Basty bet
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде де өз мағынасын жоғалтқан емес. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отбасы – қоғамның діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп отбасы мәселесі қоғам үшін маңызды екенін атап өтті.
Отан байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары екені белгілі. Елімізде осы құндылықтарды дәріптеу, үлгілі отбасыларды көпшілікке таныту мақсатында «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылып келеді.
Жуырда аталған байқау аудан деңгейінде өткізіліп, жеңімпаз жанұялар облыстық байқауға жолдама алған болатын. Облыс деңгейінде ауданымыздың намысын көпбалалы отбасы Абдраимовтар жанұясы қорғап, байқаудан «Парасат» номинациясын иеленіп қайтты.
Жеңімпаз отбасы мүшелерімен ұрпақ тәрбиесі аясында, отбасының отағасы Кеңесбек Абдраимовпен және отанасы Самал Қадыровамен әңгіме өрбіткен едік.
-Қасиетті Жуалы жерінде өмір сүріп жатқанымызға биыл 18 жыл толып отыр. Біз осы киелі өлкеге қызмет бабымен қоныс аударған болатынбыз. «Жуалы – жері, суы дуалы», «Жуалы – батырлар мен генералдар өлкесі» деп бекерге айтылмаса керек. Осынау қасиетті мекеннен небір жаужүрек батырлар, даңқты қолбасшылар, генералдар шыққаны баршамызға белгілі. Осындай қасиетті елде ғұмыр кешіп жатқанымызды мақтан тұтамыз.
Өзім әскери қызметтемін. Ал, зайыбым Самал – мұғалім. «Балалы үй – базар» дегендей, жан жарым екеуміз көпбалалы отбасы болуды армандайтынбыз. Қазір Аллаға шүкір, бес қыз, екі баланың ата-анасы атанып отырмыз. Балаларды тәрбиелеудегі басты ұстанымымыз – елін, жерін, Отанын сүюге баулу, яғни, патриоттық тәрбиемен өсіру болып табылады. Осы ұрпақтарымызға келешекте күш-жігер, өзін-өзі дамыту үшін біз үлгілі өмір сүруге тырысамыз. Себебі, балалар қашанда ата-аналарын мақтан тұта білуі керек деп ойлаймын, – дейді отағасы Кеңесбек Өмірбекұлы.
Отағасы Кеңесбек Өмірбекұлы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауында жүлдегер атанған отбасылардан үйренетін дүниелер көп екенін айтты. Халыққа, елге еңбегі сіңген, білімді, ұрпағының өрбігенін көріп отырған жандармен бірге сынға түскенін мақтанышпен жеткізді.
«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» демекші, Абдраимовтар отбасында бала тәрбиесіне аса көп мән беріледі. Отанасы Самал Орынбасарқызы балаларының тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты екенін айтады. Ол балаларына ата-ананы сыйлай білуді, қадірлеуді, бауырмал болуды үйретіп, адами жақсы қасиеттерге баулып, тәрбиелеуде.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың ақ сүтімен келетін жақсы қасиеттерді бойына сіңіре білсе, ол ата-ананың жетістігі саналмақ. Ендеше, ауданымызға белгілі көпбалалы Абдраимовтар жанұясы алдағы уақытта да отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені негізге ала отырып, саналы ұрпақ тәрбиелей беретініне күмән жоқ.
Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»