Basty bet

Еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі

Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың құттықтауы

Қымбатты жуалылықтар!
Сіздерді халқымыздың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын!
Наурыз көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамы ретінде бағзы замандардан бері тойланып келеді. Бұл мерекенің дінге не болмаса жекелеген ұлттарға ешқандай қатысы жоқ.
Наурыз – жылдың алғашқы айы. Бұл тәуелсіз еліміздің ең негізгі тамырының бірі болып саналады.
Санаулы сәттен кейін Әз Наурыз дүние есігін ашады. Тарих қойнауына тағы бір жылымыз жол тартып, тағы бір жыл табалдырықтан аттайды. Жаңа күн төңірекке нұр-шапағатын төгеді. Жер бетіне жақсылық ұялаған күнді жақсы ниетпен қарсы алайық.
Тарихи тамыры тереңге бойлаған Әз Наурыз дана халқымызда қай заманда да еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.
Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Біріккен Ұлттар Ұйымы Наурыз мерекесін халықаралық мейрам деп танып, бүкіл адамзат баласының мәдени мұрасы ретінде бағалады.
Қасиетті қазақ жерін құтты қоныс еткен ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулық пен келісімде тұрмыс кешуі, қоғамдағы барша азаматтың этностық, тілдік және конфессиялық ерекшелігіне қарамастан, тең құқыққа ие болуы ежелден келе жатқан Наурыз мерекесінің қағидаттарымен терең қабысып, үндестік тауып отыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет пен қоғамды дамыту, еліміздің басты байлығы болып табылатын отбасылардың табысын арттыруға, ата салтымыз бен ұлттық құндылықтарымыздың төрге озуына байланысты бірқатар нақты тапсырмаларды белгіледі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да елдің жарқын болашағы туралы кеңінен сөз қозғалып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Осының барлығы әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілі болып табылатын ел тұрғындарының бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне кепіл, болашаққа деген сенім болып табылады.
Бүгін біз қол жеткен табыстармен тоқтап қалмай, өркениетті елдердің қатарына кіру мақсатында аянбай еңбек етуіміз қажет. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болса біз әлі талай асқаралы асулар мен биіктерді бағындыратынымызға сенімдімін.
Қымбатты жерлестер!
Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз. Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

Таңдаулы материалдар

Close