Basty bet

Көптің көкейіндегіні дөп басты

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы көптің көңілінен шықты.
Біздің қазақтілді орта мұның қажеттілігін айқын түсінеді және тәуелсіздіктің қазақ үшін өте қымбат екенін жауапкершілікпен сезіне алады.
Бұл мақала қазақ халқын басынғысы келетін өресі тар, көрсоқыр, кеудемсоқ саясатшылардың қазақ мемлекетінің тарихы тереңде жатқанын айқын ұғындырды. Қазақтың жерді ешкімнен сыйға алмағанын ұқтыруы тиіс.
Мемлекет басшысы Қазақ тарихының 1991 немесе 1936 жылдан басталмайтынын, оның бастауы өте тереңде жатқанын аңдатты. Бұл осы уақытқа дейін айтылып келген сыртқы арандатуларға қойылған нүкте. «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет. Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы» деді Президент.
Бізде орыстілділер мен қазақтілділер әлеуметтік желіде айтысады да, жатады. Бұл кешеден келген жүйенің қалыптастырған кемшілігі және бүгін мемлекет құрушы ұлт мұның зардабын тартып отыр. Себебі, мемлекет біреу, ал тілі – екеу. Бұл мәселені де біржола реттейтін кез жетті. «Мемлекеттік тілді игеретін бағдарлама жоқ» деген жай сылтау ғана, ниет жоқ. Өз елінде тұрса да, мойындағысы келмейтін орысша ойлайтын отандастар мұны анық түсінуі тиіс.
Отыз жыл аз уақыт емес. Бірақ олқы соғып, көзге сүйелдей болып көрініп тұрған нәрселер әлі де бар. Оны жоятын уақыт та өтіп барады. Бүгін жедел жоймасақ, оның зардабы ертең өте ауыр болады.
Ия, бабалардың арман-аңсарымен, талай ұрпақтың қанымен, жанымен келген Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Мақалада мемлекеттік деңгейде мән беретін стратегиялық мәселелер жетерлік. Тек енді жүзеге ассын деп тілейік.

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
өлкетанушы,
аудандық тарихи өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері

Таңдаулы материалдар

Close