Basty bet

Мемлекеттің қолдауы – жастарға үлкен көмек

Бүгінде қаншама жас маман тұрақты жұмыспен қамтылып, туған елінде, жерінде елеулі еңбек етуде. Олардың алға қойған мақсаты, бағыты айқын. Ол – өзімнің ауылым көркейсе, соған сәл де болса үлесімді қоссам деген жақсы ниет. Ізгі арманның жетегіне еріп, тәуекелге бел байлап, туған жеріне келген осындай жас мамандарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы қолдайды. Осындай талапты жас маманның бірі – Айжан Орынхан.

«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» деп, Абай атамыз айтқандай, өмірдегі ең жақсы, ең адал, ең жауапты, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін ұстаз мамандығын таңдаған жас маман №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
Айжан Әбілханқызы 1994 жылы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбілхан Шоғалбаев газ шаруашылығы қызметкері болған, анасы Гүлмира үй шаруасында. Отбасында үш ағайынды. 2011 жылы осындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті бітірген соң Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына грант негізінде оқуға түседі. Оқуды 2015 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады.
– Сол жылы «Тараз болашақ» колледжіне өз мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Аталған колледжде екі жылға жуық жұмыс істеп, 2017 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылындағы Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналастым. Осында жүріп, аталған бағдарламаның көтерме ақшасын алдым.
Тараз қаласындағы жұмыспен қамту орталығынан туған ауылым Көлбастаудағы орта мектепке орыс тілінің мұғалімі керек дегенді естіп, 2018 жылы өзім білім алған мектепке жас маман ретінде мұғалім болып ауыстым. Құжаттарымды баспана алуға өткізіп, 2019 жылы Көлбастау ауылынан баспана алдым. Осы мектепке алғаш келгенімде жас маман ретінде маған тәлімгер етіп Гүлжахан Сабееваны бекітті. Ол кісі өз білімімен бөлісіп, білмегенімді үйретіп, көп жерде қолдау көрсетті.
Мұғалімдікті таңдауыма себеп болған өзімнің жеңгем мен әпкем болатын. Соларға қарап, мен де өскенде мұғалім боламын деп армандадым. Ал орыс тілі мамандығын таңдауымда өзімнің сынып жетекшім Жанар Қадырқұлованың көп септігі тиді.
Ұстаз әрқашанда ізденіс үстінде болу керек деп ойлаймын. Елбасымыз атап өткендей: «Біздің, басты байлығымыз – адам, және адамдағы бар жақсылық – мұғалімнен». Елбасы сөзі қашанда бізге қанат бітіреді. Ұстаздар қауымына жүктелер жауапкершілік жүгі қашан да ауыр . Өйткені Қазақстанның болашағы – қазіргі жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың тәрбиесі ұстаздарға байланысты.
Азамат Әбеев басқарып отырған үлкен педагогикалық ұжымда жұмыс істеп жүргеніме мақтанамын. Аталмыш мектептегі ауданымызға танымал қаншама ұстаздардан үйренерім әлі көп, – дейді жас маман Айжан Орынхан.
Үміт пен сенімнің ақталғаны қандай жақсы. Мемлекет тарапынан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қабылданып, ол өз кезегінде Айжан сияқты жас мамандарға қолдау көрсетіп отырса, сенім үдесінен шығуды әрбір жас маман алдына мақсат етіп қоятыны анық. Айжан өз сөзінде ары қарай магистратура, докторантура оқып, білімін шыңдағысы келетінін айтады. Ол бағдарлама аясында жас мамандардың жас мөлшерін 29 емес, одан жоғары етіп белгілесе деген тілегін де жеткізді. Өйткені, кейбір жастар мамандық таңдаудан қателесіп, екінші оқуды аяқтаймын дегенше 29 жастан асып кетіп жатады. Мұны да ескерген жөн сияқты.
-Болашақта оқушыларымды биік белестерден көрсем, сол үшін өзімнің кішкене де болса үлесім тиген болса, сонда ғана өзімді бақытты ұстаз деп есептеймін,- дейді жас ұстаз.
«Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан» демекші, мұғалімнің тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, бағытынан айнымайтыны анық. Біз де білім мен ғылымның қия жолын таңдаған жас мамандарға қанаты талмай жас ұрпақты тәрбиелей беруіне тілектеспіз.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close