Basty bet

«Жаңа өмір» – тарих, тағылым, қара шаңырақ

Еліміздің идеологиясы мен даму стратегиясын аудан халқына кеңінен насихаттап, ұлыстың ырысы мен ынтымағының артуына тікелей ықпал етіп келе жатқан ауданымыздың төл басылымы – «Жаңа өмір» газетінің қызметкерлері мен оқырмандарын газеттің 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Қай қоғамда болсын баспасөзге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Аудандық басылым егеменді ел болғалы елімізде ел игілігіне орай жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың маңызын аудан халқына жеткізу, халық ішіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талдап, билік назарын қоғам пікіріне аудару бағытында абыройлы қызмет атқаруда.
Тарихтан білетініміздей, алғаш іргесін Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Құрманбек Сағындықов бастаған басылым елдің тарихымен бірге жасап, қаншама күрделі кезеңдерді басынан өткізді. Әрдайым ауданымыздың орталық баспа органы болған газет, құрылған сәтінен бастап, билік пен халықтың күнделікті тыныс-тіршілігін тасқа жазып, тарихқа қалдырып отыр. Негізінен, аудандық «Жаңа өмір» газетінің тарихы – ауданымыздың даму тарихы, халықтың қалыптасу тарихы, тәуелсіздікке қол жеткізу және оны дәріптеу тарихы. Сондықтан төл басылымымыздың 85 жылдық торқалы тойы – аудан халқының мәдениеті мен рухани өміріндегі елеулі мереке.
Кешегі мен бүгінгіні сабақтастыратын – газет.
Газет шығарудың машақаты көп еңбек екенін осы төңіректе жүргендердің бәрі біледі. Жақсы газет шығару – бір спектакль қойғанмен бірдей. Ағымдағы жұмыс, әртүрлі жиын-шаралар, ауданның күнделікті тіршілігін қалт жібермей қадағалап отыру негізгі міндетіміз болғанымен, басылым мақсатты жұмыс істеуі керек. Газеттің өзіне ғана тән дидары, мазмұны, тұздығы болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда, газет шығарудың да өнер, мәдениет екенін пайымдай білуіміз қажет.
Іс-шараға қатысу, іссапарға шығу, түрлі жанрда, түрлі тақырыпта іздену, мақала жазу, оқырман хаттарын өңдеу, қажет жағдайда журналисттік зерттеу жүргізу, мақаланы теру, газеттің кезекті санының макетін жасау, яғни, мақалаларды бет-бетке жоспарлап, орналастыру, дайын макетті сан мәрте қайталап оқу, қысқасы газеттің әр санын дайындау – өте күрделі процесс. Айтқанға оңай болғанымен, газеттің бір санын дайындау үшін қаншама еңбек жұмсалады.
Жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзін ұран еткен газеттің негізгі мақсаты – халыққа рух беріп, тәртіпке, әділдікке, ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыру.
«Газет –халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» – дейді ұлт ұстаздарының бірі Ахмет Байтұрсынов. Газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халқының арын арлап, намысын жоқтайтын азамат газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зиянына қарсы тұрып, қорғауға тырысады.
Газетте жарияланған мақала ешқашан оқылмай қалмайды жүздің бірі, тіпті мыңның бірі оқыса да «ел құлағы елу» дегендей біреуден біреуге тарайды Сондықтан газетте әрбір мақалаға емес, әрбір сөйлемге сергек қарау керек. Сергектік дегеніміз – алып отырған объектіңнің бары мен жоғына, ағы мен қарасына әбден көз жеткізу. Ол үшін үлкен жауапкершілік, ұқыптылық, тиянақтылық керек. Себебі, мақала арқылы қоғамдық пікір туындайды, елдік сана қалыптасады.
Журналист – адам, қаламгер, ол – ана, ол – әке. Бұл парызды өтеу журналистің кісілігіне тікелей байланысты. Журналист – ең әуелі қаламгер. Оның беделі осы қалам арқылы өсіп, осы қалам арқылы абыройы артады. Журналист өмір бойы ізденіс үстінде жүреді. Оқиды, көңілге тоқиды, оқу арқылы ой өсіреді, сөз саралайды. Ой өспеген жерде сөздің де парқы болмайды.
Сонымен бірге журналист бітімінде адамгершілік рух биік болуы керек. Журналист адамгершілік қасиетті насихаттаушы ғана емес, сол адамгершілік қасиетті тал бойына жинақтай отырып, өзіндегі барды өз оқырманына бағыттаушы. Журналистің жазғанынан оның мінезі байқалып тұрады. Кез келген материал журналистің жүрегінен шыққанда, оның болмысы таза болғанда ғана жүрекке жетеді. Журналистің еңбегіне қаламақы да, жалақы да өлшем бола алмайды. Оның бағасы жазған материалының құдіретінде, оқырманның жігеріне жігер, ойына ой, ақылына ақыл қосуында, ізгілікке бастауында жатыр. Журналисті халық адалдықтың биігінен іздейді. Себебі, журналисттің баспайтын тауы жоқ, ол жақсымен де, жаманмен де сырлас болады, үлкенмен де, кішімен де сұхбат құрады. Сол кезде оны адастырмайтын күш ол – адалдық.
Шығармашылықпен айналысатын адамның жаратылысы өзінше бір қызық. Бөтен бір кісінің жетістігіне, қуанышына жас баладай қуанады. Ал, біреудің бойынан немесе қоғамнан оғаш бір істі көрсе оған жүрегі ауырады. Оны ол айтпайынша, түзелуіне тамшыдай болса да үлес қоспайынша мазасыз күй кешеді.
«Сын түзелмей – мін түзелмейді» демекші, қай қоғамда болмасын сын түзелуі керек. Сын кез келген салаға, кез келген қоғамға керек. Сын түсінген басшыға үлкен көмек. Орынды сын адамды «ұйқысынан оятып», жұмысын ширатады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы зиялы қауымның ой-арманының аңсарының дәл үстінен түскен үлкен, маңызды еңбек.
Бәсекеге қабілетті болу үшін ең бірінші рухани серпіліс, рухани жаңғыру керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс».
Ауданымыздың ақпараттық кеңістігінің қалыптасуы мен нығаюына, саяси тұрақтылығын, экономикалық жағынан дамуын, Елбасының жасампаз идеяларының төңірегіне қоғамды топтастырып, халықты ұйыстыруға үлкен үлес қосып келе жатқан «Жаңа өмір» газетінің бүгінгі материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген журналистер өзінің жағдайына келгенде сабырлылықпен, түсіністікпен қызмет етіп келеді. Әсіресе, ең қажетті құралдарымыз фотоаппаратымыз, компьютеріміз және автокөлігіміздің ескілігі жұмыс барысында көп кедергі келтіреді.
Жақында ғана басшылыққа келген ауданымыздың арқа сүйер азаматтарының бірі Нарбай Әбілқасымұлы мерейтой алдында редакцияның жағдайымен танысып, ауданның төл басылымының материалдық-техникалық базасының көтерілуіне ықпал ететінін жеткізген болатын. Редакция ұжымы аудан басшысына үлкен сенім арта отырып, алдағы күндерден үлкен үміт күтеміз.
Жерлесіміз, халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай, «Журналистің арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ». Десе де, халықтың жүгін арқалау – біздің журналистік, перзенттік парызымыз. Мен осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан барша әріптестерімді төл мерекелерімен, төл басылымымыздың 85 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, қаламдарынан ақиқат, көңілдерінен нұр таймауларына тілектеспін!

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close