Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің 2019 жылдың 13 наурызындағы №70 өкіміне сай бекітілген ауданның жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмі негізінде әзірленген кестеге сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков өткен аптада таулы өңірдегі Боралдай, Күреңбел және Қошқарата ауылдық округтерінің шаруаларымен кездесті. Көлтоған ауылдық мәдениет үйіндегі өткен шараға аудан әкімінің салалық орынбасарлары, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдері басшылары, таулы өңірдегі ауылдар тұрғындары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Кездесуді аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, ауылдық аймақтарды дамытуда, халықтың әл-ауқатын көтеруде ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында алға қойылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының мәні мен маңызына тоқталды.
– Халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруда «Қарапайым заттар экономикасын» дамытудың маңызы айрықша. Өйткені, мемлекетіміз бұған дейін ел-жұртты киім-кешек, азық-түлік, құрылысқа қажетті құрал-жабдық, дәрі-дәрмек өнімдері, өндірістік құрылғылар мен жабдықтар, электроника, тұрмыстық техникалар секілді күнделікті тұтынатын кез келген тауарлармен қамтамасыз етуде импортқа тәуелді болып келген еді.
Енді міне, Елбасының тапсырмасынан кейін «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту ісі жедел қолға алынып, оны әрбір өңірде жүзеге асырудың тетіктері іске қосылуда. Ауылдардағы кәсіпкерлер мен шаруаларға көмек-қолдау көрсете отырып, мемлекет нарықтан сырттан келетін тауарларды ығыстыра алады. Сондықтан осы кездесуде шаруалармен бетпе-бет жүздесіп, кімге қандай қолдау қажеттігі жөнінде ауызба-ауыз пікірін тыңдап, бүкпесіз әңгіме өткізу маңызды. Одан бөлек, аудандардағы әрбір елді мекендегі әр үйді есепке алып, олардың ішінде бау-бақшасын игере алмай отырғандарға да қолдау көрсету негізгі жоспарға енген.
Мақсат – ауыл тұрғындарының картоп, қияр, қызанақ секілді бау-бақша немесе көкөніс өнімдері мен айран-сүтін, ет, жүн, тері секілді бұйымдарын әр ауылдық округте құрылатын кооперативке өткеру арқылы қолдау көрсету. Сонда ғана жұрт керегін алыстан іздемей, тауарын өз ауылында тиімді бағаға өткеруге мүмкіндік алады. Сондай-ақ ауыл-аймақтардағы кооперативтер тұрғындардан қабылдаған өнімдерді аудан аумағынан құрылған логистикалық орталыққа тапсырады. Бұл ауылдық округтерді дамытудың ең тиімді жолы, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов Боралдай, Күреңбел және Қошқарата ауылдық округтеріндегі аграрлық саладағы проблемалық мәселелер мен индикативтік көрсеткіштерді баяндап берді. Оның айтуына қарағанда, 2019 жылдың өнімі үшін егілетін масақты дәнді және майлы дақылдар жоспары барлық ауылдық округтерде толық орындалған. Боралдайдағы шаруалар жоспардағы бес гектар алқапқа қант қызылшасын отырғызса, Күренбелде бұл жоспар орындалмаған.
– «Сапалы тұқым – мол өнім кепілі» дегендей, Қошқарата өңірінде «Қошқарата» ШҚ, Боралдай өңірінде «Алтынай», «Рысбек батыр» ШҚ-тары жыл сайын элиталық тұқымдар егіп, шаруаларды жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз етуде. Қошқаратада күздік бидайдың төрт тонна, Боралдайда арпаның үш тонна супер элита тұқымдары егілді. Ал Күреңбелде жаңа тұқымдар алынған жоқ. Қазіргі талапқа сәйкес сапалы тұқым дайындау үшін егістік алқаптарға сынақ жасалуы қажет, осы жұмыс үш ауылдық округте де жасалмай отыр, – деген ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы ауылдық округтердегі шаруалардың техника сатып алуы, минералды тыңайтқыштар себуі жағдайына тоқталды. Қошқарата ауылдық округінде екі дана МТЗ-952 тракторы, екі дана шөп тайлағыш және бір дана шағын тиегіш, сатып алынса, Боралдай ауылдық округінде екі дана МТЗ-952 тракторы, бір дана шығын тиегіш сатып алынса, Күреңбел ауылдық округінде бір дана МТЗ-952 тракторы алынған.
2019 жылы Қошқарата ауылдық округінде 20 тонна, Боралдай ауылдық округінде 60 тонна, Күреңбел ауылдық округінде 10 тонна ғана минералдық тыңайтқыштар алынып, дақылдарға қолданылды. Мал басы санын арттыру және ет, сүт өнімдері бойынша межеленген көрсеткіш орындалады.
Қозы және сиыр еті экспорты бойынша Қошқарата ауылдық округінде жоспар тиісінше 19 және 4 тонна, Боралдай ауылдық округінде 28 және 3 тонна, ал Күреңбел ауылдық округінде 197 және 3 тонна болып белгіленген, бүгінгі күнге өткізілген жоқ. Бордақылау алаңына бұқашық өткізу жоспары Қошқарата ауылдық округінде 218 бас, Боралдай ауылдық округінде 240 бас, Күреңбел ауылдық округінде 190 бас болып белгіленген, бүгінгі күнге өткізілген жоқ.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша Қошқаратада 12 бас аналық мүйізді ірі қара импорттау және 353 бас қой сатып алу, ал Боралдай ауылдық округінде 32 бас аналық МІҚ импорттау жоспары орындалмаған. 341 бас қой сатып алу жоспарынан бүгінгі күнге «Тельман» ШҚ Т.Наурызқұлов 5,9 млн теңгеге 199 бас алуға құжаттары мақұлданды, орындалғаны 58 пайызды құрауда.
Күреңбел ауылдық округінде МІҚ 30 бас аналықты импорттау және 306 бас қой сатып алу жоспары орындалмаған.
Бүгінгі күні «Жуалы» несие серіктестігі арқылы 15 жоба өтсе, оның екеуі Боралдай, үшеуі Қошқарата ауылдық округтерінен, ал Күреңбелден бірде-бір жоба өтпеген.
Жиында «МинАгро» бағдарламасы туралы мәселе қозғалып, аудан әкімі Нарбай Ергебеков осы ретте шаруаларға мемлекеттен барлық жеңілдіктер мемлекеттің базасында тіркелген шаруа қожалықтарына ғана берілетінін еске салды.
– Жерге тиісті құжаты болмаса, ол заңсыз деген сөз, – деп сөзге араласты Нарбай Әбілқасымұлы. – Егер рәсімделмеген жер төңірегінде дау-дамай туындап жатса, жер егесі ол жерді өзінікі екенін тиісті органдар алдында дәлелдей алмайды. Сондықтан егістік жер ме, жайылымдық жер ме, құжаттары рәсімделіп, ол мемлекеттік базаға тіркелуі тиіс. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» қазір елімізде тек Жамбыл облысы аумағында қолға алынып жатқан қанатқақты жоба. Қазір әр елді мекеннің төлқұжаты дайындалуда. Ол үшін әр ауылдық округтегі әр елді мекеннің ауласынан сауалнама жүргізіп өтеміз. Осы сауалнамалар тиісті деңгейде сапалы жасалып жатқан жоқ. Өткен аптада бес ауылдық округтің елді мекендерін өзім жүріп аралап өттім. Әр тұрғынның ауласына кіргенде ауылдық округтің әкімі толтырған бланкіні тексергенде біраз шикіліктер анықталды, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Кездесуде шаруалар мен тұрғындар бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, Боралдай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов Рысбек батыр ауылына мәдениет ошағы қажет екенін, округ орталығы – Көлтоған ауылына арық суын жеткізіп беру қажеттігін айтты. Қошқарата ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев ауылдағы Қаракемер жайылымын әлдебір жеке адам жекешелендіріп алғанын, онда мал жайғызбай отырғанын айтып шағымданды. Ол сондай-ақ ауылда малына жемге егін егіп алайын десе, жерлері жоқ жас отбасылардың бар екенін, оларға жер беру қажеттігін ұсынды. Көлтоған ауылдық мешітінің имамы Әсет Сметов те шаруашылық жүргізу үшін өзінде жер жоқ екенін айтты. Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері, жас маман Дина Бауыржанқызы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы тұрғын үй ала алмай отырғанын жеткізді.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиында көтерілген проблемалық мәселелердің жинақталып, шешілу жолдары қаралатынын айтып, жиынды қорытты.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»