Basty bet
Билікөлде газ тарату станциясы салынады
Өткен жұмада аудан әкімінің есебі шалғайда орналасқан Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылының мәдениет үйінде де өтті. Жиын жұмысына аудандық әкімдіктің тиісті бөлім, мекеме басшылары және ауылдық округ тұрғындары қатысты.
Есеп беру жиналысын ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиев ашып, жүргізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауылдық учаскелік полиция инспекторы Б.Алменбетов есеп берді. Полиция инспекторының айтуынша, былтырғы жылы аймақта төрт қылмыс тіркелген, оның біреуі пәтер тонау болса, үшеуі мал ұрлығы. Тіркелген қылмыстың барлығы ашылған. Ауылдық округтегі ең өзекте мәселе – мал ұрлығы. Оның басты себебі, жайылымдағы малдардың қараусыз, бақылаусыз қалуы. Сондықтан малға сенімді күзет, жайылымда болса да оларға тәулік бойы бақылау керектігі ескертілді.
Учаскелік полиция инспекторының баяндамасынан соң ауылдық округ әкімі Т.Әмірәлиев өткен жылы атқарылған жұмыстар жайлы есептік баяндама жасады.
-Билікөл ауылдық округінде барлығы төрт елді мекен орналасқан, жалпы халық саны 1558, оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастар саны 622, зейнеткерлер 171 және экономикалық белсенді тұрғындардың саны 765-ті құрайды. Билікөл ауылдық округі әкімінің аппараты штаттық кестеге сәйкес жасақталған және өздерінің функционалдық міндеттеріне сай қызмет атқаруда.
Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кейін үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну қағидасы бойынша 60 электронды түрде өтініш түсіп, өтініштер қанағаттандырылып, оқушылар тегін тасымалдануда,- деді өз сөзінде ауыл әкімі. Өткен жылы ауылдық округ үшін табысты жыл болғанын, яғни Қарабастау ауылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында үздіктердің қатарынан табылып, жүлделі ІІІ орынды иеленгені туралы да жиында айтылды.
Кезек аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді. Аймақ басшысы былтырғы аудан көлемінде атқарылған ауқымды істерді жан-жақты қамтып және осы ауылдық округте атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Аудан әкімі ағымдағы жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, елді мекендерге газ тартуға автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГРС) құрылысы басталатындығын айтып, округ тұрғындарын бір қуантып тастады. Аудан басшысы өз баяндамасында 2021 жылы ауданда атқарылатын жұмыстарға да тоқталды.
Жарыссөзге ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов шықты.
-Былтыр Қарабастау ауылына ауызсу кіргізіліп, тұрғындар таза ауызсудың пайдасын көруде.
Ауылда көптеген қайырымдылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Ауылдағы кәсіпкерлердің демеушілігімен 20 шақты ардагер газет-журналдарға тегін жазылды. Ауылдың жастары 3 миллион теңге жинап алаңды, бастаудың басын қоршады. Ауылдық округте басқа да игі істер көп,- деді ардагер.
Еңсебек Түгелбайұлы өз сөзінде аудан және ауылдық округ әкімінің 2020 жылы атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға бере отырып, ауылға жоғары жылдамдықты интернет орнатылса деген тілегін де жеткізді.
Одан кейін жарыссөзге Қарабастау ауылының тұрғыны, зейнеткер, ауданның Құрметті азаматы Мәдіхан Рахманқұлов шықты.
– Қарабастау ауылының А.Әлімбетов, С.Слямханов, М.Таржанов көшелеріне және орта мектеп пен дәрігерлік амбулаторияға бір трансформатор арқылы электр энергиясы таратылып отыр. Төменгі көшелерде электр қуатының мөлшері өте төмен. Кешкі уақыттарда электр қуатының төмендеуі оқушылардың сабақ оқуына кедергі келтіруде. Сол себептен №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектеп ауласындағы жаңа трансформаторды іске қосып, сол трансформаторға мектеп пен дәрігерлік амбулаторияны және А.Әлімбетов көшесінің 10 тұрғын үйін қосса жоғарыдағы аталған мәселе өз шешімін табар еді. Осы ұсынысымды қабыл алып, тиісті шаралар қабылдасаңыз,- деп өз ұсынысын жеткізді.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиын барысында сөйлеген әрбір тұрғынды мұқият тыңдап, жиын соңында олардың қойған ұсыныс, сұрақтарына жауап беріп, ауыл тұрғындарын алдағы уақытта бірлесе отырып жұмыс істеуге шақырды.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»