Basty bet
«Jańa ómir»: кеше, бүгін, ертең»…
Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында редакция ұжымының ұйымдастыруымен аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында «Jańa ómir»: кеше, бүгін және ертең» атты іс-шара өтті. Оқырмандармен еркін пікір алмасуға, алдағы бағдарларға арналған жиынға аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы келіп қатысты.
Кездесудің мақсаты – газеттің әрбір нөмірі тарих, яғни, өткен әрбір апта мен айларда, жылдарда «Не болды? Ауданға кімдер қонаққа келді? Кімдер басшы болды? Тәуелсіздік жылдары халықтың жағдайы қандай болды?» деген көп сұрақтардың жауабын редакция мұрағатындағы газет беттерінен табуға болады. Алайда «Ол газет қалай шығып жатыр? Газеттің басынан қандай жағдайлар өтті?
Онда кімдер қызмет етті?» оны да көп оқырмандар біле бермейді. Сондықтан газет тарихына бір сәт үңіліп, шолу жасап, бүгінгі тыныс-тіршілігімізге тоқталып, болашақ бағыт-бағдарларымызбен бөлісу және оқырмандардың ұсыныстарын негізге алу.
Кездесуді Жуалы аудандық «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, Перизат Шымыртайқызы ашып, жүргізді. Алғашқы сөз аудан әкімі Н.Ергебековке берілді.
-Қадірлі ардагер қаламгерлер, редакция алқасы және оқырмандар!
Сіздерді алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Өздеріңізге белгілі, Тәңірден жеткен тәтті сый – тәуелсіздігіміздің жөні бөлек, маңызы ерекше. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, армандаған тәуелсіздікке қолымыз жетті. Келер жылы төл тәуелсіздігімізге 30 жыл толғалы отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өмірге келген балалар қазіргі таңда қызметке келіп, жемісті жұмыстар жасауда. Біз әрине, бұған қуанамыз.
Батырлар мен генералдарды, ақындар мен жазушыларды, спорт саңлақтарын бауырында тербетіп өсіріп, түлеткен қасиетті Жуалы ауданы да төл тәуелсіздігімізбен бірге түлеп, өсіп-өркендеп, қарышты даму жолына түсті. Аудан аумағында балабақша-мектептер, денсаулық сақтау нысандары, ауызсу мен газ құбырлары тартылып, тұрғындардың игілігіне берілу үстінде. Сонымен қатар, туристік нысандар бой көтеруде. Жыл санап халықтың тұрмысы да жақсарып келеді.
Қасиетті Жуалының даму көрсеткіштерін, экономикалық өсуін нақты көрсеткіштермен көрсетіп, оның ішінде ауыл еңбеккерлерін, басқа да салаларда аянбай тер төгіп жүрген адамдардың күнделікті өмірін шебер суреттеп, ауданымыздың айнасына айналған «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газетінің орны бөлек. Өткен жылы біз ауданның қоғамдық өмірі мен қасиетті өлкенің қарт шежірешісіне айналған «Jańa ómir» басылымының 85 жылдығын атап өткен болатынбыз.
Шын мәнінде аудандық газетті ауданның өткен тарихын, халықтың тұрмысын, айтулы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын тасқа басып, келешек ұрпаққа қалдырып келе жатқан үлкен шежірелі көмбе деп атасақ артық етпейді.
«Қаламгерлер – табанды ерлер» демекші, аудандық газеттің осынау қара шаңырағында жұлдызы биік өлкеден түлеген қайраткер жазушылар Құрманбек Сағындықов, Бақытжан Момышұлы, Амангелді Ормантай, сонымен бірге, қазіргі таңда қалың елге танымал қаламы қарымды журналист-жазушылардың үлкен шоғыры жұмыс істегені белгілі.
«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ»,- деп Халық жазушысы, қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, редакторлардың редакторы болған Шерхан Мұртаза жазып қалдырғандай, аудандық «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газеті жуалылық жұртшылықтың талай буынын тәрбиелеп, жергілікті халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін абыроймен атқарып келеді. Газеттің қара шаңырағы алдағы уақытта да қаламгерлердің бірнеше буынын түлете береді деген сенім білдіремін.
Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатовтың: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты»,- деген сөзі әлі күнге дейін өз маңызын жоймағаны анық. Сондықтан біз үшін ауданымыздың күнделікті өмірінде баспасөздің алатын орны жоғары болып қала береді. Қалам ұстаған журналистер қауымының жазарлары көп болсын дегім келеді. Әрдайым шығармашылық табыстың көкжиегінен көріне беріңіздер,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Келесі кезекте аудандық «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Перизат Шымыртайқызы газеттің өткені мен бүгіні туралы, алдағы бағдарларына арналған көлемді баяндама жасады.
-Журналистік қызмет – ой еңбегінің жемісі. Әр мақала маңдай термен келеді. Еңбекқорлық тілшілер қауымына да тән қасиет. Бұл редакцияда аға буын қалыптастырған сара жолды ізбасарлары Шералы Шөкенов, Базар Қилыбаев, Мырзай Нұрабаев, Амангелді Ормантаев, Ораз Елшібаев, Карл Кистер, Әбдібек Қоңырбеков, Қасым Әзімханов жалғастырды. Газет материалдарын қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға екі тілде бірдей аударатын Икрамбай Тұрғымбеков редакциядағы басты тұлғалардың бірі болды. Республика көлемінде танымал болған белгілі қаламгерлер – Қазақстан журналистер одағының хатшысы Рақым Сатаев, Алматы теледидарының бас редакторы Жаңабек Тоқпанов, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі Мақұлбек Рысдәулетов, танымал жазушы Әміртай Бөриев, Жақсылық Жүнісов біздің газетімізде алғашқы туындыларымен көрініп, студенттік практикаларын осында өткізген.
70-жылдары «Жаңа өмір» газеті көптеген талант иелерін қанаттандырып ұшырды. Осы газетте жеті жыл қызмет істеген Қасым Әзімханов бүгінде республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан журналистикасының қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Алғашқы тырнақалды туындылары осы газетте жарияланған Толымбек Әлімбекұлы қазір елімізге кең танылған сатирик-ақын, Жуалылық сатирик-жазушы, белгілі тележурналист, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге сүбелі үлес қосып отырған танымал азамат.
1987 жылы редакцияның ардагері Әбдіғапар Айтоқұлы зейнет демалысына шыққаннан кейін бір жылдай аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған Александр Коробкин басқарады. 1989 жылдың ақпан айы мен 1994 жылдың наурызына дейін «Жаңа өмір»-«Новая жизнь» газетінің бас редакторы болып ҚазМУ-дің түлегі, талантты ақын Мырзахан Ахметов істеді. Бұл кезде редакция әдебиет пен өнерге, журналистикаға икемі бар кілең жас кадрлардан жасақталып газеттің мазмұны жаңаша сипат алды. Сол кезде қызмет еткен жергілікті қаламгер Мейірбек Мәтенов, Жамбылбек Шоқыбасов, Амангелді Ормантаев, Ақылжан Мамытов, Любовь Фоминская, Гүлмира Дембаева, Талғар Сейталиев, Бауыржан Үсенов, Ризагүл Темірбекова газеттің белді тіректеріне айналды. Небәрі 31 жасында өмірден өткен талантты ақын Бауыржан Үсенов газет бетінде әдебиет және өнер, мәдениет мәселелерін қозғап отырса, жас журналист Ақылжан Мамытов ауыл шаруашылығындағы проблемаларға терең үңілуге талпынған еді. Газеттің жауапты хатшысы, жалт еткен жасындай қысқа ғұмыр кешкен Талғар Сейталиев газетті полиграфиялық жағынан көркем етіп безендіруге күш-жігерін салды.
«Jańa ómir» қай кезде де талабы таудай, сөз өнерінен, жыр әлемінен өз орнымды алсам деген таланттарға қамқоршы болып қанат қақтырған.
1994 жылы наурыз айында болған жергілікті мәслихаттардың сайлауында редактор Мырзахан Ахметовтың жаңадан жасақталған депутаттар корпусына басшы болып сайлануына байланысты оның орнына Мейірбек Мәтенов тағайындалды.
Мейірбек Мәтенов бұл редакторлық қызметті ширек ғасырға жуық атқарды. Ол басшылық тізгінін алған алғашқы жылдары қоғам өміріндегі қиыншылықтар газет шығару ісін де айналып өтпеген еді. 1998 жылы алғаш аудандық газетке 1 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, компьютерлік теру, беттеу машиналары сатып алынды. Бірте-бірте редакцияның материалдық-техникалармен жабдықталуы жаңара түсті, газет шығару ісі едәуір жеңілдеді.
Бүгінде «Jańa ómir» газетінің мәні мен мазмұны өзгерген. Мұнда білімді де білікті журналист мамандар қызмет етіп, газетті барынша көркем әрі қызықты етіп шығаруға тер төгуде. Атап айтар болсақ, газет редакторының орынбасары, ақын Нұржан Дербісалиев, аға тілші Абылайхан Сәрсенов, тілші Айгүл Қалымханқызы сынды қарымды қаламымен және азаматтық ұстанымымен танылған журналистер еңбек етуде.
Газет өткен жылы 85 жылдық мерейтойын газет ардагерлерімен, «Жаңа өмірден» түлеп ұшқан жазушы-журналистермен, облыстық басылымдағы әріптестерімізбен және белсенді оқырмандарымен бірге атап өтті. Редакцияға 85 жылдық мерейтойына орай аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы қазіргі пайдаланымымыздағы “Шевроле Нива” көлігін берді.
Әрине, ауданның айнасы, киелі қара шаңырақ «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газетінің ұжымына артылған жауапкершілік жүгі қашанда ауыр. Сондықтан атқарған жұмысымыздан атқарар жұмысымыз көп,- деді газет басшысы.
Шындығында, аудандық газеттің ауданның дамуына, күнделікті тыныс-тіршілігін жергілікті халыққа түсінікті әрі ұғынықты, нақты ресми мәліметтерді дер кезінде жеткізуге қосып отырған үлесі зор. Осы ретте ең алдымен редакцияның материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесіне жете мән берген жөн. Алдыңғы жылдармен салыстырмалы түрде айтар болсақ, жыл сайын газет қызметкерлерінің жағдайы біртіндеп жақсара түсуде. Бұл жөнінде газеттің құрылтайшысы Әбуғали Ералиев айта келіп, алдағы уақытта да редакцияның қаржылық жағдайын жақсарта түсуге көңіл бөлу керектігін еске салды. Атап айтар болсақ, редакцияның өз алдына ғимараты жоқ. Газетті басып шығаратын баспахана алынса, қосымша табыс көздерін қарастыруға мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар, соңғы жылдары жазылым мәселесінде де бірқатар проблемалар туындауда. Мұның бәріне баса мән беретін уақыт жеткен сияқты.
Басқосу барысында аудандық газеттің ардагерлері, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Мейірбек Мәтенов, Гүлмира Дембаева, тұрақты оқырмандар мен авторлардан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Естемес Аманбеков, ардагер ұстаздар Болатбек Қайыпбеков және Төлебала Сүңгібаева басылымның өткенінен сыр шертті. Алдағы уақытта қолға алынып, атқарылуға тиісті жұмыстарды да атап көрсетті.
Кездесуге шақырылған қонақтардың арасынан алғаш сөз алған ардагер журналист М.Мәтенов газет редакциясында табаны күректей 37 жыл жұмыс істегенін, редакцияның тәуелсіздіктің алғашқы жылдары күрделі кезеңді бастан өткізгенін, сонымен қатар, тәуелсіздіктің жемісі ретінде осы жылдары аралығында ауданда, жалпы елімізде атқарылған жүйелі жұмыстарды қуанышпен атап өтті. Ал Г.Дембаева редакция ұжымына табыс тілеп, газет бетінде орыс тілді материалдардың аз жарияланатыны туралы айта келіп, газетте очерк, суреттеме жанрларында мақалалар жиі-жиі жарық көрсе деген тілегін жеткізді. Тұрақты оқырман әрі газет авторларының бірі Б.Қайыпбеков ұлттық құндылықтар мен ұлт тілін дәріптеудегі газеттің рөліне тоқталды. Ардагер ұстаз, көпбалалы ана Т.Сүңгібаева ұрпақтар сабақтастығының негіздерін әңгімелеп, жас журналистерді көбірек ізденіп, жалпы еңбектен қашпауға, әрдайым ұлттық құндылықтарды жаңғыртып отыруға шақырды. Ал жастар арасынан кездесуге шақырылған аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Алмас Жолдасов, М.Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі, жас маман Айдана Өтеген жалпы газет туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесуді аудан әкімі Нарбай Ергебеков қорытындылай келе: «Аудандық «Jańa ómir» газетінде жарияланып жатқан мақалалардың сапасы артып, басылымның да келбеті жылдан жылға түрленіп келеді. Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда газет шығару ісі бәсекелестік ортаға беріліп отыр. Сондықтан да болар, қаржылық жағынан қиындықтар, шешілмей отырған мәселелер де бар. Ол алдағы уақытта рет-ретімен шешіледі деген сенімдемін. «Jańa ómir» қоғамдық-саяси газеті – ауданның айнасы. Сондықтан біз қолымыздан келгенінше редакция ұжымына қолдау көрсететін боламыз»,- деді. Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні мерекесіне орай газеттің ардагер қызметкерлеріне Алғысхаттар мен сый-сияпат тапсырды. Айта кету керек, кездесуге шақырылған оқырмандарға редакцияның атынан Алғысхаттар мен сый-сияпаттар берілді.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»