Basty bet
Балаларға сапалы білім берілуі тиіс
«Достық» мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың қатысуымен білім бөлімінің алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскерлері мен мекеме басшылары шақырылды.
Алқа мәжілісін аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Назилия Тұрмаханбетова жүргізді. Н.Мәдібекқызы алқа мәжілісінің күн тәртібіндегі бірнеше мәселелермен таныстырып, сөз кезегін №16 Жуалы колледжінің директоры Медет Иманбаевқа берді.
Ол аталған білім мекемесінің өткен жылы атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталды. Бүгінде №16 Жуалы колледжінде 182 білімгер штаттық кесте бойынша екі ауысымда санитариялық талаптарды сақтай отырып білім алуда. Білімгерлер колледжде бес мамандықта оқытылуда. Жалпы білім ошағына 2019 жылы 50 грант бөлінген. Мұнда №1 мектеп-гимназияның, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның, №29 орта мектептің және М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушылары оқуға түскен. Баяндамашы аталған оқу орны еліміздегі ең үздік 180 колледждің қатарына кіріп отырғанын жеткізді.
Одан кейін аудан әкімдігі білім бөлімінің 2020 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Есепті білім бөлімінің басшысы жасап, өткен жылдың қорытындысын мәлімдеді.
Бөлім басшысы сондай-ақ, білім жүйесінің ақпараттандырылуы, оқулықпен қамтамасыз етілуі, оқушыларды тасымалдау және ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары, білім мекемелеріндегі үлгерім мен білім сапасы туралы мәліметтерімен бөлісті.
Сонымен қатар, бөлім басшысы күн тәртібіндегі тұрған екінші мәселені, яғни аудан әкімдігі білім бөлімінің 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту қажеттігін жеткізіп, алқа мәжілісінде 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Мәжілісте білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев әдістемелік кабинетінің 2020 жылы атқарылған жұмыстары туралы және білім бөлімінің сектор меңгерушісі Салтанат Қауқаева 2020-2021 оқу жылының І жартыжылдықтың үлгерімі мен білім сапасы және 2020-2021 оқу жылының І жартыжылдықтағы 11 сыныптың ҰБТ-ның сынама тесттің нәтижелері туралы баяндады.
-Құрметті әріптестер бар ауыртпашылықты ұстаздарға артып қоюға болмайды. Мектеп директорлары өз қызметі алдындағы жауапкершілігін дұрыс сезіне білуі тиіс. Сіздің жұмысыңыздың нәтижесін оқушыларыңыз көрсетеді. Сол үшін білім мен тәрбиеге аса мән беру керек. Әр мектептегі балаға басшы жауапты. Ата-аналармен де кері байланыс жасап, жұмысты дұрыс ұйымдастыру қажет. Бір айта кетерлігі қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге балалар тасымалданбайды. Балалардың келуіне ата-ана тікелей жауапты. Ал, сіздер ұйымдастыру, бақылау жұмыстарын жүргізесіздер. Осы мәселе бойынша ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, баланың уақтылы сынама тестіне қатысуын қадағалау қажет, – деді білім бөлімінің басшысы Н.Мәдібекқызы.
Сондай-ақ, білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Гүлназ Сатарова кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың және суицидтің алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстары туралы хабарлады.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ернұр Маратұлы «Біздің негізгі мақсатымыз – балаға сапалы білім мен тәрбие беру. Олардың азамат, тұлға болып қалыптасуына атсалысу. Өйткені, бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы. Сол үшін мектепте балаға жақсы сапалы білім берілуі керек. Ол үшін де әрбір ұстаз өзінің біліктілігін арттырып, жұмысты дұрыс ұйымдастыру қажет. Баланың болашағы – сіз бен біздің қолымызда. Мектептегі жұмыстың сапасы тікелей мектеп директорына байланысты. Басшының жауапкершілігі жоғары болса, оның ұстаздары мен оқушылары жаман көрсеткіш көрсетпеуі керек. Әрбір бала білім алуға құқылы. Олар осы мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білуі тиіс. Қысқасы, балаға сапалы білім берілуі керек» деді.
Алқа мәжілісінде мектептегі білім сапасын көтеру қажеттігіне аса мән берілді. Қазіргі еліміздегі эпидахуалға байланысты санитарлық талаптарды қатаң сақтау тапсырылды. Алқа мәжілісінде білім бөліміне қарасты мекеме басшыларына тәрбие жұмысын күшейту, түлектердің ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, білім сапасын көтеру және өзге де тапсырмалар берілді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»