Basty bet
Жаңа жылда – жаңа баспана
Былтыр желтоқсан айының аяғында Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Нұрлыкент ауылында бір отбасы баспаналы болған еді. Баспана ауыл тұрғындарынан жиналған қаражатқа сатып алып берілді. Қайырымдылық жасаудан ауылдық округтегі ірі кәсіпкерлер де тыс қалмай, «BURNOYE SOLAR-1» ЖШС-нің директоры Нұрлан Қапенов және «Гамбург» ЖШС-нің директоры Георг Кох үй сатып алуға қол ұшын беріп, қаржылай демеушілік жасады. Бұл қайырымдылық шарасының Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен өткен жылы облыс көлемінде қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.
«Жақсылыққа жақсылық, әр кісінің ісі» деген ұстанымды ұстанған ауылдың жанашыр азаматтары Сиыр жылының қарсаңында көпбалалы, аз қамтылған Нәренбаевтар жанұясына бес бөлмелі үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыстады.
«Жетім көрсең, жебей жүр» демекші, ауылдың жанашыр азаматтары тұрмысы төмен, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыруды дәстүрге айналдырып отырғаны кімнің де болсын көңілін қуантып, жүрегін жібітпей қоймайтыны анық. Міне, біраз жылдан бері баспана тауқыметін тартып келген ауылдағы көпбалалы отбасына қолы ашық «Атымтай жомарт» азаматтар Жаңа жыл қарсаңында тосынсый жасап, жылы да, жарық үй сыйлап, бүлдіршіндерді шаттыққа кенелтті.
Баспаналы болған Нәренбаевтар отбасы туралы айта кетсем, отағасы Абай Нәренбаев жұмыссыз. Ал жұбайы Мәрия Аманбаева ауылдағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте еден жуушы болып жұмыс жасайды. Олардың отау құрғандарына биыл 16 жыл толып отыр. Көпбалалы жанұя. Бір баласы туғаннан мүмкіндігі шектеулі. Нәренбаевтар отбасына баспана кілтін табыстауға арналған жиынға тұрғындармен қатар Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев және округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назар қатысып, қуанышқа құтты болсын айтып, игі тілектерін жеткізді.
Жиналғандар алдында жылы лебізін білдірген азаматтардың қатарында ауылдың имамы Қанатбай Шәмшиев те болып, ол қайырымдылықтың шариғи мәніне тоқталды.
– Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл бар, – деді ол. – Алла Тағала қасиетті Құранда «Әнғам» сүресінің 160-аятында: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» деп баяндаған. Ал дана ата-бабаларымыз «Ер қолында мал тұрмайды, елек ішінде су тұрмайды»,- деген екен.
Жомарттық – көркем мінездің бір көрінісі. Жомарттық жасауда адамзаттың абзалы болған ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына жан салмайтын. Алла Елшісі барлық ізгі амалда адамзатқа өшпес өнеге қалдырды. Осынау өнегелі істі, яғни сүннет амалды жаңғыртып жатқан жомарт жандарға айрықша алғыс білдіремін.
– Өмірде шынымен де қамқор, жомарт жандар көп. Біздің өміріміз аз ғана уақытта көрген түстей өзгерді. Қиыншылықта өмір сүріп жүргенімізде, қайырымды жандардың қол ұшын созғанына ризамыз. Енді өз үйіміз бар. Балаларым жеке бөлмелерде сабақ оқып, ұйықтайтын болады. Ауыл азаматтарының бізге жасаған бұл жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Жаратқаннан жақсы адамдардың амандығын тілеймін. Қысылғанда көмек қолын созған барша ағайынға, ауылдастарыма жасаған жақсылығы үшін аналық ақ жүрегімнен алғыс айтамын, – дейді көпбалалы отбасының отанасы Мәрия апай.
Айдана ӨТЕГЕН,
№5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі