Basty bet

АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ – САУАПТЫ ІС

Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген аталы сөз бар. Асыл дінімізде де тал егу, жеміс ағаштарын отырғызу сауапты амал саналады.
Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішсе, бір адам еккен ағаштың көлеңкесі де көп адамға сая болады. Егілген жеміс ағашының жемістерін тек адам ғана емес, жәндіктер мен құстар да жесе, сауап болады. Осындай сауапты істі жүзеге асыру, ауылдық жерлерді көркейту, жасыл желекке айналдыру мақсатында Күреңбел ауылдық округі тұрғындарының, белсенді азаматтардың бастамасымен, әр жылдары туған азаматтардың қолдауымен ауылға кіреберіс қырдан бастап шырша отырғызу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалып, жазда сая, қыста қамал болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климатты қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.
Аталған игі бастама 2020 жылдың Тәуелсіздік күні мерекесінен бастау алып, содан бері ауыл аумағына 80 данаға жуық шырша ағаштарының көшеттері отырғызылды. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Айта кетсек, ауылдағы әрбір отбасы өз аттарынан естелік болсын деген ниетпен шырша көшеттерін отырғызуда. Осынау игі іс шараға шын мәнінде бастамашы болған, ауыл ағалары мен тұрғындарға алғыс білдіреміз.

Еркеғали НАҒАШЫБЕКҰЛЫ,
Күреңбел ауылдық округі әкімі аппаратының
бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close