Basty bet

Саяси кеңестің отырысы өтті

«Nurai Plaza» кешенінде Nur Otan партиясы Жуалы аудандық филиалының Саяси кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков және партия аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, депутаттар, БПҰ жетекшілері және жастар, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтық қоғамдық штабының атқарған жұмысы туралы Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова баяндама жасады. Баяндамашы ҚР Президенттігіне кандидаттың аумақтық қоғамдық штабының атқарған жұмыстары, жүргізген іс-шаралары мен кездескен проблемаларына тоқталды. Сонымен қатар, штаб жұмысына облыс тарапынан оң баға берілгенін, ешқандай сын-ескертпелер болмағанын, желілік кестедегі шаралармен шектелмегенін, ауылдық округтердегі барлық тұрғындармен кездесу ұйымдастырылғанын баса айтты. Анар Садыққызы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде жариялаған іс-шаралар бағдарламасына тоқталды.
Баяндамадан соң жарыссөзге кезек беріліп, алғаш болып сөзді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев алды. Ол еліміздегі ең басты мәселе халықты жұмыспен қамту және айлық жалақы мәселесі екенін айтты. Сейітхан Шерелханұлы ауданымыздағы таулы аймақта орналасқан Қошқарата және Боралдай елді мекендерінде жұмыс көзі жоқтығын назарға алды.
Ал, аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» директоры Сәбитхан Қожанов өз саласы жайында әңгіме өрбітті. Ол «Қарапайым заттар экономикасының» мақсатын тұрғындарға әлі де түсіндіру керектігін, масылдықтан арылу қажеттігін, тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін қаржыға қарап отырмауын баса айтты.
Аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту керектігін тілге тиек етіп, яғни, ол жол салудағы сапасыздық пен мектеп асханаларындағы олқылықтар туралы айта келе, бұл мәселеге техникалық қадағалаушыларды қосу қажеттігін ұсынды.
Сонымен қатар, жиында Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Алмас Әуесхан сөз алып, жаңадан кәсіп ашып жатқан кәсіпкерлерге көмек-қолдау керектігін және оларға жеңілдетілген несие берілсе деген ұсыныс білдірді. Кәсіпкерлерге несие берудің талаптарының қаталдығынан несие алу қиын екенін жеткізді.
Жарыссөзде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Мейіржан Телеушов жастар мәселесін көтеріп, «Қайырымдылық» дүкенінің жұмысын жандандыру үшін көмек-қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді.
Отырыста аудан әкімі ұсынылған ұсыныстарды ескеретінін, алдағы уақытта аталған он бағытта межелі, мақсатты жұмыс жасау керектігін назарға салды.
Жиында ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтық қоғамдық штабының атқарған жұмысы және кандидаттың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты ұсыныстар туралы қаулы қабылданды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close