Basty bet
Ардагерлерге жаңажылдық сыйлық үлестірілді
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында ауданның бір топ ардагерлеріне жаңажылдық сыйлық таратылды. Сыйлықты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков және Б.Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов табыстады.
Мерекелік шара барлық санитариялық талаптар сақталып өткізілді.
Шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Аманбеков ашып, өзінің мерекелік құттықтауын жеткізді.
-Қазақ даналарынан «ескі жылға өкпем жоқ, жаңа жылдан үміт көп» деген жақсы сөз қалған. Үстіміздегі 2020 жыл да тарих қойнауына өзіндік тарихи оқиғалармен еніп бара жатыр. Тышқан жылы төрткүл дүниені шарпыған аты жаман індет бізге көптеген дүниенің қадірін білуге ұғындырды. Бұл жылы ауданның өмірінде де бірқатар жақсы жаңалықтар орын алды. Аймақта көше жөндеу, жарық орнату, тұрғындарды табиғи газбен және таза ауызсумен қамтамасыз ету тағы басқа да жұмыстар қарқынды жүргізілді. Ауданымыз жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отыр.
Биыл елдің бірлігі мен ынтымағы, бір-біріне жанашырлығы індетпен күресте айқын көрініс тапты. Қайырымды атымтай жомарт жандар туған жерге жанашырлық танытып, көмекке мұқтаж азаматтарға көмектерін созды. Ауданымыздың ауыл-ауылдарында түрлі деңгейдегі қайырымдылық шаралары өткізілді. Осындай қайырымдылық шаралары аудандағы «Бауыржан Момышұлы қоры» арқылы да ұйымдастырылды. Бұл қорға ауданның азаматтары демеушілік жасап, қаржы құйылып тұрады. Биыл да қомақты қаржы жиналып, бірқатар қайырымдылық шараларын, даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының мерейтойына арналған іс-шаралар өткізілді. Мәселен, ақындар айтысы, патриоттық әндер байқауы, қылқалам шеберлер сайысы Батырдың 110 жылдығына арналды.
Ал, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауданның 150 ардагеріне жаңажылдық сый-сияпат жасалып отыр. Бұл сыйлық сіздерге арналады. Жаңа жылды отбасыларыңызбен бірге қарсы алып, игі тілектеріңізді бір-бірлеріңізге арнап, жақсы көңіл-күйде болыңыздар,- деген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Аманбеков сыйлықтарды табыстап, естелікке суретке түсті.
Бір-біріне жақсы сөз арнап, игі тілектерін жеткізген ардагерлер де дән риза. Қазыналы қарттарымыз шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»