«Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені,
Желтоқсан желі ызғарлы,
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды» деген ән әуенін естігенде, шыңбұлақтық Шолпан Сәбденбекованың көзіне еріксіз жас келеді. Желтоқсанның сол бір ызғарлы суық күнінде алаңға шығып, қазақ қыз-жігіттерінің намысшылдығын, рухын көрген Шолпан бұл күнді әлі де ұмытпаған.
Желтоқсан оқиғасының куәгерін Шыңбұлақ ауылына арнайы іздеп барып, әңгімелестік. Алғашында бізді жылы шыраймен қарсы алған Шолпан Мырзабайқызы Желтоқсан оқиғасын есіне алғанда көз жасына ерік берді. Көз алдынан кетпейтін көрініс пен құлақ түбінен шығатын үндерді еске алды. Денсаулығына тигізген ауыр зардабын әлі де тартып келе жатқандығын айтты.
Шолпан Мырзабайқызы Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылының тумасы. Қайрат ауылындағы қазіргі Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Көпбалалы отбасында дүниеге келген оның ата-анасы қарапайым еңбек адамдары. Әкесі Мырзабай ұзақ жылдар теміржол саласында абыройлы жұмыс істесе, анасы Жарқын ел қатарлы колхозда еңбек еткен.
Бойжеткен Шолпан мектепті бітірген соң өмірін өнер саласына арнағысы келіп, Алматы қаласына арман қуып келеді. Жастайынан түрлі спектакльдерде, көріністерде өнер көрсету жанына жақын болып, оған қызығушылық танытады. Осы арманмен ол бұрынғы Алматы қаласындағы кинотехникумға оқуға түсуге барады. Алайда, оқу орнына түсе алмай, техникалық училищесінің тігінші мамандығын таңдайды.
-1986 жылы Алматыда тұрақтағаныма екі жылдың жүзі болған. Оқу бітіріп, мақта-мата комбинатында жұмыс істеп жүрген кезім еді, – деп күрсініп бастады әңгімесін Шолпан әпке. – Жұмысымыз түнгі, күндізгі ауысыммен кезекпен түсіп, ұйымдастырылған. Осындай кезекті жұмыс уақытында құрбым екеуіміз жатақханадан шығып, таңғы сағат 06 шамасында комбинатқа бет алып бара жатқанбыз. Кенет алдымыздан екі жас жігіт «Алаңға келіңіздер!» деп жүгіріп өтіп кетті. Біз оған мән бермей, жұмысқа кіріп кеттік. Содан түскі сағат 14.00-де жұмыстан шығып, қайта жатақханаға келдік. Жаспыз. Ойымызда ештеңе жоқ. «Алаңға келіңіздер!» деген сөз есімізден кетпей, құрбым екеуіміз алаңға баруға бел будық.
Бұл бірінші күн еді. Алаңда жастардың қатары көп. Жан-жақтан адамдар айқайлап сөйлеп жатыр. Содан тағы жастарды жинау үшін қала көшелерінің бойымен алаңға шығыңдар деп бейбіт шерумен кетіп бара жатқанбыз. Алаңнан «Қазақстан» қонақ үйі көшесінің жоғары жақтарына бет алған сәтімізде жатақханадан шыға алмай тұрған жастарды көрдік. Сол кезде үйлердің балкондарынан орыстар қолдарына түскен заттарды лақтырды. Ауыр дөрекі сөздерді айқайлап тұрып айтты. Содан не керек, басыма қатты бір зат тиді. Орнымнан тұра алмай қалдым. Құрбым халімді көріп, жатақханаға әрең жеткізді. Ертесіне басым ісіп кетіпті.
Таңертең жұмысқа барған соң, шыдай алмадым. Намысыма қатты тигені соншалық, үшінші күні қайта алаңға шықтық. Бұл кезде жатақхананың есіктерінің бәрі жабық. Біз балконнан жамылғыларды байлап-байлап сыртқа түсіп, қашып кеттік. Алаңға қарай таксимен жеттік. Адамдардың қарасы мол. Айқай-шу. Қоршауға алған милиция жасағы. Жан-жақта өртенген көліктер. «Қонаев шығып, сөйлесін!» деп жастар ұрандатып жатты.
Бір кезде қатты шудың даусы естілді. Сөйтсек, бір мәшине жолындағы ештеңеге қарамастан, қыстың аязды күні мұздай суды шашып келе жатыр екен. Құрбым екеуіміз қашып үлгере алмай, мұздай судың астында қалдық. Тапталған судың астында қалған адамдардың арасынан құрбым екеуіміз бір-бірімізді әрең тауып, дірілдеген күйімізде артымызға қарамай, жүгіре бердік. «Не болса да, тоқтамайық» дедік. Жатақханаға бара алмаймыз. Үстіміздің бәрі малмаңдай су.
Жүгіріп отырып, бір көлікті тоқтатып, автовокзалға жеттік. Вокзалдағы бала емізетін бөлмеге кіріп, жылынып, киімімізді кептірдік. Таң атырып, бірден жұмысқа тарттық. Себебі, жатақханаға барсақ, сұрақтың астына алып, ізімізден қалмайтынын білдік. Жұмысқа барып, кезегімізді өткізіп, демалып алдық. Осы оқиғадан кейін анам мені жұмыстан шығарып, ауылға алып кетті. Өмірім үшін алаңдады, – деп сол күнді ауыр күрсініп жылап отырып еске алды.
Сол бір желтоқсанның ызғарлы күні Шолпан Мырзабайқызының есінде мәңгі сақталған. Өйткені, осы оқиғаның зардабы оны ана болу мүмкіндігінен айырып, басына ісік пайда болып ІІІ топтағы мүгедек еткен.
– Еліміз тәуелсіздік алған соң, маған үнемі көмек көрсетіліп тұрды. Кейіннен құжаттарымды жоғалтып алып, қайта жасаттым. Содан «Желтоқсан ардагері», «Желтоқсан куәгерлері» медальдарын берді. Ауданнан мерекеге орай кездесулерге шақырып, құрмет көрсетіп отырады. Ендігі «бұл күндер өткеннің еншісінде қалсын» деген тілегім бар. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Жастарымыз аман болып, егемендігіміздің арқасында көк туымыз көкте желбірей берсін, – дейді ол.
Шолпан өмірлік серігі шыңбұлақтық Қайрат Әлиевті қырықтың қырқасында кездестіріп, оның екі ұл, екі қызын бауырына басқан. Бүгінде олардан алты немере сүйіп отыр.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»