Basty bet

Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің…

Ауру айтып келмейді. Төтеннен келген коронавирустық инфекция талай жанның өмірін қиып, тұрмысымызға елеулі өзгерістер әкелгені белгілі. Екі дүниенің сардары, Мұхаммед пайғамбардан (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеткен хадисте: «Адамдардың көбі дер кезінде қадірін білмей алданып қала беретін баға жетпес екі бірдей нығмет – денсаулық пен бос уақыт» екені айтылған. Шыны керек, көпшілігіміз ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біле бермейміз. Ауырғанда барып: «денсаулықтың қадірін білмеппіз. Күтіну керек еді, сақтанып жүру керек еді» деп өкініп жатамыз.

Коранавирустық инфекцияның алғашқы таралуы тұсында елімізде мыңдаған адам аталған ауруды жұқтырды. Ауруға ем таппай, дәріханалар мен ауруханалардың төңірегін жағалағандарды да көзіміз көрді. Аты жаман кеселді жұқтырғандар біздің ауданда да тіркелді. Аудандық орталық аурухананың мәліметінше, «COVID-19» вирусымен аурухананың жансақтау және жұқпалы аурулар бөлімінде (кейіннен провизорлық стационар болып жабдықталды) 100-ден аса науқас ем алыпты.
Коронавирустық инфекция жұқтырып, қауіпті вируспен ауырған отбасылардың бірі – Б.Момышұлы ауылының тұрғындары Жорабек Қадырбеков пен Әсия Тұралиеваның отбасы.
Әсия Әнуарбекқызы медицина қызметкері. Ол 2001 жылдан аудандық орталық ауруханаға қарасты емханада медбике болып жұмыс істейді. Бәрін басынан бастасақ, ауданда тұрғындар арасында коронавирустық инфекция тарала бастаған тұста медбике Ә.Тұралиева емхананың қызметкерлер кіріп-шығатын есігінде кезекші болып бекітіліп, сонда біраз уақыт жұмыс жасаған. Қауіпті инфекцияны сол жерден жұқтырған. Жалпы қауіпті ауруды қалай жұқтырып, қалай ем алғаны туралы бізге отағасы Жорабек Қадырбеков айтып берген еді.
-«Ауру айтып келмейді» дегенге өзіміз қатты ауырғанда көз жеткізгендей болдық. Келіншегім Әсия аты жаман індетті ауруханада кезекші болып жұмыс істеген тұста жұқтырды. Әлі есімде, шілде айының 13-і күні бізді аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің медбикесі шақырып, тексерді. Содан екеумізді рентгенге түсірді. Менің өкпемнің 65 пайызы қабынса, Әсиядан коронавирустық инфекцияның белгілері анықталды. Бізді жеделдетіп облыс орталығындағы провизорлық орталыққа апарып, онда қайтадан ПТР тестілеу алды. Екеумізден де ауру анықталды. Дәрігерлердің нұсқауымен екеуміз екі бөлек мекемеде ем қабылдадық. Мені пульмонология бөліміне жіберді. Сонда жатып ем қабылдадым.
Аурудың бір ерекшелігі, науқас адамның демалуы қиындай түседі, дене қызуы жоғарылайды екен. Басқа да ауыртпалықтары өз алдына. Екі күн дем жетпей қатты қиналып, жансақтау бөлімінде жаттым. Дәрігерлердің жақсы ем-дом тағайындап, бар ынта-шынтасымен емдегенінің нәтижесінде жазылып шықтым. Ауруханада 15 күндей ем қабылдадым.
«Сақтансаң, сақтайды» деген сөздің растығына өзіміз ауырғанда барып, бір-ақ білдік. Енді өз басымның аты жаман ауруды қалай жұқтырғанымды айтайын. Ешкімнен көрмеймін, бар кінә өзімнен болды. Айша бибі ауылында тұратын туған нағашым пневмониямен қатты ауырып, осы аурудан көз жұмған болатын. Нағашымның қайтыс боларынан екі күн бұрын барып, көңілін сұрағанмын. Одан кейін қайтыс болған соң ақтық сапарға шығарып салуында да сонда болдық. Қаза болған жерде туған-туыстың, құда-жекжаттардың да көп жиналатыны бәрімізге белгілі. Маусым-шілде айларында қауіпті инфекцияның да адамдар арасында көптеп таралғанын біле тұра осындай қауіпті қадамға бардық.
Оның бірден-бір себебі, біздің халқымыздағы қазақи дәстүр. Қаза орын алған қаралы үйге көңіл айту ата-бабаларымыздан ежелден келе жатқан дәстүр. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол»-деп ұлы Абай қайғы туралы жеріне жеткізіп айтқандай, жақын-жуық адамдар қара жамылған үйге басу айтып, сабырға шақыру үшін баратыны белгілі. Алайда қауіпті індет тараған уақыттағы күрделі ахуалды да терең ескерген жөн сияқты. Бұл бір. Мұның екінші жағы да бар. Құдай бетін аулақ етсін дейміз. Десек те, ауруды жұқтырған адам оны екінші адамға жұқтырады. Ол басқа адамға тасымалдайды. Міне, адамдар арасында аурудың кең таралып, көбейіп кеткені де сондықтан. Қандай жағдайда да жеке бастың саулығын ойламай, қоғам мүшелерінің де саулығы мен қауіпсіздігін терең ойлаған жөн,- дейді Жорабек Мамырұлы.
Айтса айтқандай, батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны да түсінікті. Аурудың алдын алмай, оның салдарымен күрескен бұл отбасы облыс орталығында емделіп, үйіне оралған соң ешқайда шықпай тағы да емделіп, барынша күтінді. Сырттан ешкім келген жоқ, өздері де көпшілік жиналған орындарға барудан бас тартты. Соның нәтижесінде олар ауруды жеңді. Тамақтану және демалыс режімін барынша сақтады. Құнарлы тағамдармен тамақтанды. Олар қазан айында облыс орталығындағы оңалту орталығында тағы да қосымша ем алып, тексеріліп, аурудан толықтай айыққандарына көз жеткізді.
-Шыны керек, алғашында мұндай қауіпті індеттің бар екеніне сенген жоқпыз. Ауруға атүсті қарадық. Денсаулықтың зор байлық екенін қауіпті індет жұқтырғанда барып бір-ақ түсіндік. Деніміздің сау болуына, саламатты өмір салтын сақтауға ең алдымен әр адамның өзі тікелей жауапты. Денсаулығың болмаса, басқа дүние мүліктің қажеті болмай қалады екен. Қатты ауырып, жедел жәрдем көлігімен облыс орталығына бізді алып кеткен кезде жеңіл көлігім аурухананың алдында қалды. Үйіміз де құлыптанбай ашық қалды. Үйді көршілерге табыстап кеттік. Мал-мүлікке қарайтын шамамыз жоқ. Тек жанымыз аман қалса екен деп тіледік. Қорыта айтқанда, денсаулықтың қадірін ауырғанда түсініп жатырмыз. Лажы болса, ауырмаудың, одан сақтанудың жолдарын қарастырған жөн. Сақтық шаралары өз басымыз үшін ғана емес, айналадағы жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін ауадай қажет. Ауырмайық, жақындарымызға жанашыр болайық,- дейді Жорабек Мамырұлы.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close