Basty bet
«Мақсатым – халықтың сенімінен шығу»
дейді аудандық полиция бөлімі ЖПҚ Ақсай ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы
Ержан Ермекбайұлы Саурықов екі жылдан астам уақыт Ақсай ауылдық округінде аға учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарып келеді. Ол 1985 жылы Жуалы ауданының Шыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінің тоғызыншы сыныбын бітіргеннен кейін, 2001 жылы Жамбыл политехникалық колледжіне «заңгер» мамандығы бойынша оқуға түседі.
Аталған оқу орнын 2004 жылы бітіріп, білімін әрі қарай жалғастыру мақсатында жас жігіт М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне «заңгер» мамандығына оқуға түседі. 2007 жылы бітіріп, еңбек жолын Маңғыстау облысында «Өзенмұнайгаз» мекемесінде бұрғышының көмекшісі болып бастайды. Одан кейін, бұрғышы, шебер, ауысым бастығы қызметтерін атқарады.
2012 жылы туған ауылына қайта оралып, ішкі істер органдарына қызметке тұруға құжаттарын тапсырды. Содан 2013 жылдың желтоқсан айында аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа қабылданады. Әуелі Бауыржан Момышұлы ауылына учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалады. Мұнда екі жыл, кейінгі екі жылда Қызыларық ауылдық округінде, ал 2016-2018 жылдары Бауыржан Момышұлы ауылында учаскелік полиция инспекторы қызметтерін атқарады.
– Заңгер мамандығын таңдауыма бала кездегі арманым себеп болды. «Өзенмұнайгаз» мекемесінде жұмыс істеп жүргенімде нағашы ағам Жаңаөзен қаласының прокуроры Манап Мырзақұловтан көп үлгі-өнеге алдым. Оның мінезіндегі адами асыл қасиеттерді өз бойыма сіңіре білдім.
Тағы бір нағашым Бектұрған Мырзақұлов Тараз қаласында жол полициясы инспекторы қызметін атқаратын. Туған інім Дәулет Саурықов алғашқы еңбек жолын құқық қорғау органдарында жұмыс істеумен байланыстырып, Жуалы ауданында жол-патрульдік полиция бөлімшесінде аға инспектор болып қызмет атқарды, – дейді Ержан.
Учаскелік полиция инспекторының басты міндеттері бекітіп берілген әкімшілік аумақта ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста болу, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар атқару, есепте тұрған тұлғалармен (маскүнемдер, отбасылық жанжал шығаратындар, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққандар, нашақорлар, соттылығы жойылмағандар және т.б.) жұмыс істеу, кәмелетке толмағандар арасында қылмысты болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізу болып табылады.
Аумақта жыл басынан бері 180 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, соның ішінде отбасылық жанжал шығарудың тоғыз дерегі, қоғамдық орындарда масаң күйде немесе спирттік ішімдікті пайдаланған 40 адам, ұсақ бұзақылық фактілері бойынша 34 тұлға, карантиндік шектеу режімін бұзған тоғыз тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ағымдағы жылдың он айында аумақта екі қылмыс орын алған. Оның біреуі Қайрат ауылында орналасқан мешіт имамының көмекшісінің қалтасынан ақша ұрлаған қылмыскер анықталып, бүгінде ол кінәсін толығымен мойындап, қылмысы ашылды. Аумақта мал ұрлығы, пәтер ұрлығы деректері анықталған жоқ. Әкімшілік аумақта екі мешіт бар, бейнекамера орнатылған. Жалпы діни ахуал тұрақты, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылар тіркелмеген.
Ауылдардың кіреберіс-шығаберістеріне бейнекамералар орнату үшін аудан әкімдігіне сұраныс берілуде.
Учаскелік полиция инспекторы ауылдық округ әкімі аппаратымен тығыз байланыста, бірлесе жұмыс атқарады. Учаскелік полиция тірек пункті жұмыс істейді. Онда инспектордың жұмысына қажетті жағдай жасалған, қызметтік автокөлікпен, екі компьютермен, байланыс құралдарымен толық жабдықталған.
– Қызметтік міндетімізді мінсіз атқаруымызға жағдай жасап отырған аудандық полиция бөлімінің басшы құрамына, бөлім бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сапиевке, бөлім бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Нұралиевке ризашылығымды білдіремін, – дейді учаскелік полиция инспекторы Ержан Саурықов.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»