Basty bet
Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндетім
Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» кіріспесінде, одан соң аталған қадамның бірқатар тарауларында мемлекеттік қызметтің қоғам мен мемлекеттегі түбегейлі өзгерістерді қалыптастыратыны айтылған болатын. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосуға бағытталған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған маңызды міндеттерінің бірі. «Мемлекеттік қызметті – мәртебелі де мерейлі міндет» дейтін болсақ, мемлекет өз қызметтерін мемлекеттік органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне сай көрсетеді. Мұндағы мақсат та, міндет те біреу, ол – тұтынушылардың құқығын қорғау, заңды мүдделерін қанағаттандыру әрі сапалы қызмет көрсету. Ал қызмет сапасы мемлекеттік бақылау арқылы қадағаланатыны белгілі.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін қолданысқа енгізді. Әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің резервін құрды. Қазақстанда бұрынғы кеңестік кеңістікте алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізіліп, мемлекеттік лауазымдардың саяси және әкімшілік болып бөлініп кәсібилендіру жөніндегі шаралар іске асырылды. Осының арқасында 2000-шы жылдардың басында-ақ Шығыс Еуропа елдері Қазақстанды мемлекеттік қызмет саласындағы реформалардың көшбасшысы деп таныды.
Мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру үрдісі атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметтің оң имиджіне ұсынылатын негізгі қағидалар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс Кодексінде белгіленген. Онда: «Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне және моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды», – делінген.
Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет екені белгілі. Сондықтан қызметшінің осынау кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болғаны абзал. Әсіресе, қазіргі таңда жаңа ақпараттық технологиялар мен БАҚ еркіндігі туған шақта мұндай қасиет әрбір азаматта болуы керек. Мемлекеттік қызметші болуға үміткер адамдар халық алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білуі үшін мемлекеттік қызметтің беделін барынша көтеруі қажет деп білемін.
«Ұлық болсаң, кішік бол», «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген халқымыздың қанатты сөздерінде айтылғандай, өзім басқарып отырған басқарма қызметкерлері өздеріне тапсырылған жауапкершілік жүгін терең сезініп, мемлекет пен халық алдындағы міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқанын баса айтқым келеді. Мекемедегі жүйелі жұмыстардың ары қарай да жалғаса беретініне сенімім мол. Бұл – ең алдымен елдегі мемлекеттік қызмет жүйесінің жемісі.
Мемлекеттік қызмет саласында болсын, басқа сала болсын тұрғындарға адал әрі сапалы қызмет көрсету – басты міндет. Осы ретте қызметкерлердің атқарып отырған жұмыстарын қарапайым жұртшылықтың бағалайтыны сөзсіз. «Сырт көз – сыншы» демекші, мемлекеттік қызметкерлердің адалдық жолынан айнымағаны абзал.
Бағдат ОРАЗБАЕВ,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы