Basty bet
Қасиетті Ережеп айы басталды
Алла тағаланың қалауымен қасиетті Ережеп айына аман-есен жетіп отырмыз. Биыл қадірлі Ережеп айы ақпанның 13-ші жұлдызына тұспа-тұс келіп отыр.
Анығында, Құран мен сүннетте белгіленген иләһи шақтар – адамзат баласы үшін бақыт қақпасының, яки, кемелділіктің кілті іспетті. Ендеше, қасиетті айлардың хикметі мен алдағы күндері қауышатын Миғраж кештерінің рухани сырына аз-кем тоқталып өтсек.
Иісі мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті төрт ай бар. Сол ұлық айлардың бірі – Ережеп. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі – құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер» делінген.
Сондықтан Ережеп айының барша мұсылмандар үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз. Алладан шын кешірім сұрап, тәубесіне келген пенденің дұға-тілектері мен құлшылықтарын қабыл етеді.
Асыл дінімізде мүбәрак саналған үш айдың алғашқы айына келіп жеттік. Алла Тағала жыл он екі ай ішінде қасиетке толы айлар ,күндер мен түндерді айқындап көрсетіп берді. Сондықтан бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті болғандай, осы айлардың сауабынан құр қалмай шамамамыз келгенше құлшылық-ғибадатымызды көп орындауымыз қажет.
Адам баласы пенде, яғни қателесуші. Сондықтан үлкен-кіші күнә – қателіктерімізді кетіру үшін Аллаға көп тәубе, ораза, намаз, зекет, садақа, қайырымдылық амалдарын жасауамыз керек. Ал біз қасиетті айларда қаншалықты сауап-амал жасап жүргенімізді білеміз бе? Мұсылман үмметі үшін қасиетті Рамазан айына үлкен дайындық айы десек те болады. Демек бұл айда сауапты амалдарымызды арттырып, күнімізді оразамен, түнімізді нәпіл намаз-құлшылығымызды, тәубе мен истиғфарымызды көбейте түскеніміз абзал.
Енді осы айдың, яғни ережеп айының сауабына келетін болсақ. Ережеп сөзі «бір нәрседен қорқу, ұялу, біреуді ұлылығына орай қастерлеу, тағзым көрсету» деген мағыналарды білдіреді. Ережеп айы харам айы болғандын бұл айда Алла тағаланың тыйым салған харам нәрселерден барынша алыс болуымыз қажет.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ережеп айы келген уақытта: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді рамазанға аман-есен қауыштыра гөр!» деп дұға тілейтін. Демек, бізде ережеп айы кіргенде осы дұға арқылы Алладан береке тілеп, және үмметтің Рамазан айымен қауышуымен асыға күтетініміз белгілі.
Ережеп – ең ұлық ай. Өйткені, бұл – Алланың айы. Оған дәлел Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай келеді: «Ережеп – Алла Тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». Көптеген ислам ғұламалары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы» немесе «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп – егін салу, Шағбан – суғару, Рамазан – ору», т.б.
Мына айтылған хадистерде Ережеп айы турасында «Ережеп – Алланың күнәларды кешіретін айы. Алла тағала үшін сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда пайғамбарлардың тәубелері қабыл болып, әулиелер дұшпандарынан қорғалған. Бір кісі ережеп айын оразамен өткізсе, Жаратушының мынадай үш жақсылығына ие болады: өткен күнәларын кешіреді; Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды; Қиямет күні Алла тағала оның шөлін қандырады» делінсе, біз өз ойымыздағы харам ойлардан аулақ болу және ашу мен ыза тудырып, өзге адамға қиянат жасап, ұрыс-жанжалдан аулақ болып, тек сауапты іспен айналысуды меңзейді.
Біздің Алла разы болатындай амалдарымыз және сауапты істеріміз, мұқтаждарға қарайласып, қол ұшын беріп жәрдем етсек, хадисте айтылғандай: «Кімде-кім Ережеп айында біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла тағала оған Фирдаус жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады. Қаперде ұстаңыздар, бұл айда Алла тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасаңыздар» деген мағынада айдың қадірін білдіретін хабарлар жеткен.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Кімде-кім қасиетті (харам) айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады». Хадисті риуаят еткен Әнәс ибн Мәлик (Оған Алла разы болсын) бұл хадис жайлы «Егер осы хадисті Пайғамбарымыздың аузынан естімеген болсам, керең болайын», – деген екен. Пайғамбардың бұл сөзі Ережеп айын құлшылықпен өткізген пендесіне Алланың жақсылығы мол келетіндігін байқатуда.
Осы айда ұстаған нәпіл оразаның сауабының көптігі жайындағы хадисте: «Шындығында, жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады», – делінген. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисте: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді» деп айтқан.
Ережеп айында қасиетті түн бар. Ол – Миғраж түні. Миғраж – Ережеп айының 26-нан 27-сіне (наурыздың 10-нан 11-іне) қараған түн.
Нұрлан ӘМІРБАЕВ,
ауданның бас имамы