Basty bet
Табиғи газдың алауы тұтанды
Жуалы ауданында газ тартылмаған елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шамамен 10 жылдан бері тұрақты көтеріліп келеді. Ауданда барлығы 49 елдімекен болса, оның газдандырылғаны 30 елдімекен.
2017 жылдан бастап аудандағы газ жеткізілмеген Жетітөбе, Күреңбел, Боралдай, Қошқарата ауылдық округтеріне қарасты ауылдарға газ жеткізу мәселесі республика деңгейінде қолға алынды. Соның нәтижесінде, елдімекендерді газбен жабдықтауға жобалық-сметалық құжаттар жасалып, өткен жылдан бері магистральдық газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілді.
Биыл Жетітөбе, Күреңбел ауылдық округтеріне қарасты барлығы сегіз ауылда ауылішілік газ жүйелері жүргізіліп, табиғи газға қосылуға мүмкіндік жасалып отыр. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қоңыртөбе ауылында табиғи газдың келуіне байланысты салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы барып қатысып, Қоңыртөбе жұртшылығын тәуелсіздік күнімен және ауылда табиғи газ алауының тұтануымен құттықтады. Сәтін салса, аталған ауыл тұрғындары жыл аяғына дейін көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Ауылға магистральды газ құбырынан жоғары қысымды газ жеткізіліп отыр.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Жамбыл өндірістік филиалының Жуалы аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшылығы ауыл тұрғындарының газ жағуға рұқсаттама құжаттары толықтай алынған жағдайда газға қосылу мүмкіншілігі де жеделдей түсетінін айтып, тұрғындарды газға қатысты құжаттарды тезірек рәсімдеуге шақырды. Газ алауының тұтануына байланысты ауыл тұрғындарының атынан зейнеткер Тұрар Байтуков сөйлеп, газды жеткізуге жауапты мердігер мекеменің басшылығына, аудан басшыларына алғыс білдірді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»