Basty bet
Мемлекеттік тіл – ел мерейі
Тіл дегеніміз – халық, тіл дегеніміз – тарих, мәдениет, құқық әрі саясат пен әлеуметтік, ұлттық қоғамдық мәні бар киелі ұғым. Тіл – ынтымақ, тіл – бірлік… Түптеп келгенде, тіл билік. Себебі, қандай мемлекетте қай тілге басымдық берілсе – сол тіл билік тіліне айналып, үстемдік құрады.
Бір ауыз сөзбен-ақ небір шиеленіскен дауды шешіп, шұбырынды да сұсты жауының бетін қайтарған от ауызды, орақ тілді, тілге шешен дана бабаларымыздың асыл мұрасы, ұлттық мәдениетіміз бен әдет-ғұрып, салт-санамыздың мәйегі қазақ тілінің қазіргі хал-күйі, қолданыс аясы кімді болса да терең ойландырары анық. «Қазақ тілінің қадамы неге тұсаулы?»,- деген сұраққа келгенде күмілжіп, төменшіктеп жерге қарайтындай күйге түсетінімізді несіне жасырайық? Әйтсе де, себеп-салдары да, қатпарлы астары да жетіп артылатын бұл сұраққа бір ауыз сөзбен кесімді де шешімді жауап беру, толыққанды пікір айту әсте мүмкін де емес. Сөз қадірін өз қадірінен кем көрмейтін халқымыз туған тілімізге «толғауы тоқсан» деген тіркесті бекерден-бекер телімеген шығар деп ойлаймын.
«Қазақ тілінің қадамы неге тұсалуда?»- деген сұрақты біз де күнделікті қызмет барысында шұқшия зерттеп, бір адамдай қыр- сырына үңіліп, себеп салдарына бойладық десек, артық айтқандық емес. Осы бағытта атқарылған теориялық та, тәжірибелік те іс-шараларды сараптап, саралап, талдап ақыл-ой таразысынан өткіздік. Қалай дегенменде «Тіл – ұлттық мәдениет, әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүр сабақтастығына негізделген заңнамадан, құқықтық мәселелерден, күнделікті халықтық қолданыстардан тысқары дамымақ емес, әрине. «Қай елдің тілін еміп өссең – сол елдің мінезін бойыңа сіңіресің» деген қағида өте орынды айтылған. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөзі де осы ойлармен астарлас, сабақтас деп білемін.
Қолда бар деректерге сүйенсек, қазақ тіліндегі тұңғыш сөздік 1786 жылы жарық көрген екен. Тіл ғалымдарының пікірінше, Қазан төңкерісіне дейін қазақ тіліне қатысты 40-қа жуық сөздік шыққан екен. Біле білгенге, бұл мол байлық көзі, тіл мәйегі, сарқылмас қор, ұлттық мұра. Тілге төнген қауіп көп. Әлемдегі танымал лингвистердің болжамынша таяу болашақтағы үш жүз жылда бар болғаны 24 тіл ғана өзін-өзі сақтап қала алатын көрінеді. Туған тіліміздің тағдыры – біздің әрқайсымыздың төл тағдырымыз, туған халқымыздың тағдыры екенін естен шығармауымыз керек. Өз кезегінде тілді дамытуға арналған тиісті мекемелер ендігі жерде бақылаушылық, қадағалаушылық мәселелерге жете көңіл бөлуге тиіс. Көше қалтарыстарындағы, маңдайшалардағы шала мәтінді жарнамалар қашанғы жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай береді?! Тілбұзарларға да тыйым керек емес пе? Осы ұсыныстар іске асқан жағдайда мемлекеттік тілді дамыту мәселелері жаңа сипатқа ие боларына сенім мол. Әділет министрлігінің мемлекеттік тілге қатысты қандай да мәселелерден тысқары қалмайтындығына да сенімдімін. Өйткені мемлекеттік тілді меңгеру еліміздің кез келген азаматына биік мерей әрі үлкен міндет.
Назира ҚҰЛМАНОВА,
Жамбыл ауданаралық Әділет басқармасының басшысы.
Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі