Basty bet
Тәуелсіздікпен бірге түлеген ауыл
Қойнауы құтқа тұнған Қаратаудың бөктерінде орналасқан Күреңбел ауылдық округіндегі тұрғындардың тұрмыс сапасы жыл санап артып келеді.
Округтегі жалпы көлемі 27384,71 гектар десек, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 134 463,43 гектарды, ал егістік көлемі – 7137,85 гектарды құрайды. Округте тіркелген 190 шаруа қожалығы мал және егін шаруашылығымен айналысады.
Күреңбелдік диқандар 2020 жылдың өнімі үшін 612 гектарға күздік бидай сеуіп, одан 15 560 центнер өнім жинады, өнімділігі гектарына 25 центнерден айналды. Арпа 1900 гектарға себіліп, одан 43 449 центнер өнім алынып, гектарына 22 центнерден айналды. Майлы дақылдар 1588 гектарға егіліп, 13 688 центнер өнім алынды, гектарына 8,6 центнерден айналды.
Тұрғындардың бау-бақшалық жері 84 гектарды құрайды. Онда көкөніс өнімдері, қызанақ, қияр, пияз, сәбіз, асқабақ егіледі. Ағын су жеткілікті.
Ауылдық округте төрт түлік мал басы жыл өткен сайын артып келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, мүйізді ірі қара 2 700 басты (2019 жылы 2650), уақ мал 12380 басты ( 2019 жылы – 12 200), жылқы 725 басты (2019 жылы 610 бас), құстар 3427 басты (2019 жылы 2386) құраған.
Округке қарасты Күреңбел және Қаратас ауылдарындағы 46 аулада 2 459 адам тұрады, соның ішінде қазақтар – 2351, орыстар – 33, шешендер – 70, өзбектер – 3. Экономикалық белсенді халық саны 1 270 адамды, зейнетақы алатындар 226 адамды құрайды.
Білім мекемелері – 2 мектеп, 1- балабақша;
Денсаулық мекемелерінен бір дәрігерлік амбулатория мен бір медициналық пункт жұмыс істейді. Мешіт саны – 1;
Жұмыспен қамтылғандар саны – 1062 адам;
Жұмыссыздар саны – жеті адам, былтырғыға қарағанда сегіз адамға қысқарып отыр. Тіркелген кәсіпкерлер саны – 70;
Ауылдық округтің бюджеті 2019 жылға – 78 332,0 мың теңге;
Ауылдық округте 2019 жылы «Өңірлерді дамыту-2020» бағадарламасына облыстық бюджеттен 2051,0 мың теңге бөлініп Қаратас ауылы Ә. Байшаханов көшесіне жарық шамдары орнату жұмыстары жүргізілді. Үнемделген 210,0 мың теңгеге Күреңбел ауылдық орталық саябақтың арық су жүретін құбыры ауыстырылды.
Аудандық бюджеттен 4500,0 мың теңгеге Күреңбел ауылы Бейбітшілік көшесінің жолы орта жөндеуден өтіп көпірі ауыстырылды. «Күреңбел» бөбекжай-балабақшасы аудандық бюджеттен бөлінген 3146,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Өткен жылы Қаратас елді мекенінде бес келушіге арналған медициналық пункт пайдалануға берілді. 2021 жылға Күреңбел ауылында 25 орындық дәрігерлік амбулатория ғимараты салынбақ.
Күреңбел ауылындағы Жуалы, Бейбітшілік, Қарабастау көшелеріне көше жарығы орнатылды. Аталған жұмыстар 2020 жылдың сәуір айында басталып, мамыр аяғында толығымен аяқталды. Қаратас ауылына бір көшеге көше жарығы орнатылды.
Күреңбел ауылының Қарабастау көшесіне тұрғындар мен шаруа қожалық басшыларының көмегімен шағалқұм төселді. Ауыз су құбыры 40 жыл бұрын пайдалануға берілген. Екі ауылға ауыз су құбырын жүргізу келесі жылдың жоспарында тұр.
Күреңбел ауылындағы орталық саябақта орналасқан кіші футбол алаңшасына жасанды төсеніш төселіп, мамыр айында пайдалануға берілді.
Күреңбел ауылында 16 шақырым, Қаратас ауылында төрт шақырым шарбақ суғаратын арық су жүйесі тазаланып, шлюз орнатылды.
– Ауылдық округте «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған бағдарламасын» орындау мақсатында бағдарламаның екінші бағытымен («Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқып, сертификат алған) 19 азамат оқыды. Ауылдық округ бойынша 505,0 мың теңге қайтарымсыз грантты 19 азамат әр түрлі кәсіп түрінен жалпы сомасы 9342,5 мың теңге жеңіп алды. 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Диас» ШҚ 269 бас қойды асылдандыру мақсатында алды және ауыл шаруашылығын қолдау қорынан жеті азамат 24 500,0 мың теңге несие алып өз кәсіптерін жүргізіп отыр, – дейді ауылдық округ әкімі Ғани Жұбаев.
Газ құбыры тартылды, ағымдағы жылдың аяғына дейін тұрғындардың пайдалануына беріледі.
Ауыл шаруашылығы техникаларының паркі жыл өткен сайын жаңарып келеді. Бүгінде ШҚ қарамағанда әртүрлі мақсаттағы 47 техника болса, оның ішінде басым бөлігі жаңартуды қажет етеді. Ағымдағы жылдың басынан бері ауыл тұрғындары 12 бірлік техника сатып алынды. Жеті ШҚ шалғайдағы мал қыстауларына арналған жеті жылжымалы вагон алды. Екі шқ жаңа шөп тайлағыш агрегат алды. «Байғоныс» ШҚ және «Айнұр» ШҚ «МТЗ 80.2» маркілі тракторды КУН тіркемесімен бірге алды.
Мал тұқымын асылдандыру бағытында ауылдық округтегі «Ернар» ШҚ жетекшісі Ержан Қуанышев өзінің 15,0 миллион теңге қаражатына 400 бас Гиссар тұқымды тоқтылар алып, күтіп бағуда. «Саудабай» ШҚ жетекшісі Сағындық Парманов 20 бас ақ басты таналар алды. «Әсет» ШҚ жетекшісі Сұлтанмұрат Әтеев он бас жылқы тұқымын алды. «Бексейіт» ШҚ жетекшісі Оңалбай Бүтінбаев қымыз өндіру мақсатында тоғыз бас бие алып, бүгінде бие байлап, шаруасын дөңгелетіп отыр.
Күреңбел ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Ұлжан Күлшаева 550 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, оған 120 қаз сатып алып, ауылда құс шаруашылығын дамыту бағытында еңбек етуде. Одан бөлек, ол үй іргесіндегі бақшада қияр мен асқабақ өсіріп, өнімін ауыл және аудан тұрғындарына өткеруде. Руслан Жапаров өз шарбағына сарымсақ егіп, өнімін ауыл, аудан және облыс тұрғындарына ұсынуда. Ауыл тұрғыны Мақұл Тынбаев 70 соттық жеріне алма бағын өсіріп отыр. Ол биыл баудан жақсы өнім алды.
Биыл жазда Күреңбел орта мектебінің шатыры толығымен ауыстырылды.
Аймақта қылмыстың және мал ұрлығының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы іске асырылуда. Ауылдық округте биыл бес бейнебақылау қондырғысы орнатылуда.
«Біз біргеміз» акциясы аясында ауыл тұрғындарынан, кәсіпкерлерден және шаруашылықтардан 950 мың теңге қаражат жиналып, тұрмысы төмен 50 отбасына азық-түлік пакеттері таратылса, «Жомарт жүрек» акциясы аясында алты үйге жөндеу жүргізілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» бағдарламасынан күреңбелдіктер де тыс қалмай, тұрмысы нашар бір отбасына арнап үй салынып, бір отбасына үй сатып әперілді.
Ауыл-аймақтарда жасыл белдеу құру мақсатын көздейтін «Жасыл желек» бағдарламасы бойынша ауылда 1978 жылы туған азаматтардың бастамасымен шырша егу қолға алынуда. Қазір алты түп шырша отырғызылды, ал жылдың аяғына дейін әр жылы туған азаматтармен бірлесіп, тағы да 90 түп шырша отырғызылатын болады.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»