Basty bet

Өз тілімізді құрметтейік

21 ақпан – Халықаралық Ана тілі күні. Бұл атаулы күн біздің еліміз үшін де маңызды мереке саналады. Кез келген ұлт пен ұлыстың өзіне тән тілі, діні, салт-дәстүрі болатыны бесенеден белгілі жайт. Осынау құндылықтарынан айырылған, салт-дәстүрін жоғалтқан халықтың өзі де түбінде жер бетінен жойылып тынатыны сөзсіз.
Оған тарихтағы оқиғалар үлкен дәлел бола алады. Тіл халықтың қатынас құралы ғана емес, тіл сол елдің – айнасы. Ал сіз бен біздің тіліміз аса құдіретті де қасиетті – қазақ тілі. Қазақ тілі әлемдегі көркем тілдердің бірі. Қазақ тілі сөздік қоры жөнінен әлемдегі бай тілдердің үштігінен ойып тұрып орын алады. Қазақ тілінің тарихы Қазақ хандығы дәуірінен де арыда жатыр. Себебі, одан бұрын да халқымыз бұл тілді пайдаланған. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, бай әрі шұрайлы да шырайлы тіл – қазақ тіліне шетел азаматтары да аса зор ынта қойып, қызығушылық танытуда.
Тіл тарихы – ел тарихы, тіл тағдыры – ел тағдыры. Әлем елдерін алып қарайтын болсақ, тілсіз, дінсіз халықтар жоқтың қасы. Ал біздің тіліміз солардың арасындағы ең көркем тілдердің қатарына жатады. Сүйексіз тілмен қазақ ақсақалдары дау шешіп, билеріміз жаудың бетін қайтарып отырған. Бұл жөнінде ел тарихында оқиғалар өте көп. Тіл мерейінің асқақтағаны сол емес пе, бүгінде әлем таныған ойшыл ақын, жыраулар Абай мен Жамбыл бабаларымыз қазақ тілінің құдіретін әлемдегі сан мыңдаған ұлттарға паш ете білді. Бүгінде қазақтың біртуар ақындары мен батырлары арқылы қазақ халқын дүниежүзі таниды демек, артық айтқандық емес. Қазақ тілінің құдіреті оның ұлттық ерекшелігінде, шұрайлы әрі ұғынықтылығында болса керек.
Тіліміздің құлдырауы, әсіресе, өткен ғасырларда анық байқалды. Жасыратын несі бар, Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған тұста тіліміз жойылуға шақ қалды. Халықтың көбісі өз ана тілін менсінбей «ұлы халықтың» тілінде шүлдірлегенді жөн көрді. Басқасын айтпағанда, көп отбасылар, әсіресе, оқыған, көзі ашық азаматтар балаларын орыс сыныптарына бергенді жөн көретін. Соның салдарынан қазақ тілінің қолданыс аясы тарылып, тіліміз бен дінімізден айырылып қалудың аз-ақ алдында тұрғанымызды енді түсінгендейміз.
Тәуба. Осыдан 30 жыл бұрын еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Міне, содан бері өшкенімізді жандырып, өлгенімізді қайта тірілтіп жатқан жайымыз бар. Қазақ тілінің қолданыс аясы біртіндеп кеңійіп келеді. Қазақ тіліне ресми түрде «Мемлекеттік тіл» мәртебесі берілді. Қазақстанда тұратын басқа да ұлттың өкілдері қазақ тілінде сөйлеуге міндеттелмесе де олардың мемлекеттік тілді үйренуге деген талпынысы жақсы. Бір қуантарлығы, қазақ тілін өз ана тіліндей еркін меңгерген ұлт өкілдерін көргенде тіліміздің құдіретіне еріксіз таңданасың. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, қазақ тілі үйренуге ең оңай тілдердің қатарына жатады екен. Түркі халықтарын айтпағанның өзінде, орыс, неміс, ағылшын, тіпті, алыстағы Америка, Африка азаматтарының қазақ тілінде еркін сөйлеуі тіліміздің соншалықты қарапайым әрі үйренуге жеңіл екенін көрсетсе керек.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Туған тілімізді дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейту жөнінде бірқатар олқылықтар бар екенін жасыра алмаймыз. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдың жүзі болса да, әлі орыс тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілге құрмет көрсетпей, ана тілін ардақтамай жүрген азаматтар да баршылық. Қалай болғанда да қазақтың қасиетті сайын даласында бір ғана тіл болу тиіс. «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді»,- деген Мұстафа Шоқайдың сөзін әрдайым естен шығармағанымыз абзал.
Тілді дамытуға миллиондаған қаржының қажеті шамалы. Бар болғаны ана тілді қолдануға қажеттілік туғызу қажет. Тіл мәртебесі – ел мәртебесі, тіл тағдыры – ел тағдыры. Тіліміз азат болмай, ұлтымыз, халқымыз ешқашан азат болмайтынын есте ұстайық. Өзге тіліміздің бірлік үшін, өзге тілдің тірлік үшін қажет екенін ұғынатын уақыт жеткен сияқты. Өзге тілдердің бәрін білсек те, өз тілімізді құрметтеуден жаңылмайық.

Ринат ӘЛІШЕВ,
№19 Д.Қонаев атындағы
мектеп-гимназияның
11 сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close