Basty bet
«Полиция инспекторы әуелі ұстамды, шыдамды болуы қажет»
Айдарымыздың кезекті кейіпкері – Жуалы аудандық ПБ ЖПҚ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Әуезхан Әбдімомынов.
Әуезхан Әзімханұлы 1985 жылы Жуалы ауданының Қайрат ауылында дүниеге келген. 2003 жылы ауылдағы Мыңбұлақ орта мектебін тәмамдағаннан кейін Отан алдындағы азаматтық борышын Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында ішкі әскерлер құрамында өтейді.
2006 жылы туған елге оралған соң бір жылдай аудандық электр желілерін тарату мекемесінде бақылаушы болып қызмет атқарады. 2008 жылы Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінің «заң және құқық» мамандығына сырттай оқуға түседі. Сол жылы аудандық ішкі істер бөлімінің айдауылдау полициясы қызметіне айдауыл болып жұмысқа орналасады.
Айдауыл болып табаны күректей бес жылға жуық жұмыс істеген Әуезхан 2013 жылы Ақсай ауылдық округі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып ауысады. Осында халықпен тығыз байланыста қызмет істей жүріп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау ісінде ерінбей, уақытпен санаспай еңбек етеді. Тікелей басшысы, тәжірибелі полиция инспекторы Ертуған Ахметовтен көп нәрсе үйреніп, білім-білігін толықтырады. Күнделікті жұмыс барысында кездесетін жұртпен тіл табыса білу, әлеуметтік жайсыз отбасылардың тұрмысын зерделеу, олармен әңгімелесу, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында тізе қоса жұмыс атқарады. Дер кезінде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде УПИ қызмет көрсететін аумақта қылмыс және әкімшілік құқықбұзушылық деректері біршама азайды. Тұрғындармен түрлі сипаттағы кездесулер, акциялар өткізіліп жатты.
– Мен полицейдің жұмысына жас кезімнен қызғатынмын. Ауылдағы жасы үлкен Бағдат Қырғызбаев, Мұрат Айдаралиев сынды ағаларыма көп еліктеп өстім. Осында жұмысқа келуіме де солардан алған тәлім-тағылымдарым көп әсерін тигізді. Бағдат ағам ұзақ жылдар аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етсе, Мұрат ағам Алматы қаласында ішкі істер саласында абыроймен еңбек еткен жан болатын, – дейді Әуезханның өзі.
2018 жылы полиция органдарында оңтайландыру шаралары жүргізіліп, учаскелік полиция инспекторы лауазымының қысқаруына байланысты Әуезхан Әзімханұлы АІІБ Қылмысты іздестіру тобының жедел уәкілі болып тағайындалды. Бұл қызметті бір жылға жуық атқарады. Осы жылдың ішінде жедел уәкіл ретінде Әуезхан аудан көлемінде аса ауыр, орташа дәрежедегі қылмыстар санының қысқаруына өзінің елеулі үлесін қоса білді.
2019 жылдан бастап осы күнге дейін ол АПБ ЖПҚ кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі УПИ болып қызмет атқаруда. Полиция капитаны Әуезхан Әбдімомыновтың қарамағына Ақсай және Мыңбұлақ ауылдық округтеріндегі жалпы білім беретін ошақтар – Мыңбұлақ, Диқан, Байтұрсынұлы атындағы орта мектептер бекітіп берілген. Оның міндетіне аталған білім ордаларын аралап, оқушылар арасында әлімжеттік, топпен төбелесу секілді құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау, тәртіпті, мінез-құлықтарын бақылау, бейсауат уақытта ересектердің ертуінсіз жалғыз жүрмеуін, кәмелетке жасы толмағандарға сауда орындарында алкогольдік және темекі өнімдерінің сатылмауын қадағалау және тағы басқа көптеген міндеттер жатады.
Күнделікті жұмыс барысында инспектор шағын аймақтағы мінез-құлқында өзгерістер бар, құқықбұзушылыққа бейім оқушылармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, түзету, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тәртіпке бойұсынбайтын, ескертулерге құлақ аспайтын жасөспірімдерді дербес есепке алады. Бүгінде осындай үш жасөспірім инспектордың есебінде тұрады.
Биылғы жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 442-бабының 1 тармағымен, яғни түнгі мезгілде, сағат 23.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін көшеде және қоғамдық орындарда ересектердің ертіп жүруінсз жүрген 10 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарына немесе оларды алмастыратын тұлғаларға жазбаша ескертулер беріліп, тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Одан бөлек, аудан орталығындағы сауда орындарында кәмелетке жасы толмағандарға алкогольдік және темекі өнімдерін сату деректері бойынша тексерістер жүргізіледі. Жыл басынан бері осы сипаттағы бес дерек анықталып, кінәлілер тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция инспекторы, капитан Әуезхан Әбдімомынов аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның отырысына шағын аумақта тұратын әлеуметтік жайсыз отбасылар туралы материал дайындайды, оны қарауға қатысады және комиссия шығарған шешімнің орындалуын іске асырады.
– Учаскелік полиция инспекторы күнделікті халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болғандықтан, оның бойында ұстамдылық, сабырлылық, байсалдылық, кішіпейілдік секілді адами қасиеттер болуы шарт. Өмірде болып жататын түрлі жағдайларда әуелі полицей өзінің жеке басының өнегесімен басқаларға үлгі бола білуі тиіс, – дейді Әуезхан Әбдімомынов.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»