Basty bet

Жыр жүйрігі – Мұқағали Мақатаев

Биыл қазақтың мұзбалақ ақыны, тұтас Алаш жұртының жүрегінің төрінен орын алған, халықтың махаббатына ие болған сирек әрі ғажайып дарын иесі, ақиық ақын – Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл. Артына өшпес із, жалынды жырлар қалдырған ақынның есімін, ұлт руханиятына ағынды арна болып қосылған әдеби мұралары мен өшпес жыр-дастандарын қалай насихаттап, көкке көтерсек те артық болмас. Тіпті, ақын Тұманбай Молдағалиевтың Мұқағали турасында: «Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың – ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз» деген пікірінің өзі неге тұрады?! Шыныменде ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Мұқағали Мақатаев – халқына аманат ретінде ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын.

«Алайда шын ақындардың өлген күні Жаратқанның күнтізбегінде белгіленбеуі бек мүмкін» деп ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлының сөзімен айтқанда, ақынның мерейтойы ел руханияты мен халық қазынасының тойы екені даусыз. Өткен аптада ақиық ақын М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орайластырылып аудандық «Достық» мәдениет үйінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жыр жүйрігі – Мұқағали Мақатаев» атты аудандық байқау өтті.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мұрындық болған байқауға барлығы 27 оқырман қатысты.
Байқаудың мақсаты – жастар арасында қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың өмірін, шығармашылығын таныстырып, поэзияның құдіреті мен ән өнерін таныту. Сонымен қатар ақиық ақынның өлеңдерін кеңінен насихаттап, оқырмандар арасынан талапты, талғампаз таланттыларды анықтау.
Байқауды аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов ашып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Сайысқа орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы, аталған кітапхананың бірыңғай қорларды пайдалану бөлімінің меңгерушісі Мәрзия Ермекбаева, «Мыңбұлақ» халық театрының режиссеры Ербол Бекжанов, «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеті редакторының орынбасары Нұржан Манасұлы, «Jýaly» қоғамдық-саяси газетінің Директор-Бас редакторы Мақпал Саматқызы, «Жастар ресурстық орталығының» дін істері және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Азамат Тазабекұлы, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мәлік Құдайбергенұлы және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Абай Тілләұлы қазылық жасады.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші, «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» атты көркемсөз оқу кезеңінде қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығынан «Ғашықпын», «Ерлікті аңсаймын», «Досым жоқ менің», «Ана, сен бақыттысың!», «Досым» және «Шәмілге жазған хаттардан» өлеңдерінен жатқа, мәнерлеп үзінділер оқыды.
Екінші, «Қара өлеңнің құлагері» аталатын бөлімде оқырмандар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнекөрініс «LED» экран арқылы көрсетсе, «Есіңе мені алғайсың» атты кезеңінде қатысушы ақынның өлеңіне жазылған әндерді орындады. Бұл кезеңде бірі жезтаңдай әншілігімен көпшілікті тәнті етсе, енді бірі сөзінен жаңылысып, «әттеген-ай» дейтін тұстар да болды.
Соңғы «Қазақ поэзиясының мұзбалағы» кезеңінде сайыскерлер ақынның бір шығармасының желісінде театрландырылған көрініс көрсетті. Қызықтың барлығы осыдан басталды. Қатысушылар, ақынның «Аққулар ұйықтағанда», «Дариға – жүрек», «Райымбек. Райымбек!» поэмаларынан және «Жас қайың», «Жетімдер үні», «Ғашықпын» өлеңдерінен сахналық көрініс көрсетіп, ұйықтап жатқан көңілдерді оятты. Әсіресе «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы және «Жетімдер үні» өлеңдері желісімен қойылған қойылымдар жанды ерекше тебірентіп, көңілдерді елжіретіп, көрерменнің назарын да айрықша аударды.
Қазылар тарапынан қатысушылардың шығармаларын мәнерлеп оқу шеберлігіне, тіл тазалығына, дауыс мәнеріне, әртістік қабілеті мен сахналық мәдениетіне және ұсынылған қойылымдардың сапасына ерекше назар аударды.
Қорытындылай келе, байқаудың бас жүлдесін аудандық орталық кітапхананың оқырманы Диас Темірланұлы, бірінші орынды Кәріқорған, Шақпақата ауылдық кітапханаларының оқырмандары Тоғжан Шайдуллина, Алуа Санатқызы өзара бөлісті. Екінші орынның жүлделерін аудандық орталық кітапхананың оқырманы Балауса Сұлтанхан және Т.Дүйсебайұлы ауылдық кітапханасының оқырманы Тоғжан Сұлтанғазы қанжығаларына байлады. Ал үшінші орын, Күреңбел, Теріс, Қарасаз, Шыңбұлақ, Бақалы ауылдық кітапханаларының оқырмандары Іңкәр Кемелбек, Жәнел Тұрдалы, Жәнел Серік, Мейрамкүл Қадырқожаева және Маржан Мұратбекқызына бұйырды. Жеңімпаз және жүлдегерлерге аудандық орталық кітапханалар жүйесінің атынан дипломдармен қатар бағалы сыйлықтардың сертификаттары табысталды. Сонымен бірге, байқауда жүлделі орындарға іліге алмаған басқа да қатысушылар Алғысхаттармен марапатталды.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close