірінші медициналық бетпердені уақытымен қолдану керек. Әсіресе, қолды таза ұстау қажет. Қол жуу ережесіне сай қолды сабынмен жуып, антисептикті қолданған абзал. Күнделікті пайдалы, құнарлы тағамдарды тұтынып, спортпен айналысу керек. Таза ауада көбірек серуендеуді де күнделікті әдетке айналдырған дұрыс. Жалғыз өзіңіз серуендеуге шықсаңыз, медициналық бетпердені тағу міндетті емес. Тек қоғамдық жерлерде, адам көп шоғырланатын орындарда міндетті түрде оны тағу керек. Арақашықтықты сақтаңыздар. Егерде ауырып қалсаңыздар, дер кезінде алдын алыңыз! Балалар да таза бетпердені қолдануы тиіс. Балаларға да қарапайым сақтық шараларын үйретіп, көбінесе ұлттық тағамдарды ас мәзіріңізге қосу қажет, – дейді аға дәрігер.
Қазақ халқында «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Баршамыз дәрігерлердің кеңестеріне құлақ түріп, өз денсаулығымызды күтейік. Қарапайым санитарлық талаптарды сақтап, сақтық шараларын қолдануды ұмытпайық!

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

Таңдаулы материалдар

Close