Basty bet
Ауруханадағы жауапты бөлімнің бірі
Денсаулық – зор байлық. Адамзат баласы денсаулықтың қадірін коронавирустық инфекцияның таралуымен байланысты болған пандемия кезінде аса қатты түсіне бастады. Қазір әлем елдерінде денсаулыққа, жалпы өмір сүруге байланысты дағдылар біртіндеп өзгеру үстінде. Әрине, бұған әсер етіп отырған факторлар өте көп.
Тұрғындарды ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге үндейтін мекемелердің қатарында аудандық орталық аурухана да бар. Онда адам өмірі мен халық денсаулығына жауапты өзге де бөлімдермен қатар профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімі емделушілерге өз деңгейінде қызмет көрсетуде.
Профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің мақсаты – скринингтік тексеру жүргізу, алдын ала және мерзімдік тексерулерді ұйымдастыру, қауіп факторлары бар адамдардың ауруларын ертерек анықтау, емдеу-сауықтыру іс-шараларын жүргізу, санитариялық-гигиеналық тәрбие беру және саламатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Аталған бөлімнің меңгерушісі өз ісінің білікті маманы Динара Даниярова.
Профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінде психолог мамандар және орта медперсоналдар, яғни, әлеуметтік қызметкерлер мен СӨС медбикелері қызмет атқарады.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру құрамына зиянды әдеттерге қарсы бөлім кіреді. Тиісінше, бұл бөлімнің де мамандары халықтың саламатты өмір салтына деген көзқарасын қалыптастыру, сонымен қатар теріс әлеуметтік құбылыстардың әсерінен қорғау тетіктерін қалыптастыру және өз таңдауы үшін жеке жауапкершілікті сезіну бағытында жұмыстар атқарады.
Бұл бөлімнің құрамына «Денсаулық мектебі», «Қант диабеті мектебі», «Бронх демікпесі мектебі», «Артериялық гипертензия және жүректің ишемиялық аурулары мектебі», «Қауіп-қатердің тәртіптік факторлары мектебі» кіреді.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру медбикелері Гүлшат Шохатова мен Кәмшат Әміреева мектеп оқушыларының арасында және колледж студенттеріне ерте жүктіліктің алдын алу, психологиялық зиянды әдеттер туралы ашық сабақтар мен дөңгелек үстелдерді, бейнероликтерді жоспарға сай өткізіп отырады. Мектеп оқушыларының арасында «Жұқпалы аурулар», «Зиянды әдеттердің алдын алу» тақырыбында диктант жазылып, өзара сараптау жұмыстарының да жүргізіліп отыратынын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, профилактика бөлімі кез келген жастағы азаматтарға медициналық және психологиялық көмек көрсетеді.
Бөлімнің психолог дәрігерлеріне, терапевт дәрігерлер арқылы, «DAMUMED» бағдарламасымен алдын ала жазылып, жолыға аласыз. Үйге шақырту, баламен немесе азаматпен жеке сөйлесу амалдарын да халық еркін қолдана алады. Халықпен бірлесіп жұмыс жасап жүрген психолог мамандардың қатарында Азамат Асқар, Бауыржан Абылайхан, Венера Сейтаева сынды мамандар бар.
Психолог мамандарына жүгіну барысында бір-бірімен сөйлесу, қызықты семинарларға, тренингтерге, “дөңгелек үстелдерге” қатысу, оларды қызықтыратын кез келген мәселелер бойынша білікті және қолжетімді кеңес алуы үшін тиімді жағдайлар қарастырылған.
Сонымен қатар, профилактика бөлімінде Гүлжан Сыздықбаева, Мөлдір Жасұланова, Арай Қуатбек, Айнұр Досмаханова әлеуметтік қызметкерлер ретінде мүгедек жандарға көмек көрсетеді. Олар өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың көптеген шешілмеген мәселелеріне белсене араласып, шешімін табуға сол кісілермен толыққанды жұмыс жасайды. Үйге шақыртумен барып қан талдауларын алып, уақтылы дәрі-дәрмектерін беріп отырады. Олар жалпы ахуалды өз назарларында жіті бақылап, мүгедек жандар ғана емес жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп, топтық іс-шараларға да белсене қатысады.
Профилактика бөліміне «Отбасын жоспарлау мектебі» кіреді. Мұнда медбике Аякөз Әбдірайымова жүкті әйелдер мен жас аналарға дәріс береді. Онда жүктіліктің өту кезеңі, ана мен бала, босану ережелерімен және баламен жұмыс барысы жас аналарға үйретіледі. Отбасының беріктігін, ана мен әкенің міндетін жас отбасылардың мүшелеріне жіті түсіндіріледі. Сонымен бірге, бөлімде «Дені сау бала мектебі» де белсенді жұмыс жасайды. Медбике Алмира Аймұқанова бес жасқа дейінгі балалардың бой салмағын, тамақтану тәртібін тексеріп, бір айында, алты ай, бір және үш жасқа дейінгі сәбилердің құлағын AccuScreen аппаратпен тексеріп отырады. Олардың негізгі міндеттері – отбасындағы саламатты өмір салтын насихаттау, бала дамуындағы аурулар мен аурушаңдықтың алдын алу, балалардың гигиеналық тәртібін ата-анаға насихаттау.
Ең маңызды бөлімдердің біріне скрининг кабинеті жатады. Себебі, онкологиялық аурулардың алдын алу шаралары ең алғаш осы бөлімде анықталады. Медбикелер Әсия Тұралиева мен Карина Тойшыбекова екеуі емделушілердің бой салмағы мен қант мөлшерін, ВГД , холестерин және тағы басқа скринингтік тексерулерден өткізеді. Бұл бөліммен дәрігерге дейінгі тексеру кабинеті қашанда бірге жүреді. 540 бұйрықпен жұмыс жасайтын Жәмилә Юлдашева онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында, емделушілердің бой, салмағын, бас бөлімін (мұрын, құлақ, ауыз қуысы), дене қызуын, қан қысымын тексереді.
Аурухананың өз ішінде және әлеуметтік ортада өзіндік ойып алар орны бар профилактика бөлімі өз ісімен қашанда көш бастап тұратыны анық. Білікті мамандардың кеңес беруімен тәрбиелі ұрпақтардың дүниеге оң бағыт-бағдарлар алатыны сөзсіз. Біз де бұл бөлімге жұмыстарыңыз алға баса берсін деген ізгі ниетімізді білдіре келе, аудан тұрғындарына да саулықтың сақтықта екенін тағы бір еске саламыз. Қауіпті індет тараған мынадай алмағайып кезеңде адамдарға қай аурудың да алдын алған әлдеқайда тиімді болмақ…
Гүлбақыт ЖАНДАР,
аудандық орталық аурухананың БАҚ және қоғаммен байланыс маманы