Basty bet
Билер шешетін түйінді іс көп
Өткен Тышқан жылы халқымыз үшін өте ауыр жыл болды. Наурыз айынан басталған коронавирус пандемиясы жер жүзін шарпып, тіршілік атаулыға өзгеріс ала келді. Осындай қиын кезеңде аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Билер кеңесі өз жұмысын тоқтатпады.
– Жалпы өткен жылы Билер кеңесі 94 істі қарады. Қаралған істердің құрамына келер болсақ, сот барысында тоқтатылған азаматтық істер, даулар – 35, сот барысында тоқтатылған әкімшілік істер, даулар – 18, билер кеңесінің татуластыруымен тоқтатылған қылмыстық істер, даулар – 6, билер кеңесінің сотқа дейін татуластыруымен тоқтатылған қылмыстық істер – 34, билер кеңесінің сотқа дейін татуластырумен тоқтатылған қылмыстық істер – біреу, – дейді Билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов.
Қаралған істердің көбісі – қарыздарды және келтірілген шығындарды өндіру. Ертеде Одақ тұсында бүкіл сауда орындары мемлекет меншігінде болатын. Ол кезде затты қарызға беру үлкен қылмыс болып есептелетін. Тексеру барысында қарыз кітапша табылса, немесе қарыз бергені анықталса, «мемлекет мүлкін талан-таражға салу» бабымен сатушының үстінен қылмыстық іс қозғалатын.
Тәуелсіздік алғаннан кейін бәрі жекешеленді, дүкендердің бәрі жекенің қолына өтті. Сатушы не істеймін десе еркі, өзі біледі. Затының өткеніне қуанып, қарызға бере салады. Ақыр аяғында берген қарызын өндіре алмай сотқа, биге жүгінеді. Көбінше, қарыз бергенде қолхат алуды ұмыт қалдырып жатады.
– Қарыз өндіру туралы азаматтық істерді қарау барысында қолхатсыз істің шешілмейтініне көзім жетті. Ж. деген азамат дүкеннен үстемелетіп зат ала берген. Үш жылдың ішінде қарызы 200 мың теңгеге жеткен. Кәсіпкер арызын арқалап Билер кеңесіне келді. Мен қарыз алушыға «қарызыңды неге төлемейсің?» десем, ол маған «алған жоқпын, немен дәлелдейсін, берген қолхатым бар ма?» дейді. Менің дүкен иелеріне айтарым, қарыз берерде қолхат алуды ұмытпаңыздар, – дейді Сәкең.
Билер араласатын күрмеуі қиын тағы бір мәселе – жер дауы. Бүгінде барлық ауылдық округтерде осы мәселе шешімін таппай отыр. Ертеде ауыл төңірегіндегі 2-3 шақырым жерге егістік екпейтін, ол жерлер ауыл малдарына тиесілі еді. Қазіргі кезде ауылдың, сайлардың жиегіне дейін айдап, егін егіп тастаған, мал айдайтын жолақ жоқ. Малшы қауымға қиын, байқамай егістікке түсіп кетсе «алқапты таптады» деп суретке түсіріп, сотқа арызданады. Бүйте берсе, мал жаятын малшы табу да қиын болар.
– Мен өзім Бауыржан Момышұлы ауылының күншығыс жағындағы көшелердің малшыларына қатысты «егіс алқабын таптаудан» келтірілген шығынды өндіру туралы істі қарадым. Малшылардың жылағанындай бар, темір жолдың бойындағы екпе ағаштар аймағынан басқа мал жаятын жер жоқ. Ауыл әкімдігі, жер инспекциясы ауыл төңірегіндегі жерді жекеменшікке берген кезде неге халықты ойламады. Қазіргі кезде жылдан-жылға мал басы артып келеді, – деп жалғастырады әңгімесін Сағындық Құралбайұлы. – Билер кеңесінде қаралған істердің 17-сі отбасылық даулар мен неке бұзу туралы. Істі қарау кезінде түсінгенім, ер азаматтардың жұмыссыз бос жүруі, табыс көзі жоқ, енді бірі апталап, айлап вахтада Атырау, Астана басқа да қалаларда жұмыста жүруі, ерлі-зайыптылардың арасында сызат түсіреді деп ойлаймын.
Билер атқарар жұмыстардың ауқымы өте көп, қазіргі кезде тұрғындар сүт бағасын реттеу, таксилердің жолақысын реттеуде де билерге жүгінетін болды.
Сот ғимаратынан билерге екі бөлме беріліп отыр, медиаторлар бөлмесі және татуласу бөлмесі. Сонымен қатар, сегіз ауылдық округте билерге арнайы бөлмелер берілді, ал қалған алтауында биылғы жылы берілетін болады.
Жыл қорытындысымен жақсы көрсеткішке жеткен билерді атап көрсетуге болады. Олар: Аманжол Дүрәліұлы, Мұратқали Рахметов, Шорабай Ысқақов, Нұртаза Омаров, Сейітқазы қажы Медетбек, Әлия Майбалаева, Пернебек Бердімбетов, Алғабек Сүгірбеков және Өмірхан Ералиев. Осы аталған азаматтар өз ауылдық округтерінде ауылдың тыныс- тіршілігіне, халықтың тұрмыс жағдайына, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген азаматтар.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»