Basty bet

Ауданда ерікті түрде вакцинациялау басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпемен ерікті түрде вакцинациялау басталды. Бұған дейін жасалған келісім негізінде Қарағанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясын жеткізген болатын.

Сәрсенбі күні Жуалы ауданына да облыс орталығынан «Спутник V» вакцинасының 50 дозасы жеткізілді. Аудандық орталық аурухана басшылығының мәліметінше, қауіпті вирусқа қарсы вакцина бірінші кезекте тәуекел тобындағы медицина қызметкерлеріне салынбақ. Иә, осы күні аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері, аурухананың медицина қызметкерлері аталған екпені салдырды.
-Вакцина салдыру – коронавирустық инфекциясының алдын алудың бірден- бір жолы. Адамзаттың бұл індетпен күресіп жатқанына бір жылға жуықтады. Былайша айтқанда, қазір адамзаттың тағдыры сынға түсіп отыр. Бұл ретте халықты ерікті вакцинациялаудың маңызы зор. Вакцинаны қабылдау арқылы адамдарда ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Бұл – өз денсаулығыңды сақтаудың, жақындарың мен қоғамды сақтаудың төте жолы. Әрине, вакцина салу ерікті түрде жүргізіледі. Ешқандай мәжбүрлеу жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты вакцинациялаудың алгортимін жасады. Вакцинациялау осы алгоритм негізінде жүргізілу үстінде. Мен де бүгін індетке қарсы екпе салдырдым. Әзірше ешқандай ауырсыну, ағзада ауытқу пайда болып отырған жоқ. Қорыта айтсам, бұл аты жаман індеттің қашан ауыздықталатыны белгісіз. Сол себептен халық сақтық шараларын сақтап, өздерімен қоса жақындарын бұл індеттен сақтағандары жөн,- дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Ілиясұлы.
Вакцинациялау – бұл өте жауапты науқан болғалы тұр. Себебі, дәрігерлер КВИ-ға қарсы екпеден кейін адам ағзасында вирусқа қарсы иммунитет пайда болады дегенді алға тартып отыр. Екпе салар алдында медицина қызметкері егілетін адамды міндетті түрде қарап, тексереді. Медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда сауыққаннан кейін ғана екпе салдырады. КВИ-ға қарсы екпе салдырғаннан кейін егілген адамға 30 минутта және иммундаудан кейін үш күн бойы медициналық бақылау жүргізіледі. Егер бақылау кезеңінде екпе жасатқан адам өзін нашар сезінетінін байқаса, дереу тұрғылықты жердегі емханаға қоңырау шалып немесе учаскелік дәрігерді үйге шақыртуына болады. Екпеден кейін де санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, қоғамдық орындарда бетперде тағып жүрген абзал.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вакцинациялау туралы арнайы шығарған жадынамасында: «Ең алдымен халықтың осал топтары коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдыруы тиіс. Олар коронавирус инфекциясын жұқтырып, таратуға бейім боп келеді. Одан әрі иммундауға жататын халықтың қалған топтары қамтылады. Бұл әлеуметтік топтарға медицина қызметкерлері, педагогтар, полицейлер, сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары жүйесі, тыныс алу мүшелері жағынан созылмалы аурулары бар, қант диабеті бар адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті жатады» делінген.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close