Basty bet
Әріптестерге арнау
Берік Жұмабайұлы
Директор-Бас редактор
Айналдың «Жаңа өмірдің» тірегіне,
Келісті мінезің сай келбетіңе.
Жұмыс пен отбасыңды қатар алып,
Жол таптың қызметкерлер жүрегіне.
Талай сыннан өткенсің жас та болсаң,
Ұжымды асқар шыңға бастағансың.
Газеттің тізгінін берік ұстап,
Шырқалсын редакциядан асқақ ән шын.
Перизат Шымыртайқызы
Бас редактордың орынбасары
Жаздай бір жан-жағыңа таралып ән,
Жазғанда гүл төгілер қаламыңнан.
Журналистер одағының бір мүшесі,
Айналдым, Ақтастының маралынан.
Өмірге көрік берер көңіл назы,
Әсерлі сіз шырқаған әннің сазы.
Отбасында ұлағатты ұрпақ өскен,
Талай бір байқаулардың жеңімпазы.
Гүлмира Дембаева
Бөлім меңгерушісі
Қандай өлең арнасам Сізге бүгін?
Ойнайды ойда шабыт, көзде нұрың.
Жадырап, гүлдей жайнап жүргеніңмен,
Әп-сәтте-ақ ашуланып, өзгеруің.
Әзіл деп қабыл алғын мұның бәрін,
Ұжымға көңілің гүл нұрың жалын.
Беделі басқалардан озып жүрген,
Қашанда орны бөлек Гүлмираның.
Абылайхан Сәрсенов
Аға тілші
Басқаның Абылайын танымайын,
Ізгілікпен жайнаған жаны дәйім.
Оқырманды еріксіз ойландырған,
Кім білмес, «Жаңа өмірдің» Абылайын.
Кең таныс есті сөзің оқырманға,
Жарқылда жүрегіңде отың барда.
Ұжымымыз ешкімнен сескенбейді,
Қазақтың «ханы» ортада отырғанда.
Лаура Мұсабекова
Жауапты хатшы-жарнама менеджері
Жөн болар өзіңе өлең арнағаным,
Бұл да бір қызметіңді қолдағаным.
Ұжымда ойып алар өз орның бар,
Тілін тапқан хат пенен жарнаманың.
Білімің бар жоғары, сауаттысың,
Барлығына жетеді талап-күшің.
Тек қана жарнамаға жауап бермей,
Хатшылықтың жұмысына да жауаптысың.
Айгүл Аманқұл
Тілші
Тілшілік жолға түстің талаптанып,
Қолыңа қаламың мен парақты алып.
Әдемі әзілің бар жарасымды,
Күн нұрындай жайнайсың күлім қағып.
Сенің де мінезіңді әзіл еттім,
Өмірдің гүл жайнаған жазы жетті.
Қаламыңды қашанда қару етіп,
Көп болсын жазарыңыз азды-көпті.
Баян Уразбаева
Корректор
Жұмысы барлығынан маңыздырақ
Газетіміз жайнаған тәрізді бақ.
Мақаланың қатесін түзеп жүрсің,
Бәріне үлгересің жалғыз қарап.
Жарасқан өзіңменен әзіліміз,
Жырыммен сізге арнаған жазылыңыз.
Газеттің келесі бір нөміріне,
Тағы бар дайындаған «мәзіріміз».
Сәбит Күзембаев
Фототілші
Жалғасар журналистік сапар әлі,
Біздің газет «Жаңа өмір» аталады.
Оқырманға кеңінен таныс болған,
Сәбиттің «сан құбылған» фотолары.
Суретің мақаланың әрін ашқан,
Объективпен жазасың әлі дастан.
Фотоға түскен сұлу қарындастар,
Газеттен қалады өзін танымастан.
Нұрсұлтан Орын
Дизайнер
Нұр шашасың күлімдеп жан-жағыңа,
Жұмысыңда қашан да бар мағына.
Компьютердің ойнайсың құлағында
Макет жасап газеттің сандарына.
Табылады бойыңнан жастық жалын,
Өркенде, өрлей бергін, тасқындағын.
Өзіңсің «Жаңа өмірдің» ерке ұланы,
Өлеңге өнеріңнің қостым бәрін.
Руслан Садықов
Жүргізуші
Ол бізді жарты жолда қалдырмаған,
Қалдырып, қанатыңды талдырмаған.
Тізгіндеп «жел жетпейтін» Жигулиді,
Қалмады-ау ешбір ауыл біз бармаған.
Әрдайым нұрлы болсын келер күнің,
Құлатпа, қолыңдағы сен ер туын.
Журналистік жолымыз жалғасады,
Мініп алып ішіне «Семерканың»
Мақпал Сүйінбай
Жас тілші
Жасыңнан қастерледің сөз өнерін,
Қаламның құдіретін сезген едің.
«Жаңа өмірден» басталып баспалдағың,
Нысанаға дәл тисін көздегенің.
Құт қонсын қолға ұстаған қаламыңа,
Жазғаның жетсін дәйім саналыға.
Жұмысыңа қашанда жауапты бол,
Нұр жаусын ынтаң менен талабыңа.
«Жаңа өмірім»- өмірде дара шыңым,
Әріптестер қашанда жанашырым.
Өздеріңе арнаған әзіл өлең
Манасұлы Нұржан – ақын ұлың!
Өлеңдердің авторы,
Нұржан МАНАСҰЛЫ
«Жаңа өмір»