Basty bet

Бас дәрігер халықты барынша сақ болуға шақырды

Сейсенбі күні аудан әкімі Нарбай Ергебековтың төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста екі мәселе қаралды.
Бірінші мәселе – аудан аумағында “COVID – 19” коронавирустық инфекциясының екінші толқынына дайындық барысы туралы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева жан-жақты баяндама жасады.

Айгүл Қалдыбайқызының айтуынша, коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық тиянақталған. Қажетті дезинфекциялық құралдар, дәрі-дәрмектер екі айға жеткілікті мөлшерде. Жансақтау бөлімінде бес орын, ауруханада 50 орындық (аталған орындар қажетті тыныс алу құралдарымен қамтылған) дайындалған.
Баяндамашы сонымен бірге облыстағы аурушаңдық жағдайға және індеттің өршімеуінің алдын алу шараларына да тоқталды.
-Жалпы ауданда жағдай қалыпты. Алайда бұл – қауіпсіз деген сөз емес. Қазіргі таңда елімізде ауырып ауруханаға түсіп жатқандардың жағдайы негізінен ауыр деген хабар бар. Яғни, вирус мутацияға түсіп, өзгеруде.
Сондықтан барынша сақ болайық. Мекемелерде кіріберісте дезинфекциялық төсеніш, антисептик міндетті түрде болуы керек. Медициналық бетперде тағып, күніне екі-үш мәрте ылғалды жинау жасалуы қажет.
Сонымен бірге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі бойынша жарна төлемеген азаматтар ертең медициналық көмек алуға келгенде қиындықтарға тап болмауы үшін сіз бен біз болып бірлесіп жұмыс істеуіміз керек,- деді Айгүл Қалдыбайқызы.
Айгүл Қалдыбайқызына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков: “Індеттің бірінші толқынында әсіресе, шарықтау шегіне жеткенде науқастар қайда, кімге барарын білмей қалған кездер болды. Аурухана қабылдамады. Ал екінші толқынға барлық медициналық мекемелер тыңғылықты дайындалды. Алайда өткен жолғы жағдай қайталанбас үшін халықты ауруханаларға қалай барады, қалай қабылданады, жалпы осы мәселемен тиісті деңгейде ақпараттандырсаңыздар” деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге “Халық денсаулығына байланысты түрлі медициналық аппараттарға түсу үшін облыс орталығына жолдама алуға аудандық емханада бірнеше есікке кіруге тура келеді. Бұл әсіресе, ауырып тұрған жандар үшін қиын. Сол себептен осы мәселені жеңілдету жолдарын қарастырдыңыздар ма?» деген сауалын жолдады.
-Індеттің болжалды екінші толқынына аудандық медициналық мекемелердің дайындығы туралы біз аудандық “Jańa ómir” газетінің бетіне жиі материал беріп отырмыз. Алайда тағы бір айтып өткеніміз артық етпейді,- деді Айгүл Айтбаева. -Аудандық ауруханада және ауыл-ауылдағы сегіз дәрігерлік амбулаторияда да қызыл аймақ бар. Яғни, ауырып келген кісі қызыл аймақпен медициналық мекемеге кіргізіліп, арнайы бөлмеде дене қызуы өлшеніп, тиісті анализдері алынады. Нәтижесі келгенше оқшауланатын арнайы бөлме бар. Анализінің нәтижесі белгілі болғаннан кейін денсаулығына байланысты арнайы көлікпен тиісті ауруханаға жеткізіледі.
Ал екінші мәселеге келетін болсақ, бұл мәселе шешімін тапты. Қазір адамдар жергілікті жері бойынша ауылдық дәрігерлік амбулаториялар арқылы да жолдама ала алады. Жолдама ешкімнің қолына берілмейді. Яғни, ешкімге мөр бастырудың қажеті жоқ. Жолдама электронды түрде беріледі. Дәрігерлік арнайы анықтама болмаса, мөр басуға кезек күтіп, сандалудың қажеті жоқ,- деді Айгүл Қалдыбайқызы.
Аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы аталған мәселелердің дер кезінде орындалуы, халықтың саулығы үшін барлық ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларын бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының басшысы, подполковник Әлішер Нұрмаханұлы баяндама жасады. Баяндамашы мемлекеттік шекараны күзетуде орын алып отырған мәселелерге, жалпы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Аудан басшысы ел іргесінің мықты болуы үшін көп болып заңсыз іс-әрекеттердің жолын кесуге, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімнің нығаюына қоғам болып атсалысуға шақырды.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close