Basty bet

Өнердің өз өкілі

Өнер талаптан туады. Ал талап тек еңбекпен ғана дамиды.
“Ел іші – өнер кеніші” деген сөз бар қазақта.
Ел ішінде небір талантты жандар бар. Алайда қым-қуыт тіршілікпен жүріп көбінде мән бере бермейміз.
Жақында жұмыс бабымен суретші, №1 Балалар өнер мектебінің директоры Қанат Жарасұлының шаңырағына барудың сәті түсті.
Қанат аға мен оның жары Роза Махаббатқызын бұрыннан танимыз. Екеуі де ұстаз. Қанат Жарасұлы талантты суретші. Ол кісінің өнерімен жеткен жетістіктері жайлы да аз-кем білетінім бар. Алайда, бұл кісінің шаңырағында болғанда суретшінің бойынан нағыз өнер адамына тән қасиеттерді, өнерді жан-тәнімен сүйетін жан, екенін көзбен көріп, сезініп тәнті болдым.

Жайында журналистер қауымы жүрген жерінде өзінің табиғатына тән тақырыптарды ойлап жүреді. Көбінде өмірде ізгілікті, жақсылықты паш еткің келеді. Әрине, журналист болған соң қоғамдағы түрлі мәселелерді де әсте естен шығаруға болмайды.
Осы кездесуден кейін Қанат Жарасұлы туралы мақала жазуды ойлап жүр едім. Сәті осы жолы түскендей.
Суретшінің үйінің кіреберісінен-ақ өнер адамының үйіне келгеніңізді білесіз. Үйге емес, құдды көрмеге келгендейсіз. Әр дүние талғаммен және қолдан жасалған. Кіреберісте, яғни сыртта есіктің жоғарғы жағында ертегідегідей шам ілулі тұр. Үйдің бұрышы ағаш өсіп тұрғандай бедерленген. Ал, ішке кірсеңіз, қолдан жасалған көз тартар түрлі заттар. Қысқасы, әр нәрсені іске асыра білген.
Аяқ астымызда бір тас тұр. Аяқ киімімізді шешіп жатып, анықтап қарасақ, тас жәй тас емес, еліктің баласы жатқандай. Яғни, тасқа еліктің баласының суретін салып қойған.
Қонақ бөлмесінің бір бұрышы суретшінің шеберханасы сияқты. Салған және салып жатқан суреттер. Қолдан жасалған түрлі сувенирлер.
Қанат Мұратаев Бауыржан Момышұлы ауылында өмірге келген.
Әкесінің қызмет бабына орай 1970-1980 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданында тұрған. Орта мектепті қазіргі №1 мектеп-гимназияда бітірген.
1985 жылы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға барады. Алайда бұл жылы жолы болмай, ауылға қайтады. Бір жыл Қайрат ауылында сол кездегі аудандық мәдениет үйінің шеберханасында жұмыс істеп, келесі жылы оқуға қайта барып, құжат тапсырып, сәтті түсіп Өнер академиясына түсіп кетеді. 1986 жылы әйгілі Желтоқсан оқиғасына қатысады.
1987 жылы әскер қатарына алынады. Әскери борышын Чехословакияда өтейді. Әскерде механик-жүргізуші болып қызмет етеді.
Әскерден соң оқуын жалғастырады. Алайда 1992 жылы төртінші курста оқып жүріп, балалықпен оқуын тастап кетеді. Қанат Жарасұлы бұл шешіміне қатты өкінетінін жеткізді.
1991 жылы Роза Махаббатқызы екеуі шаңырақ көтереді.
Еліміз тәуелсіздігін алып, жаңадан тәй-тәй басқан тоқырау жылдары Қанат Жарасұлы кәсіпкерлік салаға кетеді. 2000 жылдан бастап бес жыл ауданымыздың аумағындағы №91678 әскери бөлімінде әскери қызметте болады. Кейін жеке кәсіпкерлік ашып, тапсырыс қабылдайды. Мемлекеттік сатып алуға қатысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы “Думан” ойын-сауық орталығының безендірілуіне үлес қосады. Жеке адамдардан тапсырыс қабылдайды.
Жұмыс істей жүріп 2004-2009 жылдары Тараз қаласындағы педагогикалық институтты тамамдайды.
2011 жылы білім бөлімінің басшысы Асқар Қуаныштың шақыруымен Өнер мектебіне мұғалім болып орналасады.
2016 жылдан бастап осы киелі шаңырақтың директоры болып қызмет етіп келеді.
-Сурет салуға бала кезден қызықтым. Ол кезде жәй қаламсаппен дәптерге сурет сала беретінмін. Көбінде тарих оқулығындағы тарихи суреттерді салғанды ұнататынмын. Ертегілердегі суреттерді, батырлардың суретін салғанды жақсы көретінмін. Қазір де қолыма қалам тисе, батырлардың сауытын сала бастаймын,- дейді Қанат Жарасұлы. -Жалпы бала кезден көп бала сурет салуды жақсы көреді. Бірақ сол дарынын білім мен еңбекпен тәрбиелеп, өсіріп отыру керек. Сонда ғана жас талап жақсы суретші болу мақсатына жетеді.
Қазір Өнер мектебінде сурет салуға қызығатын көптеген шәкірттеріміз бар. Олардың ішінде шын қызығатын, сабаққа қалмай қатысатындары да бар. Мәселен, жақында Ақбота Ивлоева есімді шәкіртім екеуміз онлайн республикалық байқауға қатысып, екеуміз де бас жүлдені иелендік. Байқаудың шарты солай екен. Яғни, ұстазы да, шәкірті де қатысуы керек.
Сурет көрмесіне 2015 жылдан бастап қатыса бастадым. Облыстық, республикалық көрмелерге қатыстым.
Өткен жылы 6 қаңтарда әлеуметтік желі арқылы Солтүстік Кипрге Дағыстанның, Қырғызстанның суретшілер тобымен бірге ауқымды шараға қатыстым. Бұл шараны Кипрлік меценат Суат бей Гюнсель ұйымдастырған. Кипрге барып-қайту, жатын орын, тамағымыздың барлығы тегін. Талап бойынша әр суретші өзімен бірге екі туындысын алып бару керек. Және сол жақта жатып, тәжірибе алмасып, бес туындыны салып, музейге қалдыру қажет.
Мен ол жаққа қырғыз суретшілерімен бірге бардым. 20 күндей болдық. Ұйымдастырушының мақсаты – Кипр туристік аймақ болғандықтан, ерекше музей ашып, әлемге түркі әлемінің сурет өнерін паш ету. Түркі әлемінің өнері Еуропадағы өнер ордасымен тең, тіпті одан да жоғары екенін әлемге дәлелдеу мақсатында ұйымдастырған. Қолымыз босағанда Кипрдің тарихи-мәдени орындарын араладық. Көрмеге қатыстық. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік болды. Ерекше әсерге бөлендік. Бұл менің халықаралық симпозиумге алғаш қатысуым. Әрине, бірінші өнердің арқасы. Әйтпесе, мұндай мүмкіндік қайдан болсын.
Ұйымдастырушы меценат өте тамаша кісі екен. Іскер азамат, жұмысы өте көп. Алайда күн де уақыт тауып, бізге келіп, жағдайымызды сұрап, немен айналысып жатқанымызды көріп, әңгімелесіп кетеді. Бір ғажабы, бір-біріміздің тілімізді білмесек те жақсы дос болдық, бір-бірімізді ым арқылы-ақ жақсы түсіндік.
Осы іссапардан кейін сурет салу техникам да өзгере бастады. Жалпы рухани өсуіме үлкен әсер етті,- дейді Қанат Жарасұлы.
Жуалылық суретші қазір Тараз суретшілер одағының мүшесі. Қанат Мұратаев тараздық ҚР еңбек сіңірген суретші Мұхаммед-Умар Паншаев деген суретшіден жаз мезгілінде Тегеранда өтетін көрмеге Қазақстанның атынан қатысу туралы ұсыныс жасағанын да мақтанышпен жеткізді. Әрине, бұл – үлкен мақтаныш. Алла қаласа, індеттің жұғу қаупі бәсеңдесе жазда өтетін көрмеге барып қайтуды жоспарлап отыр.
Журналист ой адамы. Ол үнемі ой үстінде жүреді. Қанат Жарасұлы бұл қасиет суретшіге де тән екенін айтады. “Суретшіге Алла тағала әр нәрседен сұлулықты сезіне білу қасиетін берген”,- дейді суретші.
Қазақ жерінің байлығын, сұлулығын ақын көркем тілмен сипаттайды, қиялмен бейнесін жасайды. Ал, суретші сол сұлулықты бояуын тауып, сурет арқылы көзге елестетеді. Бояудың жігін білдірмей нәзік қиюластырады.
Мәселен, қазақтың дарқан даласы туралы суретшінің салған суретінен оның дарындылығын, жер байлығын, жомарттығын көреміз. Қанат Жарасұлының да туындыларынан өмірдің жанды көріністерін көруге болады.
Өнер адамы ізденбесе, өмірді көруден, оны сезуден қалады. Жақсы шығарма ойдан тумайды, өмірден туады, сезіну арқылы, іздену арқылы келеді.
– Жай адам байқай бермейтін дүниені суретші байқай біледі. Шабыт келгенде тез қаламыңды ала салып, нобайын түсіріп қоймасаң, оны ұмытып қаласың. Сондықтан кейде түнде тұрып сурет салатын кездеріміз де болады.
Еңбек қиындығымен қатар қуанышын да әкеледі. Суретшінің жұмысынан ләззат алатын сәті – салған суретінің көңілінен шыққан кезі. Қиындығы – ойыңды бояумен үйлестіре алмау.
Мақсатым – туған жердің көркеюіне үлес қосу, өз қолтаңбамды қалдыру. Мен үшін үлкен марапат – ауылымыздың кіре берісіне қойылған алып түйенің мүсіні үшін аудан әкімінің берген марапаты.
Көптеген жоспарларым бар. Оған аудан әкімі, ауданымыздың жанашыр азаматы Нарбай Әбілқасымұлы да қолдау білдіріп отыр. Сондықтан туған жерім үшін аянбай тер төгуге дайынмын,- мейді Қанат Жарасұлы.
Қанат Мұратаев жары Роза Махаббатқызы екеуі бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары Исламбек отбасылы. Аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Исламбек кішкентайынан атасы Жарас Мұратаевтың тәрбиесінде болған. Қазір де сол қара шаңырақта тұрады.
Ал, үлкен қызы Мадина “Болашақ” бағдарламасымен Прагада білім алған. Қазіргі таңда Алматыда сәулет саласындағы компанияда жұмыс істейді. Камила №1 мектеп-гимназияны Алтын белгіге тамамдап, ҚазҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетінде оқып, әрі қарай білімін Жапонияда жалғастырған. Бүгінде Алматыда еңбек етуде.
Кенже қыздары Әмина да мектепті Алтын белгіге бітіріп, ҚазҰУ-де халықаралық қатынастары факультетінде оқуда.
Отанасы Роза Махаббатқызы Мыңбұлақ орта мектебінде информатика пәнінен сабақ береді. Ұстаздық жолда еңбек етіп келе жатқанына 29 жыл болды.
Ұл-қыздарын шыншылдыққа, білімге, еңбекқорлыққа баулыған жандар ортамызда үлгілі отбасы, ұлағатты ұстаз атанып, ел мерейінің өсуіне өзіндік үлестерін қосып отыр.
Бұл да бір өмірдің ғажабы емес пе?!

Суреттерде Қанат Мұратаевтың туындылары

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close