Basty bet

Ортақ мақсатқа жұмылуда

Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің аумағын қамтитын Ақтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясының құрамына бес ауылдың медициналық пункттері кіреді. Олар – Жаңаталап, Ақтөбе, Теріс-Ащыбұлақ, Қызыларық және Алатау медпункттері. Амбулаторияның тіркелімінде тұрған халық саны 4 240 адамды құрайды.

Дәрігерлік амбулаторияға 2013 жылдан бері Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінің түлегі, жалпы тәжірибелі дәрігер Индира Момынова басшылық етіп келеді.
Екі ауылдық округтен мекеменің диспансерлік есебінде тұратын науқастар саны – 618 адам, соның ішінде қан қысымымен 313, бронхиалдық астмамен 8, асқазан-ішек жолдары 3, қаназдық 0, қант диабеті 60, онкологиялық аурулармен 23, созылмалы өкпе демікпесі 19, ми қан айналымының жіті ауырымен 21, созылмалы жүрек жетіспеушілігі 7, ревматоидный полиартрит 10, Бехтерев ауруы 2, бауыр шемені 1, Крон ауруы 1, созылмалы остемиелит 2, психикалық аурулар 34, наркологиялық аурулар 34, алкотәуелділер 15 адам бар. Әлеуметтік маңызды ауруларға жататын науқастардың барлығы шұғыл жағдайда тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Одан бөлек, І, ІІ және ІІІ топтағы ересек мүгедектер саны 86, мүмкіндігі шектеулі бала саны 27, жүкті әйелдер – 34, соның ішінде жоғары тәуекел тобында – 7 әйел, ауған соғысының ардагерлері – 4. Әсіресе, бір және бес жасқа дейінгі балалар ерекше бақылауда болады. Босанатын әйелдер денсаулық жағдайына қарай, облыстық және аудандық деңгейдегі перзентханаларға жолданып отырады.
– Бізде жыл сайын халықтың өз денсаулығын тексеру мақсатында скринингтік зерттеулер өткізіледі. Қыркүйек айынан бастап екі ауылдық медициналық пунктте Жаңаталап және Қызыларық медпунктеріне жалпы тәжірибелі дәрігерлер жұмысқа қабылданды. Осыған байланысты айына бір мәрте кесте бойынша ауылдарға шығып, медпункттерді аралаймыз. Оған аға дәрігер, аға медбике, акушер, зертханашы және скринингке жауапты медбике қатысады. Зертханашы қан және несеп талдауын алады. Тексеру нәтижесінде ем-дом тағайындап, Д есепке аламыз.
Осындай тексерулердің нәтижесінде жыл басынан бері қант диабетіне шалдыққан үш, глаукомамен бір және тоқ ішек ауруымен 1 науқас анықталды. Әйелдер арасында жатыр мойны обыры мен сүт безі обыры анықталған жоқ.
Аралау кезінде жергілікті жерлердегі медперсоналға нақты және әдістемелік көмек көрсетіліп, проблемалық мәселелерге баса назар аударылады.
Мекемеде жалпы қан, қан-несеп талдауларын жасайтын зертхана, ЭКГ аппараты бар, тұрғындар ол үшін аудан орталығына сабылмайды. Материалдық-техникалық жабдықтау жақсарып келеді. Жаңалатап және Қызыларық МП-не жаңа ЭКГ аппараттары берілді. Дәрігерлік амбулаторияда және «Қызыларық» МП-нде пульсоксиметр бар. Пульсоксиметрмен ЖРВИ, өкпенің қабынуы жағдайында өкпенің тыныс алу жиілігі өлшенеді.
Амбулатория «Даму МЕД» медициналық ақпарат жүйесіне қосылған, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттары базаға енгізілген. Барлық дерлік емделуші смартфондарына «Даму МЕД» және «Сақ бол!» қолданбаларын енгізген. Осы қолданбаны пайдаланып, тұрғындар үйде отырып, дәрігердің кезегіне жазылу, кеңес алу мүмкіндігі бар. Менің қабылдауыма балалар, диспансерлік есепте тұрған науқастар жазылып, келеді,- дейді аға дәрігер Индира Момынова.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін насихаттау жүйелі түрде жүргізілуде. Тұрғындар аталған жүйенің маңыздылығын түсінеді. Оны уақтылы төлеу керектігін, сақтандырылмаған жағдайда, адам тек шұғыл дәрігерлік көмекке ғана қол жеткізіп, білікті медициналық көмек ала алмайтынын жақсы түсінеді. Қараша айында 4 240 халықтың 668-і сақтандырылмаған болса, жүргізілген түсіндіру шаралары нәтижесінде бүгінгі таңда сақтандырылмағандар саны азайып, 550-ге жетті. Жыл соңына дейін барлық азаматтардың сақтандырылады деген ойдамыз. Азаматтар өзінің жауапкершілігін жете сезінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Дәрігерлік амбулаторияда бүгінде 23 маман еңбек етеді, соның ішінде үш дәрігер, бір зертханашы, 16 орта және 2 кіші буынды медициналық қызметкерлер.
Коронавирус пандемиясы мекеменің күнделікті жұмыс ырғағына елеулі өзгерістер алып келді. Емделушілер «қызыл» және «жасыл» аймақтарға бөлінеді. «Қызыл» аймақтағы сүзгі кабинетінде медбике ыстығы көтерілген науқасты қабылдап, тіркейді. Осында науқасты дәрігер қарайды.
69 бір реттік ЖКҚ, бетперде және қолғаптар жеткілікті көлемде. Дезинфекциялау құралдары, ыстық түсіретін, вирусқа қарсы препараттар жеткілікті көлемде. COVID-19 инфекциясы өршіген тұста бізде бірде-бір науқас тіркелмеген. ЖРВИ және өкпенің қабынуы ауруларымен ауырған төрт науқас тіркелді, оларға тиісті диагностикуалық шаралар жүргізіліп, тиісті ем-домын алып, амбулатория жағдайында емделіп, сауығып шықты.
Аумаққа сырттан келетін азаматтар болған жоқ. Оқу орындарының қашықтан оқып жатқан 15 студенті есепке алынды, денсаулық жағдайы бақылауда болады.
Аға медбике Татьяна Вишневскаяның жұмыс өтілі 36 жылды құраса, медбике Дүйсенкүл Құлтаева, Гүлжәмила Хожашева 20 жылдан бері еңбек етуде. Акушерка Нұрсұлу Құлжанова, аймақтық медбикелер Нұргүл Жолдасбекова, Дариға Әбілдаева, Клара Көптілеуова, зертханашы Ерхан Шынтай, Жаңаталап МП дәрігері Дилрабо Сайдалиева, фельдшер Рысбек Жалғас, Ақтоған МП Роза Тұрдықұлова, Күркіреусуда Перизат Көшкінбаева, Ақтөбе ФАП-да акушер Ғалия Әкімқұлова, аймақтық медбике Айгерім Дәулет, Қызыралық МП-де дәрігер Жамшид Сейдалиев, федьдшер Гүлнұр Сейсебаева, Сұрым МП-де Назира Әсібекова, Алатау МП-нде аймақтық медбике Гүлнар Әбдіхалықова, Теріс Ащыбұлақ МП-де аймақтық медбике Ләззат Хасенова жұмыс істейді.
Дилрабо Сайдалиева Жаңаталап МП-нде қыркүйек айынан бері жұмыс істейді. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетін «жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша бітірірген. МП-не 702 адам тіркелген. «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен келген жас маман.
Еңбек ұжымының ынтымағы мен бірлігінің, күш-жігерін ортақ мақсатқа біріктіруінің арқасында мекеме алдына қойылған міндеттер мен межелерге қол жеткізіп, халықтың денсаулығын нығайту бағытында еселі еңбек ете береді.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close