Basty bet
«Бауыржан – алты алаштың ар-намысы»
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы мемориалдық мұражайында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай оқырмандар арасында «Бауыржан – алты алаштың ар-намысы» атты аудандық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – халқымыздың аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік істерін айту, шығармалары, қанатты сөздерімен таныстыру, жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастырып, Отанды сүюге тәрбиелеу, батырдың биік тарихи тұлғасын тереңірек тану, оның өнегелі өмірін, ерлігін бүгінгі ұрпаққа кеңінен үлгі етіп, жазушының туындыларын жастар арасында насихаттау.
Үш кезеңнен тұратын байқауға әр ауылдық кітапханалардан 21 оқырман қатысты. Қатысушылар байқаудың «Азамат. Қаламгер. Қаһарман» атты кезеңінде бейнеролик дайындаса, «Найзадан қол босаса қалам алдым…» атты кезеңінде Бауыржан Момышұлының шығармашылығынан бір кітабына талдау жасап, сол шығармадан үзіндіні мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, «Ой-түйіндер» атты нақыл сөздер кезеңінде қатысушылар жазушының нақыл сөздерін мәнерлеп оқыды.
Байқауға аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мәлік Дидарбек, «Жастар ресурстық орталығының» бөлімше басшысы Судаба Металимова және Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері Сағадат Шілдебайұлы қазылық етті. Қазылар алқасы оқырманның дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, кітап таңдау талғамына және ұсынылған бейнероликтің сапасына мән берді.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені Сұрым ауылдық модельді кітапханасының оқырманы Анель Қайтбек қанжығасына байлады. Ал, жүлделі I орынды Жаңаталап ауылдық кітапханасының оқырманы Әби Марал иеленсе, II орыннан Теріс ауылдық кітапханасының оқырманы Нұрәли Темірбай және Қарасаз ауылдық кітапханасының оқырманы Інжу Құнанбай көрінді. Байқаудың III орны аудандық орталық кітапхананың оқырманы Жансая Досынбекке, Қоңыртөбе ауылдық кітапханасының оқырманы Қымбат Сауытбекке, Қарабастау ауылдық кітапханасының оқырманы Баян Әнуарбекке, Кәріқорған ауылдық кітапханасының оқырманы Мадина Валиеваға бұйырды.
Байқауды аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттады. Сонымен қатар, байқауға қатысқан өзге де үміткерлерге сыйлық пен Алғысхаттар табыстады.
Шара соңында оқушылар Бауыржан Момышұлы мұражайын аралап, экспонаттарымен танысты.
Күләш ТАУБАЛДИЕВА,
аудандық орталық
кітапхананың әдістемелік бөлімінің меңгерушісі