Basty bet

Балалар батыр өнегесімен танысты

Биыл елімізде айтулы даталардың бірі ретінде даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы аталып өтілуде. Бауыржан Момышұлы – тау тұлға. Оның өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі – біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі.

Батыр Бауыржан Момышұлы – алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірі ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде.
Бауыржан Момышұлы – адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың, имандылықтың символы, көркем бейнесі іспетті. Батыр атамыз Б.Момышұлы жеке басы ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, қаһармандылығымен, дарындылығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен елеулі. Баукең – әлем халқының ортақ перзенті дәрежесіне дейін көтерілген азамат.
Міне, осындай тау тұлғалы батыр жерлесіміздің мерейтойына орай «Аягүл» бөбекжай-балабақшасының «Болашақ» ересек тобында бүлдіршендерді патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында «Бауыржан Момышұлы – халық батыры» атты ашық оқу-қызметі өтті.
Оқу-қызмет барысында балаларға бала Бауыржан, батыр Бауыржан туралы мағлұматтар берілді. Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей үлгі тұтарлық аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан туралы балаларға түсінік берілді.
Маңдайдағы наркескенің өзісің,
Ерлігіңмен, өрлігіңмен ірісің.
Халқыңменен біргесің сен жан ата,
Ұмытпайды өнегелі ұлы ісің, – демекші, батырдың батырлығын, ерлігін бүгінгі өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған ашық оқу қызметінде бүлдіршіндер батырдың бейнелері бейнеленген көредегі суреттерге қызыға қарады. Көрмеге ілінген оның ерлігін сипаттайтын дүниелерге қызығушылық танытты. Шарада балалардың танымын кеңейту мақсатында түрлі әдістер қолданылып, бүлдіршіндерге ақпарат берілді.
Бауыржандай батыр алыбымызды ардақтап, ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтау сіз бен біздің парызымыз. Оның өнегелі өмірін, қайсарлығы мен даналығын тек қана қара сөзбен емес, Баукеңнің атын дәріптейтіндей игі істермен көрсетуіміз керек. Ол үшін батырдан қалған құнды дүниелерді насихаттауды балабақшадан бастағанымыз жөн. Себебі, батырдың батырлығын, ерлігін біліп өскен бала ертеңгі елдің тірегіне айналары хақ.

Аяулым Шалқарбаева,
«Аягүл» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі

Таңдаулы материалдар

Close