Basty bet

Сала басшылары салғырттық танытпасын

Өткен жұмада аудан әкімінің есеп беру жиыны Б.Момышұлы ауылы әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Оған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Нұралиев, ұсыныс берілген сала басшылары мен мекеме басшылары, тұрғындар қатысты.

Жиынды Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының сектор меңгерушісі Нұрпейіс Мұратов ашып, жүргізді. Ол күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырып, сөз кезегін учаскелік полиция инспекторы Дидар Бегімге берді.
Учаскелік полиция инспекторы 2020 жылдың 12 айында Б.Момышұлы ауылында атқарылған жұмыстар және орын алған қылмыстар бойынша тұрғындар алдында есеп берді.
Одан кейін аймақта атқарылған жұмыстар туралы ауыл әкімі аппаратының сектор меңгерушісі Нұрпейіс Аяпбергенұлы және аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы өңірде атқарылған жұмыстарға арналған қорытынды баяндама жасады.
Баяндамадан соң кезек жарыссөзге берілді. Жарыссөзде Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов сөз алып, ауылдағы арық-атыздар мен жаяу жүргіншілер жолдарына көңіл бөлінсе, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін орталық құрылса, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жандарға арналып Аллея ашылса, қарияларды тарихи орындарға саяхаттауға ықпал етілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, азық-түлік бағасының күрт өсуін қадағалап, баға назарда ұсталса, қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртазаға ауыл, көше атаулары беріліп, оның атындағы саябаққа көңіл бөлінсе, көркейтілсе деген тілегін білдірді.
Ал, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов «Ауылдағы учаскелік полиция инспекторларына көлік жетіспейді. 83 көшесі бар аудан орталығының тыныштығы мен тәртібін сақтау үшін де оларға көлік жеткілікті болуы қажет. Орталықтағы үлкен көшелердің бірі Тәуелсіздік көшесіне суағар науа қою керек. Өйткені, қазіргі таңда көшеге тоғаннан келген су асфальттің үстіне жайылып, жамылғысын бұзып жатыр. Сонымен қатар, Ш.Қалдаяқов, Қойгелді батыр, 8 Наурыз, Бәйдібек көшелеріне жарық шамдарын орнату керек. Көпті мазалаған қаңғыбас иттерді жою мәселесімен де жіті айналысу керек. Ит иесінің жауапкершілігін арттыру қажет» деді.
Жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны Асылбек Айдарқұлов өткен жылы есеп беру жиынында көтерілген мәселесінің шешімін таппағанын айта келе, жылыжай салуға әлі күнге дейін жер берілмегенін айтты. «Кеңбұлақ көшесі 8-бен 16-да арықтан төмен орналасқан су құбырларына (бұрын гидранттар тұрған) бір-бір бетон шығыршықтан жетіспейді. Өзіміз амалдап, көліктің дөңгелегін жан-жағына қойып, бетін жауып алғанбыз. Алайда, дұрыс жабылмағандықтан, ойнап жүрген балалар түсіп кеткен жайт та кездесті. Жанқожа батырдан Кеңбұлақ көшесіне бұрылатын жерде бұрын су ағып тұратын гидрант бар болатын, ол бүгінгі таңда жабылып қалған. Бірақ, ол жерде қазір астынан су ағып жатыр. Көшеде жүк көлігі өтіп еді, бір шеті опырылды. Бұл жайттарды «Жуалы-су» мекемесіне үш рет барып, айтып, өтініш жазып кеткен болатынмын. Алайда, ешқандай қорытынды жоқ. Содан бері біраз уақыт өтті. Сонда біз ондай жерде бір төтенше жағдай орын алса ғана істі қолға аламыз ба? «Жасыл Жуалы» мекемесі биыл қыста құм сеуіп, қарды дұрыстап тазаламады. Әсіресе, ауданның кіші көшелерінде жұмысты көрмедік. Мекеменің жұмысшылары трактормен келіп, қарды бір шетіне ысырып тастап кете барады. Қыстың өткен күндерінде аяз болғанда жер мұз болып, тайып жығылып жатқан тұрғындар көп болды. Тағы бір мәселе, темір жолдың астындағы көпірдің айналасы кеңейтілсе, көлік қозғалысы оңай болар еді. Сондай-ақ, орталық саябақтың жоғары жағындағы көше бұрылысы да көлік жүргізушілеріне тарлық етеді. Жер тайғақ болған күндері соғысып жатқан көліктерді көзіміз көрді» деген мазмұндағы сұрақтарын қойды.
Жиында тұрғындар белсенділік танытып, әртүрлі мәселелерді көтерді. Сондай мәселенің бірін көтерген Дарихан Сыдықова «Ауданның учаскелік полиция инспекторлары неге кіші көшелерді араламайды? Тек орталық көшелердегі тыныштықты күзетпей, осындай аймақтарға да көңіл бөлгендері дұрыс. Өйткені, түнгі уақыттарда кейбір тұрғындар көлікпен келіп, сай-салаға қоқыстар тастап кетеді» деді. Ал, ауданның Құрметі азаматы Шәкіржан Мамаджанов «Жібек жолы көшесіндегі көлік жөндеу орталығы маңына тұрғындар көптеп қоқыстар тастайды. Кезінде ол жерде бейнебақылау да орнатылған. Оны сындырып кетті. Алда күн жылынып, көктем келгенде, қоқыстар жан-жаққа ұшып, ауылдың тазалығына нұқсан келеді. Сонымен қатар, екінші сауалым – мен аудандық ауруханада диспансерлік есепте тұрамын. Ауруым бойынша ауруханадан тегін дәрі алып тұрамын. Өткен жылы неге екенін білмеймін, тегін дәрілер ала алмай, Nur Otan партиясы аудандық филиалына хабарласып жатып, маған дәрі берілді. Сонда ауруханадағы кіші қызметкер маған бір қорапты алдыма қойып, «міне, қалаған дәріңізді ала беріңіз» деді. Яғни, мен мұнымен айтайын дегенім біріншіден, қызметкерлердің тұрғындармен қарым-қатынасын жөндеу керек және есепте тұрған адамдарға тегін дәрілерді беруді дұрыстау қажет» деген пікірін айтты.
Ауыл тұрғындарынан түскен сұрақтарға аудан әкімі жауап беріп, тиісті сала басшыларына мәселенің шешімін табу тапсырылды. Сонымен қатар, кейбір мәселелер бойынша аудан әкімінің қабылдауына өтініш білдірушілерді жазды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close