Basty bet

Меморандумға қол қойылды

Білім сапасын арттыру басты міндеттің қатарында. Осы мақсатта күні кеше ғана аудан әкімдігінің білім бөлімі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалы арасындағы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Шара №1 мектеп-гимназия базасында аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың қатысумен білім беру саласында тікелей және өзара тиімді ынтымақтастықты орнату, әдістемелік және зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Мектеп директорларының қатысуымен өткен шараны аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев ашты.
-Құрметті әріптестер және қонақтар! Бүгін аудандағы білім мекемелерінде білім сапасын арттыру бойынша игі істің бастамасы басталғалы отыр. Ауданның білім сапасын арттыру мақсатында меморандумға қол қойылады. Меморандумның мақсаты тараптар арасындағы өзара түсіністікті қолдау және тәрбие, білім беру және зерттеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады, – дей келе, келесі сөз кезегін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалының директоры Тимур Нүркешовке берді.
– Бүгін Жуалы ауданына келіп, сіздермен бірге ауыл мектептері мен қала мектептерінің арасындағы оқушыларды теңестіру мақсатында жиналып отырмыз. Ол үшін қандай қадамға баратынымыз, біздің тарапымыздан қандай көмек көрсетілетіні жөнінде меморандум әзірленді. Алдағы уақытта меморандум аясында түрлі семинарлар өтіп, кеңестер берілетін болады. Өзара тәжірибе алмасу білім-тәрбие сапасының артуына септігі тиеді деген сенімдеміз, – деді Тимур Сейтқажыұлы.
Тараптар ынтымақтастығының негізгі, яғни оқу-әдістемелік, тәрбие, ғылыми бағыттарында және кітапхана жұмысы бойынша ортақ жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Осы бағытта жүргізілетін іс-шараларды бекіту үшін меморандумға аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалының директоры Тимур Нүркешов қол қойды.
Меморандумға қол қойылған соң аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назиля Мәдібекқызы алдағы уақытта бірге тәжірибе алмасу арқылы жетістікке жететіндеріне сенім білдірді.
Сонымен қатар, меморандумның аясында білім беру мекемелері басшыларымен оқу-әдістемелік, тәрбие, ғылыми бағыттарында және кітапхана жұмысы бойынша ортақ жоспарға сәйкес семинар өтті.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close