Basty bet

Адамды адам ететін еңбек

Әйел – ана, әйел – отбасының ұйытқысы, әйел – кәсіпкер, әйел – саясаткер тағысын тағы осындай қоғамда түрлі істің көзін тауып, басшылықта абыройлы еңбек етіп жүрген әйелдер баршылық. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін» нәзік жандылар отбасындағы тіршіліктің қамын жасаумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өмірін жанұясына жылулық сыйлаумен ұштастыра жүріп, қоғамда, белгілі бір салада ойып тұрып орнын тапқандары қаншама.Сондай жанның бірі ретінде аудандық мәслихаттың депутаты, «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлованы атауға болады.

Күлбақыт Тұрымханқызын аудан жұртшылығы жақсылықтың жаршысы ретінде жақсы таниды. Тұрғындармен етене араласып, талай істің басы-қасында жүргенін де біледі. Оның депутаттық қызметте болсын, үкіметтік емес ұйымдарда болсын аналық ақ жүрегімен көп жандарға көмек қолын созып, қайырымдылығы және көмекке мұқтаж жандар үшін шырылдап жүретіні баршаға аян. Қашанда өзі көтерген мәселенің шешімін тауып, берген уәдесінің үдесінен шығып, сенімді ақтап жүргені де белгілі. Осы ретте, жұртшылықтың көтерген мәселесін діттеген жеріне жеткізіп, халықтың алғысына бөленген Күлбақыт Айтқұловамен сұхбаттасқан болатынбыз.
-Адамның жүріп өткен жолы мен сүрген өмірі – тарих. Күлбақыт Тұрымханқызы, ең алдымен өзіңіздің өмір жолыңызға, еңбек жолыңызға тоқталып өтсеңіз?
-Рақмет. Мен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Қаратал ауылының тумасымын. Сол ауылдағы Абай атындағы орта мектептің түлегімін. Қарағанды қаласындағы ауыл шаруашылығы кәсіптік училищесіне түсіп, 1976 жылы жақсы үлгеріммен бітірдім.1980 жылы Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, үнемдеуші-ұйымдастырушы мамандығын алып шықтым.
Еңбек жолымды 1976 жылы Қаратал ауылында есепші болып бастадым. 1984 жылы Жамбыл облысының бұрынғы Красногор ауданындағы ветеринария станциясында бас есепші болып, 1988 жылдан 1993 жылға дейін ОРС НОД-4 мекемесінде есепші болып жұмыс істедім. 1993 жылдан бастап Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылына отбасымызбен қоныс аударып, аудандық тұтынушылар кооперативінде есепші, одан кейін директор, 2004 жылдан бері аталған мекеме басқармасының бастығы болып қызмет атқардым. 2009 жылы аудандық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы болып сайландым.Отбасымда өмірлік серігім Алтынбек Айтқұлов екеуміз бір ұл тәрбиелеп, одан Кербез есімді немере сүйіп отырмыз.
-Депутат – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Сіз депутаттық қызметке қалай келдіңіз?
-Менің бойымдағы ұйымдастырушылық қабілет әкемнен дарыған. Әкем Тұрымхан беделді, еңбекқор, әрі десе депутат болатын. Ел арасында жүріп, түрлі мәселе көтеріп, озат еңбек адамы болатын. Ал, мен жастайымнан алғаш еңбек жолым басталғанда-ақ адамдармен араласып, жұмыс жасадым. Жас та болсам, басшылар жауапты жұмыстар тапсырып, сенім артты. Депутаттық қызметімді Бағлан Қарашолақов аудан әкімі болған жылдары бастадым. Сол тұста партия мен халық сенім артып, алғаш әйелдер қауымынан депутат болуыма өз септігін тигізді. Аудан басшылығы да осынау жүгі ауыр жұмысты атқара алатыныма сенім білдірді. Осылайша, аудандық мәслихаттың кезекті шақырылымында депутат болып сайланып, Қарасаз ауылдық округі тұрғындарымен етене араласып бірқатар жұмыстар атқарылды. Одан кейін Б.Момышұлы ауылының №9 сайлау учаскесінен депутат болып сайландым.
-Депутат сөзбен емес, іспен жұмыс істеуі керек. Өзіңіз сайланған сайлау учаскелерінде қандай мәселелерді көтеріп, шешімін табуға атсалыстыңыз?
– Депутаттық өмірім алғашқы Қарасаз ауылдық округінде басталды. Ауылдық округтің тұрғындары маған сенім артып, депутат етіп сайлағандықтан, ең алдымен осы үдеден шығуым, жауапкершілікті сезінуім керек болды. Өйткені, халық саған сенгенде ғана ісің берекелі, нәтижелі болады. Қарасаздықтармен алғаш кездескенімде көздерінен үміт отын көрдім. Ол үміт маған күш берді.
Қарасаз елдімекенінің ынтымағы мен бірлігі, ауылдың келбеті мен тазалығы, тұрғындардың ауызбіршілігі баршамызға белгілі. Ауданның келісті, кәсіпкерлік саласы дамыған, қазыналы қариялары бар ауылының бірі. Қазіргі таңда ауылдық округ жылдан-жылға көркейіп, дамып келеді. Көше жолдары жөнделіп, жарықтандырылды. Ауылдың көптен күткен қуанышы таза ауызсу жүйесі тартылып, пайдалануға берілді. Бұл Қарасаздың қазіргі көрінісі. Ал, өзімнің депуттық қызметім алғашқы басталған жылы аталған елді мекеннің жағдайы қазіргідей жақсы емес еді. Жыл сайын кезегімен әртүрлі бастамалар көтеріліп, істер атқарылды. Оған жергілікті тұрғындар, жауапты басшылар, ел қалаулылары атсалысуда.
Жалпы, сайлаушылармен ай сайын кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдау басты жоспарға қойылды. Ауылдық округке бес ауыл қарайды, яғни, Қарасу, Көктас, Жұрымбай, Қарасаз, Ақбастау ауылдары. Ауылдарды аралап, қандай мәселенің бар екендігі зерделенді. Содан алғаш болып 2013 жылы Қарасу және Көктас ауылдарына газ кіргізілуіне атсалыстым. Сонымен қатар, Ақбастау ауылындағы Б.Майлин атындағы орта мектептің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, 40 млн теңгеге мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстың басы-қасында жүріп, сапалы орындалуы қадағаланды.
Тағы бір осы ауылдық округтегі мәселе, мәдениет үйінің жоқтығы еді. Қарасаз ауылында мәдениет үйі бар, бірақ қараусыз, пайдаланусыз тұр. Неге бұлай? Әр ауылда мәдениет үйі болу керек емес пе?! Ғимарат ауылдағы кооперативтің иелігіне өтіп кеткен. Бұл мәселені зерделей келе, келісіммен 6 млн теңгеге кооперативтен ғимаратты мемлекет меншігіне сатып алынды. Сатып алғанымен бірден ғимаратта жөндеу жұмысын жүргізе алмай, бір жылдай бос тұрды.
Жанымызға батқан үлкен мәселенің шешімін шешу үшін ауданымызға іс-сапармен келген генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа мәдениет үйінің жағдайын, оны қандай күшпен алғанымыз туралы хат жазып, өтініш білдірдік. Ел ағасы сөзімізді жерге тастамай, мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өткізілуіне 40 млн теңге бөлуіне көмегін тигізді.
Мәдениет үйінің құжатын әзірлеу де оңай шаруа болмады. Сол кездегі Қарасаз ауылдық округінің әкімі болған Ерғали Өтемісұлы да құжаттарды рәсімдеуге көмегін берді. Осындай тынымсыз тірліктің арқасында бүгінгі күні Қарасаз ауылындағы мәдениет үйі көптің рухани азық алатын орнына айналды.
Халыққа таза ауызсу, табиғи газ, сапалы жол және көше жарықтары керек. Осы ретте, ауылдық округтегі елді мекеннің көптеген жолдары жөнделді.
Қарасаз ауылына Көктас ауылынан оқушылар тасымалданып оқиды. Осы екі ортадағы ауылдарды жалғайтын көпір аппатты жағдайда еді. Көпірдің жағдайын аудан басшылығына жеткізіп, олар зерделеніп, 17 млн теңгеге Көктас ауылындағы көпір мен жол жөнделді.
Округтің ауызсу құрылысын жүргізудің құжаттарын әзірлеуге септігім тиді.
Сондай-ақ, Жұрымбай ауылындағы медициналық пунктің құрылысы аяқталғанша жұмыстың сапалы аяқталуын бақыладым.
Ал, 2016 жылы аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымында №9 сайлау учаскесінен сайландым. Бұл сайлау учаскесінің тұрғындары да өз мәселелерін, көкейіндегі сұрақтарын көтерді. Олардың да уақтылы орындалуына ықпал жасап, бұл аймақта жол жөнделіп, көшеге жарық кіргізілді.
-Депутат қандай болуы керек? Өзіңізден кейін депутаттық қызметке келетін жастардан не күтесіз?
-Депутат халықтың мұң-мұқтажын тыңдай алатын, мәселесін шеше алатын жан-жақты тұлға болуы керек. Өз ісіңе жауапкершілікпен қарап, қызмет, атақ үшін емес, халық үшін жұмыс істеу қажет. Жұртшылықтың арасында жүріп, олардың ойларындағы түйткілді мәселесін, сұрағын тыңдап, діттеген жеріне жеткізу қажет. Ең бастысы, халықтың сенімін ақтау керек. Сенім – деген ұлы күш.
Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Осы мақсатта саған сенім, үміт артқан халықтың ұсынысын жерде қалдырмау қажет.
Алла қаласа, биыл менің депутаттық қызметім аяқталады. Абыройлы еңбек еткен біз аға буын өкілдері тізгінді жастарға тапсырамыз. Бұл қызметке келетін жастар өзімшілдікке бой алдырмай, туған жерінің көркеюі мен дамуы үшін еңбек етсе деп тілеймін. Жастар қауымынан зор үміт күтемін. Көтерген мәселелері дер кезінде орындалып, халықтың үдесінен шықса деген тілегім бар. Жүректері халық деп соқса деймін. Ізденімпаз, жан-жақты, ашық, тез тіл табыса алатын, жаңашылдыққа бет бұрған жан болса нұр үстіне нұр. Кез келген ортаға мінезіңмен, өнегелі ісіңмен сыйлы болатынын ұмытпағандары абзал.
-Сізді тек депутат қана емес, сонымен қатар әйелдер қауымының жанашыры, қайырымды істердің жаршысы ретінде білеміз. Осы ретте, аудандағы белсенді үкіметтік емес ұйымның бірі «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігін ашудағы мақсатыңыз қандай?
– «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қазақ халқында жақсы сөз бар. Бұл сөздің астарына үңілер болсақ, үлкен мән-мағына жатыр. Яғни, әйелдер қауымымен жұмысым аудандық «Іскер әйелдер» қауымдастығында төрайым болып жүргенімде жақсы таныс болдым.
Қоғамда отбасында зорлық-зомбылық көретін, тұрмыстың тауқыметін тартып жүрген әйелдер қауымы қаншама. Осындай жандармен кездесіп, олардың жан жарасына ана, әйел ретінде үңілдік. Ауыл-ауылды аралап, әйелдермен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын, әйелдің отбасындағы рөлі туралы айтылып, түрлі кеңестер берілді. Әйелдердің қоғамдағы рөлін, гендерлік саясаттың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Осындай түйткілді мәселелерді, өмірлік оқиғаларды көре келе, үкіметтік емес ұйымның жұмысын қолға алған жайым бар. Яғни, 2014 жылы «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігі ашылды. Осы тұста, төрт, яғни «Мехрибан шаңырақ», «Жуалы Шапағат», «Жуалы береке», «Жастар самұрық» атты қоғамдық бірлестіктерін ашуға ықпал етілді. Бұл қоғамдық бірлестіктер аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әлеуметтік конкурстарға қатысып, аудандағы қоғамдық жұмыстардың басын-қасынан табылуда. Оның бірі ретінде 2017 жылы «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне 65 қарияны аман-есен апарып, алып келгенімізді айтуға болады.
Одан кейін 2019 жылы үкіметтік емес ұйымдарды біріктіру мақсатында «Азаматтық орталық» ашылды. Орталықта үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен төрайымдарына компьютерлік сауаттылық, түрлі есеп-қисаптар жүргізу, құжаттар рәсімдеу тағы да басқа құнды дүниелер үйретілді. Жақында ғана «Азаматтық орталықта» «Ашық есік» күні өткізілді. Бұл шарада әр саланың мамандары өздеріне қайырылған тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Алдағы уақытта «Ашық есік» күнін өзге ауылдарда өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл «Үздік жоба» байқауы ұйымдастырылды.
«Ауыл-онлайн» жобасымен грант ұтып алынып, үш ай ауылдарды белгіленген кестеге сай аралап, тұрғындар Назгүл Үсіпәлі деген маманнан компьютерлік сауаттылықты меңгерді. Бұл кезеңде шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатылды.
Қоғамдық бірлестікте бұл уақытқа дейін 30-ға жуық қабылдаулар өткізілді.
Халық кез келген істе сауатты болуы керек. Іздеген сұрағының жауабы да шешімі де табылуы тиіс. Кейде олардың мәселелері шешілмей, сұрақтарының жауабы табылмай, есіктерді қағумен жүйкесі жұқарады. Осындай мезетте көмекке мұқтаж азаматтарға көмек қолын созып, мәселесін шешіп беруге үкіметтік емес ұйымдар да көмектеседі. Осы мақсатта ашылған аталған үкіметтік емес ұйымның жұмысын алдағы уақытта жалғастыра беретін боламыз.
-Өмірден не түйдіңіз? Өмірлік ұстанымыз қандай?
-Өмірден ең бірінші адал еңбек ете білу қажеттігін түйдім. Еңбек сүйген адамның абыройы асқақ болады. Сондықтан әрбір істі шын жүрегіңмен жасай білген жанның абыройы асқақтап, беделі арта түспек. Қандай іс жасасаң да, таза ниетіңмен, жүрегіңмен істеу қажет. Өмірдегі ұстанымымда осы адал еңбекпен, қайырымдылықпен, түзу ниетпен ұштасады. Сөзімді қорыта келе айтарым, адамды адам ететін еңбек.

Сұхбатты жүргізген
Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close