Basty bet

Жуалылық тағы бір майдангер ұлықталды

көктөбелік қызыл әскер Мұраталы Нысанбаевтың рухы елімен қауышты

Биыл адамзат тарихындағы аса ауыр да, сұрапыл шайқастардың бірі – Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толады. Ол аяқталып, Жеңіс туы желбірегелі де бірнеше буын ауысқанымен, сол сұм соғыстың салған жарасы жүректерде әлі сыздайды.

Қан майданнан оралмай, із-түзсіз кеткен боздақтар әлі қаншама десеңізші! Олардың деректерін анықтап, есімдерін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі шаруа. Облыстық «Парыз» қоғамдық бірлестігінің мәліметіне қарағанда, бүгінде Кеңес Одағы аумағындағы ірі 15 шайқаста 10 мыңнан астам әулиеаталық із-түзсіз жоғалған болып есептеледі. Демек, бұл осыншама боздақтың қалған ұрпақтары қайғы жұтып, әкесін, бауырын, бабасын іздеуде деген сөз.
Дей тұрғанмен, бүгінгідей ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда артында қалған туыстар мен перзенттер де қол қусырып қарап қалмай, Интернеттегі түрлі дереккөздерді пайдаланып, майдангер бауырын, атасын іздеп тауып, есімдерін ұлықтап жатады. Осындай қуанышты жайттарға өзіміз де ара-тұра куә болып жүреміз. Бұл туралы газетімізде жиі жарияланып жатады.
Көкбастау ауылдық округінің Көктөбе ауылында тұратын Нысанбаевтар әулетінің атасы, Қызыл әскер жауынгері, Ленинград құрсауында болған шайқастан хабар-ошарсыз кеткен Мұраталы Нысанбаевқа іздеу салғалы талай көктем, талай жаз өтті.
Мұраталы Нысанбаев майданға дейін ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. 1941 жылы төтеннен Ұлы Отан соғысы бұрқ ете қалғанда, танк дивизиясына танкіші болып алынып, Ленинград майданының қарамағына жіберіледі. Қоршауда қалған қаланы неміс басқыншыларынан азат ету үшін кескілескен ұрыс 900 тәулікке жуық жалғасады. «Нева алаңқайы» деп аталатын алғы шепте опат болған майдангерге туған жердің топырағын көру бақыты бұйырмады.
Көңілге бір медет ететіні, Мұраталы майданға аттанғанда, артында бір айдан енді асқан шақалақ Сейсеннің қалғаны. Ұлы Сейсен есі кіргеннен өмірінің ақырғы күндеріне дейін әкесінің бір хабарын күтіп, елеңдеумен жүреді. Оның артында қалған бес ҰЛ, екі қыз да майдангер атасының бір дерегі шығып қалар деген үмітпен күн өткізіп жатты.
Міне, Мәскеуден, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінен келген хабарлама Нысанбаевтарға тосын жаңалық болды. Шайқас болған маңда тынымсыз іздеу жүргізген ресейлік іздеушілердің қажырлы еңбегінің арқасында экспонатқа қойылған «Т-110» танкісінің түбінен жауынгердің дерегі жазылған медальон табылған. Онда Қызыл әскер жауынгері, жуалылық Мұраталы Нысанбаевтың өзінің, туған жеріндегі туыстарының мәліметі жазылыпты.
Іздеушілер мәлім болған жайтты тез арада РФ Қорғаныс министрлігіне жеткізеді. Ресей қорғаныс ведомствосы өз кезегінде Ресейдің Қазақстандағы елшілігіне және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей ғылым және мәдениет орталығына хабарлайды. Хабарлама жамбылдық ерікті із кесушілер Ольга Александровна Сағындықова мен Михаил Анатольевич Платовқа жетіп, олар Көктөбе ауылында тұратын майдангердің немересі Мұсаттың үйіне көзайым хабарды ала келеді.
Өткен сенбіде Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде тағылымды шара болды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының директоры Анатолий Коропченко, жамбылдық ерікті із кесушілер Ольга Александровна Сағындықова мен Михаил Анатольевич Платов музейге арнайы келіп, майдангердің ұрпақтарымен және туған-туыстарымен, жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді.
– Тарихи деректерге қарағанда, Ленинград майданындағы кеңес әскерлерінің Ленинград үшін шайқас барысында 1941 жылдың күзінен 1943 жылдың қысына дейін ұстап тұрған Нева Дубровкасына қарсы Нева өзенінің сол жақ шығыс жағалауындағы бекіністің шартты атауы Нева алаңқайы деп аталған. Осы бекіністен кеңес әскерлері шығыстан соққы берген жау күштеріне қарсы Мгу және Синиявиноға шабуылды бастауға, сөйтіп Ленинград қоршауын бұзуға бірнеше мәрте әрекеттенген. Бекіністі кеңейту және шабуылды өрістету әрекеттерінің сәтсіз аяқталғанына қарамастан Нева алаңқайы кеңес жауынгерлерінің ержүректігінің, батылдығы мен жанқиярлығының символы болып қалды, – деді ерікті із кесуші Ольга Сағындықова.
– 1941 жылғы 29 тамызда 16-неміс армиясының бөлімдері Ленинградқа шығыстан шабуылдап, Нева өзеніне шығады, бір аптаның ішінде Киров темір жолын кесіп өтіп, шабуылды өрістете отырып, Шлиссельбургті алады. Ұзақтығы 872 күнге созылған Ленинград құрсауы басталады. Қоршаудың ең басынан Қызыл армия оны бұзуға барынша күш салады. Кескілескен ұрыс Нева алаңқайында өтті. Бұл – сол жағалаудың бойында 200 метр, орман жолағының үстіндегі алақандай жер. 1942 жылдың қысында КСРО Жоғары қолбасшылығы 54 жеке армияға Синявино мен Мгуға шығыстан соққы беріп, Ленинград қоршауын бұзу міндетін қойды.
Ленинград майданының әскерлері Неваны бұзып-жарып өтіп, бірқатар бекіністерді басып алуы және 54-армияның алдынан шығып, шабуылды өрістетуі тиіс болды. Осы жоспарды іске асыру үшін Нева жедел тобы құрылды.
Нева өзенін кесіп өтпек болған кеңес әскерлері немістердің жойқын қарсылығына тап болған. Нева алаңқайында жан алысып, жан беріскен ұрыстар жүрді. Осындай тарихи шайқастардың бірінде, әсіресе «Т-110» танкісіндегі үш танкішінің жанқиярлық ерлігі кеңес әскерлеріне үлкен рух берді.
Жарылған бомбаның салдарынан танкінің шынжыртабаны үзіліп, бүкіл корпусы шұрқ тесік болып, жарамсыз күйге келген. Сол араға келген кеңес және неміс әскерлері танк біржола жойылды деген оймен кері шегінген. Алайда, танкіде дін аман қалған үш танкіші аязда ас-сусыз 77 сағат бойы болып, қайта шабуылға шыққан неміс күштеріне қарсы танкіден оқ атқан.
Анатолий Коропченко осылай дей келе, шайқас болған маңдағы музейге экспонатқа қойылған осы танкінің түбінде іздеу жұмыстарын жүргізген із кесушілердің жуалылық майдангер Мұраталы Нысанбаевтың жауынгерлік медальонын тапқанын айтты. Ресей Қорғаныс министрлігінен із кесушілер жеткізген осы медальонның ішінен қызыл әскердің жеке басы мен туған-туыстары туралы жазбаны алып, оны үлдір таспамен қаптап, Қазақстанға жолдаған екен.
Анатолий Алексеевич майдангердің немересі Мұсат Нысанбаевты ортаға шақырып, осы ламинатталған жазбаны табыс етті.
Кездесуге келген үлкенді-кішілі Нысанбаевтар әулеті майдангер атасы туралы игі хабарды ала келген қонақтарға терең алғысын білдіріп, оларға қазақы дәстүрмен шапан, қалпақ және қамзол кигізді. «Көктөбе» мешітінің имамы Алғабек Сүгірбеков Отан қорғау жолында қаза тапқан сарбаздың шейіт кеткен болып есептелетінін айтып, майдангердің әруағына арнап Құран аяттарын бағыштады.
Ерлікті шын құрметтейтін ұрпағы тұрғанда аға ұрпақтың ерлігі мың жасайды! Өйткені, Ерлік мәңгі өлмейді!

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close