Basty bet

Туған жерге оралмаған ардагерлердің рухына Құран бағышталды

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай аудан әкімі Нарбай Ергебеков және ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев Ауған соғысында мерт болған жуалылықтар нұрлыкенттік Нұрлыбек Замбаев пен Жұмабек Оразбаевтың отбасына барып, марқұмдарға Құран бағыштады.

Алдымен Нұрлыкент ауылының тұрғыны Нұрлыбектің ағасы Аманжол Аязұлының отбасына барды. Бұл шаңырақта марқұм аналары Бексұлудың замандасы Жұмакүл апа мен жақындары жиналыпты.
-Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңнан астам адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Сұрапыл соғыс қаншама баланы әкесінен, қаншама ананы баласынан айырды,- деді аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы. -“Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран” деген қастерлі сөз бар. Міне, содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де қыршын жастар жуалылық Нұрлыбек Замбаев пен Жұмабек Оразбаевтың есімдері мен ерлігі елдің есінде. Бұл азаматтарды құрметтеу – біздің қасиетті парызымыз.
Ауған соғысында опат болған ерлеріміздің есімі, олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді,- дей келіп аудан басшысы ел-жұртқа амандық пен тыныштық тіледі.
Ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев марқұмдардың рухына Құран бағыштады.
Дастарқан басында Жұмакүл ана балаларын еске алып, құран бағыштауға келген аудан басшысына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Ал, шақпақаталық Жұмабек Оразбаевтың отбасында ағасы Ауған соғысының ардагері Жұмабай Оразбаев пен қара шаңырақта тұратын інісі Ғани Оразбаев қарсы алды.
Бұл шаңырақта қазыналы қария, ақ тілеулі аналары Жақсылық Кәдірбекова тұрады. Алайда ол кісі Нұр-Сұлтан қаласына жолаушылап кетуіне байланысты қос ардагердің анасымен кездесудің сәті түспеді.
Бұл шаңырақта да марқұм Жұмабек Оразбаевтың рухына Құран бағышталып, ел-жұртқа деген ізгі тілектер айтылды.
Ардагерлердің отбасына сый-сияпаттар да тапсырылды.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close