Basty bet
Қаржының игерілуі қаралды
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиналыс өтті. Күн тәртібінде қаралған екі мәселенің біріншісі – ауданда 2020 жылдың қорытындысымен қаржының игерілуі және атқарылған жұмыстар туралы. Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы баяндады.
Баяндамашы аудан бюджетінің кірісі мен шығысының бүге-шігесіне дейін тоқталды.
Қаржы бөлімінің басшысының айтуынша, аудан бюджетінің жергілікті түсімдері мен жоғары бюджеттен алынған ресми трансферттер бойынша есепті мерзімге жоспары 16 509 284,0 мың теңге болса, нақты түсіп отырған соммасы 16 480 773,2 мың теңгені құрады. Орындалуы 99,8 процент. Оның ішінде жергілікті бюджет түсімдері бойынша есепті мерзімге салықтық түсімдер бойынша 1 538 407,0 мың теңге жоспардан, нақты түскені 1 575 061,2 мың теңге 102, 2 процент орындалған.
Трансферттер бойынша есепті мерзімге 14 970 877,0 мың теңге болса, түскені 14 905 712,0 мың теңге 99,6 процент орындалған.
Қ.Ғалиұлы сонымен бірге республикалық, облыстық трансферттер мен жергілікті бюджет қаражаты есебінен есепті мерзімге төлемдер бойынша орындалуына тоқталды.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері арасында бюджет қаражатының игерілуін баяндады. Аудан әкімдігінің бөлімдері арасынан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі, білім бөлімі, дене шынықтыру және спорт бөлімінде сонымен бірге бірқатар ауылдық округтерде де игерілмеген қаражаттар бар.
Аудан әкімі аталған бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне игерілмеген қаржыны айдың соңғы күніне қалдырмай тездетіп игеруін тапсырды.
-Жоспарланған қаржының дер кезінде игерілмеуі – бұл басшылардың өз жұмысына салғырт қарауының салдары. Неге жылдың соңына дейін, соңғы күнге дейін игермей отырасыздар? Орын алуы мүмкін мәселелерді неге алдын алмасқа? Жыл қорытындысымен бұл мәселе бойынша өтетін жиында бөлінген қаржыны уақтылы, мақсатты игермеген басшылар тәртіптік жазаға тартылатын болады,- деді аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те аудан әкімдігінің қаржы бөлімі мен бюджеттік жоспарлау бөлімі қаржының мақсатты және жоспарлы орындалуын қатаң бақылауы керектігін, маңызды мәселеге кейбір басшылардың немқұрайды қарауы аудан көрсеткішіне өз зиянын тигізетінін баса айтты.
Келесі кезекте ауданда 2020 жылдың қорытындысымен салықтық түсімнің орындалуы және атқарылған, жұмыстар туралы Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Дәулет Жігітеков баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, республикалық бюджеттің болжам сомасы өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда бюджетке түсетін салықтардың өсу деңгейі 129,1% немесе 187843,1 мың теңге артық түскен. Облыстық бюджеттің болжам сомасы есепті мерзіммен салыстырғанда 139,7% немесе 180 943,7 мың теңге артық түссе, аудандық бюджеттің болжамдық сомасы 109,4 процент немесе 13307,3 мың теңге артық түсіп отыр.
Дәулет Жігітеков сонымен бірге ауылдық округ әкімдіктерінің төртінші деңгейлі бюджеттері туралы, бюджетке салықтар мен төлемақылар бойынша қосымша салық көздерін анықтап, өндіру үшін атқарылған жұмыстар, аудандық бюджетке түсетін салықтар мен төлемақылар, салықтар бойынша берешек сомалар, медициналық сақтандыру бойынша берешек сомалар бойынша да баяндады.
Аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы мәселеге қатысты орын алған кемшіліктерге жеке-жеке тоқталды. Кірістер басқармасы тарапынан да жылға жоспар жасағанда және орындалған жұмыстарға нақты талдау жасау керектігін ескертті.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»