Көршілес жатқан ауылы-аралас, қойы-қоралас Жуалы және Түлкібас өңірі 1953 жылға дейін бір аудан – Жуалы ауданы болғандығын көне көзді қариялар, ел, жер тарихын зердеге түйіп жүретін ағалар жақсы біледі. Ерте заманда Мыңбұлақ атанған, тарихы тереңде жатқан қасиетті жазиралы үлкен ауданның алғашқы орталығы – бұрынғы Бурно-Октябрьская ауылы болып, кейінірек Ванновка елдімекеніне көшірілді. Кейбір шолақ белсенділердің кесірінен V-VI ғасырларда Батыс-Түркі қағанатының жазғы ордасы болған таулы, орманды, сулы сұлу аймақ өткен ғасырдың 50 жылдарының басында екіге бөлініп, екі аудан болып, бірі – Жамбыл облысына қараса, екіншісі – Оңтүстік Қазақстан облысына қарап кетті.
Арада 67 жыл өтсе де, жергілікті халық Жуалы мен Түлкібасты бөліп-жармай, ортақ атамекеніміз деп санайды. Жуалылықтар бүкіл Түркінің ардақтысы – Тұрар Рысқұловты жерлесіміз деп мақтан тұтса, түлкібастықтар көзінің тірісінде аты аңызға айналған ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен шындықтың алмас қылышы, талантты жазушы – Шерхан Мұртазаны өз асылымыз деп хан көтереді, есімдерін қастерлейді.
Баукең мен Шерағаның ыстық ықыласына бөленген қазақтың көрнекті жазушысы, сегіз қырлы өнер иесі Тұтқабай Иманбеков ағамыз да Жуалы мен Түлкібастың төл перзенті еді. Сіздердің назарларыңызға Тұқаң туралы жазылған «Әттең тонның келтесі-ай» атты эссесін ұсынып отырмын.
Автор
Зәулім-зәулім ағашқа,
Асылайық еркесі-ай.
Балалықты біз тастап,
Қосылайық еркесі-ай.
Сен емес пе маған теңдес,
Әкең көнсе, шешең көнбес.
Әттең тонның келтесі-ай,
Әттең тонның келтесі-ай.-деп басталатын ерекше бір сағынышқа, арманға толы құлақтан кіріп, жүректі алар осы бір тамаша әнді қалың ел халық әні деп қабылдайды. Шын мәнінде бұл туындының өлеңін де, әнін де жазған бұл жалған дүниеден ерте озған қазақтың көрнекті жазушысы – Тұтқабай Иманбеков ағамыз болатын. Тұқаң әнді де көңілмен, жүрекпен айтушы еді. Сегіз қырлы, бір сырлы талантты жанмен талай рет той-томалақта бірге болдық. «Әттең тонның келтесі-ай» әнін қаламгердің өзі шырқағанда үлкен де, кіші де бар ынтасымен тыңдап, ерекше ләззатқа бөленетін. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, Тұтқабай көкеміздің жанында жүріп, қайталанбас әнді бейнетаспаға жазып алмағанымызға қатты өкінеміз. Бір қуанатынымыз – ән осы күнге дейін сахна төрінен түскен жоқ. “Халық әні” деп Қазақстанның түкпір-түкпірінде үлкен де, кіші де айтып жүр.
Иә, көзден кетсе де, көңілден кетпейтін жандар болады. Аузын ашса, көмекейі көрінетін ақ жүрек, өз табысынан гөрі өзгенің табысына қуана білетін, азаматтық болмысы ерекше жаралған, ақын, жазушы, сазгер Тұтқабай Иманбековтың шоқтығы ерекше биік.
Қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртаза ағамыз:
«Аптап айлар өтеді,
Жылжып жылдар жетеді.
Сөйте-сөйте күні кеше өзіңмен бірге жүрген, бірге ойнап күлген, тіршіліктің ыстық-суығын бірге көріп, замана бейнетін бірге бөліскен жақыныңнан айырыла-айырыла адасқан қаздай хал кешесің.
Тұтқабай Иманбеков өнген, өскен әулеттің азаматы еді. Әкесі Иманбек заманында болыс болып, соңында көп ұрпақ қалған.
Сол көдедей көп ұрпақтың ішінде шоқтығы биігі, білімі мен парасаты келістісі, сегіз қырлы, бір сырлысы, кісілігі мол, таланты зор, ай маңдайлысы Тұтқабай болатын» деп толғана жазып еді.
Тұтқабайдың ауылы мен Жуалыны Шақпақ атты таулы жота бөліп жатады. Шақпақ барып Құлантауға, Құлантау Бөкейтауға ұласады. Одан ары Боралдай, Қос Тұра болып, Бәйдібек баба ауданына сіңісіп кетеді.
Тұтқабай ауылының бір шеті Ақ Биік шоқтығына, бір шеті Арыс өзеніне барып тіреледі. Бір жағы – тау, бір жағы – өзен.
Иманбектей текті әкесінен тәлім-тәрбие алып, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, туыстық, бауырмашылдық сияқты асыл қасиеттерін тұла бойына сіңіріп өскен Тұқаң туған ауылымен, ел-жұртымен, туған туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болды. Алматыдағы қат-қауырт жұмыстан қолы қалт етіп босай қалса, жер жәннаты- Түлкібасқа, туған ауылына, әкесінің туған бауыры Әшімбайдың қара шаңырағына асығушы еді.
Жастайынан еңбекке араласып, өзі туып-өскен ауылының, шаруашылықтың, аудан мен облыстың өркендеп-өсуіне үлкен үлес қосқан, еңбегі жоғары бағаланып, “Еңбек Қызыл Ту” және “Құрмет” орденімен марапатталған Әшімбайдың Тұтқабай бауырына деген көңілі ерекше еді, мақтан тұтатын. Әшімбаймен ұзақ жыл ғұмыр кешіп, бақытты өмір сүрген, ұл-қыздарын қияға ұшырған Оңғаркүл жеңгеміз небір жайсаңдар мен жақсылар дәм татқан қарашаңырақтың ырысы мен берекесі.
1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының орталығындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген талапты бозбала Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1961 жылы оқу орнын үздік бітірді.
Жазушы Тұтқабай Иманбеков оқырман қауымға алғашқыда ақын ретінде танылған болатын. Алғашқы тұсаукесер кітаптары да «Ақ қайың», «Бұлақ күліп ағады» атты жыр-жинақтары. Сіңімділігі сергек сұлу сезім мен талғамы терең толғаныстарға толы бұл дүниелер бірден жүректерге жол тауып, ақынның суреткерлік сыршылдықпен ерекшеленетінін пайымдатты. Оның сол жастық жырларының өзіне азаматтық пен ақындықтың ішкі иірімдерін қылаусыз теңдестірген нәзік лиризм тән болды. Бұл жөнінде оқырмандар мен әдебиетшілер, сыншылар әділ атап өтті.
Суреткердің сегіз қырлы, бір сырлы болуы оның өзі танып-білген әлеуметтік-қоғамдық құбылыстарды, тылсым сырға тұңған қызу тіршілікті, құпиясы мол адам болмысын сан қырынан суреттеуіне, сипаттауына үлкен мүмкіншілік әпереді. Бұл ретте ілгері-кейінге көз салып, арғы-бергіні таразылап, ақыры арнасы кең, кемері биік прозаға ауысқан Тұтқабайдың мұндағы аяқалысы да ширақ шықты.
1969 жылы оқырмандармен табысқан «Тапсырылмаған гүл» атты повестер жинағы Тұтқабайды проза жанрына біржола әкелгендей. Бұдан соң «Үш айдың үш күні», «Тұт ағашының көлеңкесі», «Үлкен үй» атты повестер жинақтары мен романын жарыққа шығарды. Бұл туындылар оны жазушы ретінде танытқан, суреткерлік позициясын біржола айқындап берген, яғни кемелдікке жету жолындағы өсу, ілгерілеу, толысу кезеңдері болды.
Бауыржан Момышұлының сырлас інісі ретінде көп жылдар серіктес болуы, небір ұлағатты сөздерін көңіліне түюі – Тұқаңның прозаға деген ықыласын арттырды. Сонау жылдардағы «Тұт ағашының көлеңкесі» атты кітабын жариялағанда да жан түкпірінде ардақты ағаға деген ерекше бір сезім шуағы жанын жылытып жататын. «Үлкен үй» романын, «Жетім қыран» повесін оқырмандарға ұсынғанда да көңіл жайлауында Баукеңе деген үлкен әзірлік жүріп жатқан-ды. Ал Баукең, арзан сөзді, жалған атақты жек көреді. Әңгіменің анығын, бояудың қанығын сүйеді. Баукеңнің мәйекті, ғибратты дүниелерін бойына сіңіру бақытына ие болғандардың бірі -Тұқаң болды. Көп тыңдайтын, жақсы ойларын жанына тұндыратын, бірақ қалам тартуға жүрексінетін. Ақыры оның да сәті түсті. «Ұлағат ұясы» атты пьеса-эссе жазды. Мақтаушылар көп. Қайран Баукеңнің бар болмысы қаз-қалпында қағазға түскен. Батыр жазушыны – ақын жазушы жақыннан зерттеп жүрген екен. Сырлас, серіктес, ниеттес болған жандар бір-бірін неге терең білмесін?!
Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының атақты «Ұшқан ұя» романын қазақ тіліне аударып, батыр-жазушының көңілінен шыққан, елдің ыстық ілтипатына бөленген қаламгер Тұтқабай Иманбеков ағамыз болатын.
Тұтқабай Иманбеков туралы деректі фильм түсіру барысында біздің қолымызға Кеңестер Одағының Батыры, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының сирек кездесетін қолжазбасы түсті. Баукең 1973 жылдың 15 желтоқсанында, «Наша семья» атты шығармам орыс оқырмандарына бұрыннан таныс. Бұл еңбекті Тұтқабай емін-еркін аударды. Халқымыздың дәстүр-салтына лайық бата, айтыс, өнеге-өсиет өлең-жырлары пайдаланылды. Аударманы қарап шықтым, редакцияладым, құптадым, көңілімнен шықты», -деп жазып, Тұтқабай Иманбековке лайықты баға беріпті.
«Ұшқан ұя» романы үшін Бауыржан Момышұлы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Баспа, газет-журналдарда жұмыс істеген Тұқаң қара сөздің майын ішкен, өткір де жеңіл әзіл-қалжың, афоризм іспетті қанатты сөз тіркестерін табан астында тауып айтуға шебер, өз жанынан шығарған кәдімгі қазақы бата-тілектерді шағын-шағын екі кітап етіп бастырған сегіз қырлы, бір сырлы жан болғанын аға буын өкілдері ерекше бір ілтипатпен айтып отырады. Арада қанша уақыт өтсе де, Тұқаңның тамаша әндері республикалық радио және теледидардан үзбей беріліп тұрады. Көрнекті әнші, композитор, өнер өкілдерімен етене араласты.
Композитор Мыңжасар Маңғытбаевпен екеуінің үлкен достығы туралы замандастары сүйіспеншілікпен әңгіме етеді. Жан дүниесі көлдей кең Мыңжасар: «Егер Тұқаң арнайы музыкалық білім алып, соңына түскенде, бізді жолда қалдырардай композитор болары анық еді»,- деп ағынан жарылады екен.
Иә, Тұтқабай ағамыз ақындығына, жазушылығына қоса керемет сазгер, әнші болатын. Әнді жүрекпен айтатын, той-томалақтың нағыз гүлі еді, жарықтық. Тұқаңның әндері туралы СССР Халық әртісі Еркеғали Рахмадиев баспасөз арқылы талай рет жылы пікірлер айтты. Тұтқабай Иманбековтың тамаша әндерін белгілі әншілер: Нұржамал Үсенбаева, Майра Ильясова, Бағдат Сәмединова, Бибіажар Махамбетова және басқалар нақышына келтіріп орындайтын.
Қаламы қарымды журналист, талантты жазушы Тұтқабай Иманбеков 1960 жылдардың басында атағы дүркіреп, тиражы 300 мың данадан асқан «Лениншіл жас» газетінде, ұлтымыздың үлкен рухани тынысымның бірі саналатын «Жазушы» баспасында, Кеңес дәуірі кезінде атағынан ат үркитін сатиралық «Ара» журналында, Қазақстан Жазушылар одағының басылымы – «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып, үнемі аттың үстінде, түйенің қомында жүріп, ерлікті, бірлікті, жасампаз еңбекті адамгершілік пен достықты жырлады.
Тұқаң қолына қалам алған талапты жас ақын-жазушылардың нағыз қамқоршысы, жанашыры болды. Көптеген жас таланттардың томағасын сыпырды. Бүгінде қазақ оқырманы мойындаған қаламгерлер Мұса Рахманбердиев, Дидахмет Әшімхан, Көпен Әмірбек, Еркін Жаппасұлы, Рахымжан Отарбаев, Нұрғали Ораз Тұқаңды ұстаз, аға тұтушы еді.
— Бірде Тұтқабай, Оралхан және фототілші Сайлаубай Пернебаев төртеуіміз Оңтүстік Қазақстан облысына жолсапарға баратын болып, бәріміз Алматының екінші вокзалында кездестік. Оралхан, Пернебай үшеуіміздің қолымызда әдейі жолға арналған шағын-шағын сөмке ал Тоқаң болса қолына кәдімгі үлкен шамодан ұстап алыпты.
— Жолсапарға шыққан соң, Тұтқабай ағам сияқты дайындалып шығу керек,- деді Орекең әзілдеп. –Тұқаң өз еліне бара жатқанын жақсы біледі. Ал, оңтүстіктің халқы қонақжай, меймандос, қолдары ашық. Мына үлкен шамоданға жомарт ағайындар беретін сый-сияпат лық болып толатын болды.
Сол бір жолсапарымыз өте сәтті болып, оңтүстік өңірдің бірнеше ауданында болып, «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарымен кездестік, рухани байлықты бірінші орынға қоятын халықтың ыстық ықыласына бөлендік. Тұқаңның үлкен шамоданы да бос қайтқан жоқ, Шымкент қаласы, Түлкібас, Түркістан, Созақ, Алғабас аудандарында болғанымызда, Тұтқабай ағамыз әдебиетке әуес жас ақын-жазушылардың қолжазбаларын толтырып алып қайтты. Жүрек дүрсілімен, үлкен үмітпен жазылған тырнақалды туындылардың көбісі- «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды, – дейді жазушы Нұрлан Ораз өткен күндерді әңгіме етіп.
Ең бастысы, Тұтқабай Иманбеков әдебиетті ардың ісі деп санады. Сондықтан да киелі сөз өнеріне әрдайым әділ болды. Қаламдас інісі, Алтайдың кермаралы Оралхан Бөкей екеуінің өмірге деген көзқарасы, әдебиетке деген адалдығы үнемі бір жерден шығып жататын. Сонау 1960 жылдардың басында республикалық жастар басылымы «Лениншіл жас» газетінде басталған шынайы жолдастық пен достық, сыйластық пен құрмет жылдар бойы нығая, күшейе түсті.
1980 жылдардың басында Шерхан Мұртаза, Тұтқабай Иманбек және Оралхан Бөкей үшеуі қайтадан бас қосып, бірге еңбек етіп, «Қазақ әдебиеті» қаламгерлер ғана емес, бүкіл зиялы қауым, ел-жұрт іздеп оқитын басылымға айналды. Қаламдас екі дос Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай мен Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданының арасына достықтың, туыстықтың алтын көпірін тұрғызып, елді, халықты бір-біріне жақындата түсті.
– «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» демекші, Тұқаңның күйеу баласы болғандықтан, жаны жарқын ағама біртабан жақын болдым, ақыл-кеңесін тыңдап, тәлім-тәрбиесін алдым. Тұтқабай ағамыздың арқасында қазақтың нарқасқа жазушылары Шерхан Мұртаза, Қасым Қайсенов, Оралхан Бөкей, Мархабат Байғұттармен талай рет дастархандас, дәмдес болдым. Ел таныған белгілі жазушылардың қолтаңбалары жазылған кітаптарын алу – біздер үшін үлкен мәртебе еді.
Мен әсіресе, Тұтқабай Иманбеков және Оралхан Бөкейдің достықтарына, бір-біріне деген ерекше сый-құрметке толы қарым-қатынастарына қызыға қараушы едім.
Бірде атақтарынан ат үркитін қазақтың қаламгерлері Қасым Қайсенов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Тұтқабай Иманбеков Түлкібасқа жұмыс сапарымен келіп, менің туған қайын атам Әшімбайдың қара шаңырағында қонақ болды. Осы кездесуде мүйіздері қарағайдай, есімдері бүкіл қазаққа белгілі қаламгерлер ел туралы, халықтың бірлігі мен ынтымағы жайлы келелі әңгіме қозғады. Бір қарасам, дастарқан басында Оралхан ағам жоқ. Іздеп сыртқа шықтым. Үлкен үйдің ауласында бір-екі ауыл жігітімен қосылып, Оралхан Бөкейдің білегін сыбанып тастап, ағаш жарып жатқанына көзім еріксіз түсті.
— Ореке-ау, ағаш жарғаныңызға жол болсын, сіз шақыртса келтіре алмайтын қадірлі мейманымызсыз ғой, -дедім ыңғайсызданып.
— Катонқарағайдағы менің туған ауылым- Шыңғыстауға қыс ерте түседі. Жарықтықтың ақ қар, көк мұз болып, кейде 6 айға дейін созылып жатып алатыны бар. Сондықтан да, біздің ауылдың тұрғындары алдын ала жаппай отын жарып, қатал қыстың қамына кірісіп кетеді. Жалпы өзім ағаш жарғанды бала кезімнен ұнатамын,- деп Оралхан өзіне жарасып тұратын ұзын толқынды шашын бір сілкіп тастап, маған күлімсірей қарады. Екеуіміз әңгімелесе үлкен үйге бет алдық.
Өмірдің осы бір қас-қағым сәтін есіме жиі аламын. Тұқаң мен Оралханның өмірі тым қысқа боларын кім білген?! Шераға айтпақшы, бір кем дүние-ай! -дейді Пердебай Сәбитов бауырымыз алыстап кеткен сол бір күндерді сағынышпен еске алып.
Ел ардақтысы, көрнекті жазушы Тұтқабай Иманбеков туралы деректі туынды түсіру барысында қазақтың талантты қос қаламгері Оралхан мен Тұтқабай туралы тың деректер іздеп, қайталанбас сұлу табиғатымен ерекшеленетін кербез Алтайға, түркілердің алтын бесігі, Оралхан Бөкейдей қайталанбас талантты жазушыны қияға қанат қаққызған Катонқарағай өңіріне арнайы атбасын бұрдық. Алыстан келген жолаушы ауылға кіре берістегі Қаратай батырдың еңселі ескерткішіне арнайы тоқтап, тағзым етеді. Ауылдың орталығындағы Оралхан Бөкейдің асқақ тұлғасын бейнелейтін ескерткіш көзімізге жылы ұшырап, жүрегімізді ерекше бір сағыныш сезімі билеп алды.
Талай-талай жақсылар мен жайсаңдар, зиялы қауым арнайы келіп атбасын бұрған Шыңғыстай ауылындағы Оралханның балалық, жастық шағы өткен қасиетті шаңыраққа аяқ басқанымызда, ерекше тебіреністе болдық.
Қарағайдан ойылып шебер тұрғызылған үй, шаңырақтың алдындағы ақ қайыңнан иіліп жасалған демалатын орын, үйдің жанындағы монша, Оралханның өз қолымен отырғызған жеміс ағашы көзімізге ыстық көрінді. Бұрын Оралхан және оның ата-анасы, бауырлары тұрған бұл еңселі үй – мұражай болатын. Алтайдағы өзіндік орны бар, рухани дүниеге бай жазушы мұражайының әртүрлі себептермен жабылып қалғаны, әрине, өкінішті-ақ. Бұл – өзекті мәселе оң шешімін тауып жатса, Оралханның аруағы бір аунап түсіп, риза болар еді.
Әбдікәрім болыс атындағы Оралхан Бөкей білім алған орта мектеп бір Алтай ғана емес, Қазақстандағы бірегей білім шаңырағы саналады. 100 жылдан астам тарихы бар көне оқу ордасы бүгінде мұражайға айналып, Оралханның өмірін, шығармашылығын баяндайтын әртүрлі заттар, ескі суреттер мен құжаттар, жазған шығармалары орын алыпты.
Оралхан мәңгі жырлап өткен кербез де сұлу, өр Алтайдың күзгі көрікті көріністеріне көзің тоймайды, қарай бергің келеді, не деген ғажап, не деген сұлулық десеңші?! Осыдан талай жылдар бұрын Оралхан досымен Катонқарағайға барып қайтқан Тұтқабай ағамыз көркі мен сұлулығына перінің қызы ғашық болатын бұл өңірдің ерекше сұлу табиғатын, аузын ашса көмекейі көрінетін ізгі жүректі адамдарын, үлкен сүйіспеншілікпен әңгіме еткені әлі есімізде. Иә, Тұтқабай да, Оралхан да тау балалары, ал тау баласы тауға қарап өседі.
Қайтар жолда Оралханның ізін басқан талантты жазушы інісі, Тұтқабайдың жақсы көретін шәкірті, қазақтың нарқасқа жазушыларының бірі – Дидахмет Әшімханның Катонқарағай ауылында жуырда ғана бой көтерген ескерткішіне арнайы бұрылып, тағзым еттік.
Ертіс өзенінің бойында бой көтерген Өскемен қаласы Алтайдағы көрікті шаһарлардың бірінен саналады. Бұл – әсем қала жаздың қай мезгілінде болмасын ерекше сұлу. Қаланың көрікті орындарының бірі – Махаббат аллеясында болғанымызда осыған көзіміз анық жеткендей болды. Үлкен қаланың жаңа тұрғын ауданында бой көтерген Оралхан Бөкейдің ескерткішінің басында болған соң, көрнекті жазушының айрықша құрмет тұтатын ұстазы Сәбира Хайдарқызының шаңырағына соғып, сәлем бердік.
– Мен Катонқарағай ауданы, Шыңғыстау ауылындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Еңбек жолын жаңадан бастаған жас мұғалім ретінде 9 сыныпқа жүрексіне кіргенім әлі де көз алдымда. Үлкен терезенің жанындағы партада отырған шәкірттің басқа балаларға қарағанда ерекше сәнмен шаш қоюы, толқынды шаштарын сілкіп тастап, иегін сәл көтеріп, паңдана көз тастауы өзіне еріксіз назар аудартты. Оралханның ойлау жүйесі, сөз саптауы, құрдастарына қарағанда сол кездің өзінде-ақ айрықша ерекшеленіп тұратын. Барлық сабақты жақсы оқыды, әсіресе, қазақ тілі мен әдебиет пәніне деген ынтасы өте зор. Сабақтан бос кездері қолынан кітап түспейді, сұрастырып көріп едім, оқымаған кітабы жоқ. Сол кездегі қазақ-совет классиктерінің шығармаларымен өте жақсы таныс болып шықты. Шетелдік классиктердің де көптеген шығармаларын оқып үлгеріпті.
Үзіліс кезінде Оралхан кластас құрбы-құрдастарын әңгімеге тартып, үйіріп алатын. Әлі есімде, Оралхан Бөкей Жеңіс Тоғысов деген оқушымен бір партада отыратын. Екеуінің арасынан қыл өтпейтін нағыз достар еді. Оралхан мектеп қабырғасында жүргенде жазушы боламын деп армандайтын. Ал, Жеңіс болса, ұшқыш боламын дейтін. «Талаптыға нұр жауар» демекші, Оралхан да, Жеңіс те армандарына жетіп, бірі белгілі жазушы, екіншісі көк аспанды бағындырған ұшқыш болды, -дейді қарт ұстаз қос шәкіртін мақтаныш тұтып.
Есте қалар осы сапарда байырғы ұстаз Сәбира Хайдарқызының ұлы Талғат Қашқынбаев пен күйеу баласы Елтай Жұмабаев екеуі шығармашылық топтың жол бастаушысы болып, алаңсыз жұмыс істеуімізге барлық жағдай жасады, үлкен азаматтық танытты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Оралхан Бөкейдей Алтайдың ақиығын ардақтайтын, ұлтымыздың рухани байлығын әрқашанда бірінші кезекке қоятын қос бауырымызға риза болдық.
«Жол мұраты – жету» демекші, Алтайда екі тәулік аялдап, ұшаққа отырып, Түркістан облысына қарасты V-VI ғасырда Батыс-Түркі қағанатының жазғы ордасы болған қасиетті, киелі Түркібас жеріне, Тұқаңның, Тұтқабай Иманбековтың туған ауылы Ақбиікке жеткенше асықтық. Үлкен жолдың бойындағы білім шаңырағының жанынан бой көтерген көрнекті қаламгердің ескерткіші ерекше көз тартады. Тұқаңдай жан-жақты үлкен талант иесін қияға ұшырған Ақбиік ауылы қоңыр күздің сап-сары алтындай әсем түсіне бөленіп, бүкіл оңтүстік өңірі хан көтерген талантты перзентін сағынып, бір сәтке мұңая қалыпты.
Таланттың бір өлшемі – талғам шығар. Тұқаңның талғамына татығаны – қазақы шырыл мен шындық, жапырылмаған көк майсадай тұнық тіл, астаң-кестең көңіл-күй, сыршыл сырбаздық. Қаламгер лирикалық қазақ қарасөзінің асқан шебері еді.
Өмірден ерте озған қазақтың көрнекті жазушысы Тұтқабай Иманбеков қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған талантты қаламгердің бірі еді. Аз ғұмыр сүрсе де, артында мол әдеби мұралар тастап кетті. Тұқаңның «Жетім қыран», «Тұт ағашының көлеңкесі», «Үш айдың үш күні», «Үлкен үй» атты повестері мен романдарын қазақ оқырмандары осы күнге дейін іздеп оқиды.
Үлкен адамгершілікпен таланттың қос тізгінін қатар ұстаған қаламгерді елі, халқы ұмытқан жоқ, құрмет тұтады, қастерлейді. Тұқаңа туған ауылы Ақбиіктегі орта мектептің аты берілді. Бірнеше елді мекендерде көрнекті жазушының атындағы көшелер бар. ҚаламгерТүлкібас ауданының Құрметті азаматы атанды.
Тұқаң 50 жасқа толғанда қазақ әдебиетінің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлкен үлесі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Президумының Құрмет грамотасымен марапатталды. Тұқаң туралы айтар жүрекжарды сөз көп. Бір басына өнер атаулыны жаратқан иеміз үйіп-төгіп бере салған болмысы бөлек, қазақтың кереқарыс маңдайлы перзенті еді ағамыз. Тұқаңды елі сүйеді, жұрты сүйеді. Оның жарқын есімі біздің де жүрегімізде!
Түлкібасқа барған сапарымызда қазақтың көрнекті жазушысы, халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызмет» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Тұтқабай Иманбеков ағамыздың жақсы көретін қаламгер інісі Мархабат Байғұтты Таупістелі ауылына арнайы іздеп бардық. Тау қойнауындағы көрікті жерге орналасқан бұл ауылдың оңтүстік өңірдің рухани өмірінде алатын үлкен орны бар. 1995 жылы қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза, өзбекстандық қаламгер Назыр Фазыл бастаған қаламгерлер түбі бір, тегі бір түркі қаламгерлерінің бау-бақшасына алғашқы ағаш көшеттерін отырғызды. Бүгінде сол жас шыбықтар жайқалып өсіп, ну орманға айналды. 25 жылдан бері осы қасиетті жерде әрбір үш жыл сайын «Таупістелі тағылымы» атты түркі тілдес қаламгерлердің басқосуы өтіп, бүкіл түркі дүниесінің әдебиеті мен өнерінің өркендеуіне лайықты үлес қосуда. Осы игі істердің кең қанат жаюына талантты жазушы Мархабат Байғұттың қосқан үлесі шексіз.
Мархабат Байғұт әрдайым өзінің өмірлік ұстазы Тұтқабай Иманбеков ағасын сағынышпен еске алып, қаламгердің поэзиядағы, прозадағы асқан шеберлігіне жан-жақты тоқталып, үлкен баға берді.
Жуалы мен Түлкібас ынтымағы мен туысқандығы жарасқан біртұтас ел. Бүкіл түркі дүниесінің үлкен мақтанышы, аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов, Ұлы Отан соғысы жылдары ерен ерлігімен бүкіл әлемді аузына қаратқан баһадүр жазушы Бауыржан Момышұлы, әрқашанда шындықтың алмас қылышы болып жарқылдаған аса талантты жазушы Шерхан Мұртаза, қазақтың көрнекті жазушысының бірі- ақын, сазгер Тұтқабай Иманбеков ағаларымыз бұл қасиетті өңірді Жуалы-Түлкібас деп ешқашанда бөліп-жармай туған жеріміз, атамекеніміз” деп қастерлеп өтті.
Батыс-Түркі қағанатының қасиетті ордасы болған көне де қасиетті жерден сөз зергері асыл азамат Тұтқабай Иманбеков сияқты талай таланттардың қияға қанат қағатынына біз бек сенімдіміз. Өйткені, гүл өскен жерге, гүл өседі.
Өтіп бара жатқан заман-ай! Қарап отырсақ, Тұтқабайдай асыл ағаның мына фәниден өткеніне 25 жыл сырғып өте шығыпты. Желмен жарысқан жүйрік тұлпарды байлап қоюға болады, ал уақытты тоқтатуға ешкімнің құдіреті жетпейді. Уақыт – өмір, ал, өмір – жылжып ағып жатқан өзен. Арман – адам көңілінің ақжелкені, ол кейде сағымдай бұлдырап жеткізеді, кейде жеткізбей кетеді. Осындайда Тұқаң, Тұтқабай Иманбековтың «Әттең тонның келтесі-ай» атты әнін тыңдап, ойға шомасың, мұңға батасың.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы,
Халықаралық
«Түркі әлемі» телестудиясының
Бас директоры
Суреттерде:
Бауыржан Момышұлының қолтаңбасы, қазақтың көрнекті жазушысы
Тұтқабай Иманбеков жұмыс үстінде.
Алматы қаласы