Basty bet

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп …»

«Күмәнсіз, мұсылмандар бір-бірімен бауыр» дейді Алла тағала «Хужурат» сүресінің 10-аятында. Осы бір ғана аяттан қаншама жылу, махаббат, мейірім самалы есіп тұр. Алланы таныған, иман келтірген әрбір адам біз үшін бауыр. Бауырлық тұрғысында туыстық қатынас және діндегі бауыр, туыс ұлттар деп қарастыруға болады. Халқымызда ұлтаралық татулыққа айырықша маңыз берілген.
Қазақтың данасы Ұлы Абай атамыз рухани жаңғырудың түпкі мақсатын, оған жету жолын «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі мен отыз сегізінші қара сөзінде көрсетіп берген.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, Ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.
Абайдың осы төрт жол өлеңінен адамзат қарым-қатынасының негізгі мақсатын, оған жету кепілін және жолын көруге болады. Бұл оның әйгілі үш сүюі. Осы өлеңі арқылы адамдар арасындағы ынтымақ пен татулықты сипаттауы да тегін емес.
Асыл дініміз ислам ұлтаралық татулыққа байланысты тағылымдарға толы. Алла Елшісі: (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб, араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан, тақуалығынан (адамгершілігінен) басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуалы (адамгершілігі мол) болғандарың» деп бар адамзат баласын тең құқыққа ие екендігін айтқан.
Ақырғы Пайғамбар (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) араб ұлтына ғана емес күллі адамзатқа жіберілді. Соңғы дін Исламның негізгі кітабы Құран да араб тілінде түсті. Бірақ тек араб елдеріне ғана емес! Оның жер бетіндегі адамзатқа қияметке дейін теңдікті, тепе-теңдікті, таразыны тең ұстануды сақтау үшін келгендігі айтылады. Құранда бұл туралы былай делінген: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» (Шуғара: 13).
Осы аятты қағида етіп ұстанған ислам ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бір нәсілдің басқа нәсілден жоғарылығын, бір текті келесі тектен артық қоймайды, жақсырақ санамайды барлығы тең. Артықшылық тек құдайшылдықта, тақуалықта. Бұған қатысты Мұхаммед пайғамбардың (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) мынадай хадисі бар: «Арабтың араб еместен артықшылығы бар ма, әлде араб еместің араб алдында артықшылығы бар ма? Немесе қара түстінің ақ түстінің алдында артықшылығы бар ма, әлде керісінше болады ма? Артықшылық тек тақуалық пен жақсылықта ғана болады!».
Жоғарыдағы аят пен хадистен көргеніміздей, ислам діні адамды ұлтына, жынысына, дініне немесе нәсіліне, мансабы мен қызметіне қарап бөлмейді. Бірін-бірінен артық көрмейді. Артықшылық тек жақсылықта.
Алла біздің түрімізге, тегімізге, ұлтымызға, түсімізге қарамайды, Алла бізді өзі жаратты, өзі келбет берді. Раббымыз кеудедегі бір жұдырық болған жүрегімізге үңіледі. Біз тақуалығымызбен періштеден де үстем, надандығымызбен хайуаннан да төмен деңгейде бола аламыз.
Хадистерде: «Сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар. Сіздерге бір-біріңізді жақсы көруге септігі тиетін нәрсе айтайын ба? Араларыңызда сәлемдесуді жайыңыздар!», «Мұсылмандар бір-бірін мықтап ұстап тұрған қабырға тәрізді», «Мүминдер бір-бірін жақсы көруде, жан ашуда, бір-біріне мейірімділік танытуда бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері қосыла сыздайтын дене тәрізді», «Уа, Алланың құлдары! Бауыр болыңыздар! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған әрқашан қол ұшын береді. Өзінен төмен көрмейді. Тақуалық деген осында. Адамға мұсылман бауырын қор санауы күнә ретінде жеткілікті» делінген.
Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда қазіргі қоғамда қаймағы бұзылмай тату болып отырған ұлттар арасына іріткі салушылар, тәкаппарлық жасап, бауыр болған өзге ұлтты кей кемсітушілер де табылады. Біз мұсылманшылықты өте берік ұстанған қазақ халқы кең даламызға 130 ұлт өкілін сыйғызып, бір қазаннан ас ішкен қонақжай, дарқан елміз. Бірақ өзге ұлт тұрмақ көршімізге есік ашпайын хәлге түскеніміз өкінішті. «Көршің аш отырғанда, тойып жатпа» деген даналық ұстанатын еліміз қайда барады? Бүгінде бәріміз бір-бір сарай салып алып, дуалынан ары асып хал-жағдай сұраспаймыз. Ұлт, көрші былай тұрсын, қандас туысымен де араласпайтын адамдар бар. Өкінішті…
Құрандағы қасиетті аяттар, Пайғамбар (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) өсиеті, даналар ұлағаты, халықтың ұстанымы қайда қалды? Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда ақыретімізге не дайындадық? Алла тағала қасиетті Құранда: «Алланың құзырында ең құрметтілерің тақуалықты ұстанғандарың» деп тақуа жанның қадірін ұқтырады. Сондықтан бір сәт айналамызға көз жүгіртіп, көңіл бөліп, дәл осы сәтке есеп берелік. «Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан туыстарыңның арасын жарастырыңдар да Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» дейді Жаппар иеміз.
Көршің орыс па, өзбек пе, татар ма, қазақ па маңызды емес, көрші ақысы – құдай ақысы. Бауырмалдықты ең әуелі қасымыздағы жандардан бастайық. Ұлтты ұйыстырып ұйымшылдықта болу – тек өзіміз үшін жақсырақ. Мұсылмандардың бауырмашылдығы берік болса, алынбайтын қамал, өте алмайтын асу болмайды. Осыған байланысты мына оқиғаға зер салып көрсек.
Бірде сабын сатушы мен діндар кісінің арасында мынадай сұхбат болыпты. Сабын сатушы: «Осы ислам діні жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтаратын болса, неге онда оның пайдасы әлі көрініс таппайды, қоғамда көптеген дүрдараздықтар орын алып жатады?» дейді. Діндар: «Егер сенің сабыныңның пайдасы болғанда дүниеде кір атаулы болмас еді ғой» деп жауап қайтарады. Сабын иесі: «Адамдар сабынымды пайдаланбаса менің қандай кінәм бар» дейді? Діндар: «Егер адамдар дінді ұстанбаса, діннің қандай кінәсі бар?» деп байыптылықпен жауап берген екен.
Бір-бірімізге мейірімді, һәм кешірімді, жанашыр, көркем мінезділік танытып, қамқор және бауырмашыл бола білейік!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы
өкіл имамы,
Жамбыл облысының бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close