Qoǵam

Зайырлы қоғам жолында

Зайырлылық ұстанымы құқықтық мәселе, сонымен қатар, оның болмысқа қатысты қыры да бар. Себебі, мемлекет те, дін де – адамсыз бос ұғым.
Зайырлы мемлекет – мемлекетті шіркеуден бөлу нәтижесінде пайда болған, қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты.
Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады.
Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Діни мерекелер халықтың дінге сенуші бөлігіне қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс күні ретінде бекітілген. «Зайырлы» сөзі араб тілінде «захири» (зайырлы) яғни «ашық, сыртқы» деген мағыналарда қолданылады. Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені, дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ.
Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, ел дамуының бүгінгі кезеңінде екi тараптың өзара бiрiгiп әрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор.
Бұл жерде мемлекет мынадай қағиданы басшылыққа алуы тиіс: ол қоғамдағы діни бірлестіктерді реттейтін өз шекарасының аумағын тарылтпауы керек және еліміздің негізін құрап отырған халықтың дәстүрлі дініне басымдық беруі қажет. Өйткені, қоғам мен дінді бір-бірінен бөлудің мүмкін емес екендігін ескерер болсақ, мемлекеттің діни салада белсенді түрде реттеуші болуы тиіс екендігі талас тудырмасы анық.
Қазақстан жері – бүкіл әлемдік діндердің: буддизмнің, христиандықтың және исламның, зороастризмнің де, иудаизмның да тоғысқан жері. Біз өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген әлемдік дүниетанымдардың тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазақ халқы діни көзқарасы мен діни наным-сенімі айқын да терең, ұлттық және діни мәдениеті өте жоғары, иманды, имани түсінігі мол әлемдегі санаулы ұлттардың қатарына жатады. Ислам ғасырлар бойы қазақ халқының, оның мемлекетінің тірегі, жүрер сара жолы болып келді. Исламды қабылдап, Аллаға шын жүрегімен берілген біздің арғы тегіміз, ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгілерін қалдырып кетті. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы сәттен-ақ зайырлы қоғам құру мақсатында көптеген істер атқарды, ал бүгінде зайырлылықты күннен-күнге нығайту үстінде. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін, елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері егемен мемлекетті біркісідей мойындады. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттің тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Тәуелсіздік алған 29 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі, біздің шыққан биігіміз – елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десем, артық айтқандық болмас. Біздің Республикамыздың дінаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі.
Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадірінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Қазақстан зайырлы мемлекет болғаннан соң оның негізгі басымдықтары адамдардың өз құқықтарына беріледі. Құқықпен қорғалған және сол берілген құқықты жақсы пайдалана білетін адам, қоғам, мемлекет қана жоғары қарқынмен дамиды. Жалпы, құқықтық мемлекет – конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет екені белгілі. Құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет. Құқықтық мемлекет идеясының сан ғасырлық тарихы бар. Ол сонау ежелгі дәуірден бастау алады. Қазіргі ғаламдық әлемде құқықтық мемлекет тұжырымдамасы мемлекет, қоғам және азаматтың арақатынасын қалыптастырудың әмбебап идеалы болып отыр.

Затыбек Пашенов,
Шақпақ ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close