Basty bet

Өнерге таласы бар жанның танымы да биік

Қандай өнер болсын адам баласына тумысынан берілетін ерекше қасиетті сый екені рас. Сол Тәңірі тарту еткен ерекше қасиетті сыйды алып жүріп, шыңдап, көпшілікке көрсете білу – үлкен еңбек. Әсіресе, бейнелеу өнерінің қай кезде де бәсі басым. Жалпы алғанда адамның бойындағы қай өнерді болсын, дер кезінде кәсіби көзқараспен бағалаушылар аз ғой. Әйткенмен, бейнелеу өнеріне аңсары ауған адам әлемді өзінше, басқаша көруге тырысады. Өйткені оның ғаламды қабылдауы, фантазиясы бөлектеу келеді.

Бейнелеу өнерімен шұғылдану арқылы балалардың шығармашылық қабілеттері, көркемдік және эстетикалық талғамдары, байқағыштық, қабылдау, қиялдау сияқты қасиеттері қалыптасады. Балалар сурет салу, мүсіндеу, қолөнермен шұғылдану барысында өзін қоршаған орта, табиғат сұлулығы, оның құбылыстары туралы білімдерін арттырады, бейнелеу өнерін игеруге қызығады.
Осындай таланты, өнерлі оқушының бірі – №1 мектеп-гимназияның 8 «а» сынып оқушысы Алтынай Әлімбек.
Алтынай Ерболқызы 2007 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында өмірге келген. 2013 жылы аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның табалдырығын аттайды. Қазіргі таңда сол мектептің үздік оқушысы. Алтынай кішкентайынан сурет салуға бейім болып өседі. Жас суретші интернеттен, теледидардан көптеген суретшілердің туындыларын көріп, сурет салуға деген қызығушылығы пайда болады.
– Анам менің суретке деген қызығушылығымды байқап, 2 сыныптан бастап №1 Балалар өнер мектебіндегі сурет үйірмесіне алып барды. Сурет үйірмесімен бірге ағылшын курсына да қатысып жүрдім. Сурет үйірмесінде Біржан ағайдан сурет салудың қыр-сырын үйрендім. Ол кісі менің суретке деген қызығушылығымды жан-жақты дамытты. Мен үйде көптеген сурет салып, мектептегі сыныптастарыма көрсетіп, олар маған өз ойларын, бағасын беретін. Сыныптастарым маған үнемі мотивация беріп отырады.
Сурет үйірмесіне төрт жыл қатыстым. Ол жылдар арасында көптеген байқауларға қатысып, жүлдегер атандым. Ең алғашқы байқауда жеңімпаз болғаным әлі есімде. Ол – 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында ЭКСПО-2017 республикалық байқауында жүлдегер атанғаным. Тағы да екі-үш республикалық сурет байқауларына қатысып, І,ІІ орындарды иелендім. Қашықтан оқу өзімнің сүйікті ісіммен көбірек айналысуыма мүмкіндік берді. Өз шеберлігімді тезірек жетілдіруді мақсат етіп қойып, сурет салуға көп уақыт жұмсаймын. Суреттерде көбінесе табиғатты, өзімнің жаныма жақын нәрселерді суреттеймін, – дейді Алтынай Ерболқызы.
Алтынайдың әкесі марқұм Ербол Есдәулетов Әділет басқармасында жұмыс істеген, ал анасы Мира Өскенбаева №1 мектеп-гимназияның психолог маманы. Өзінен кейін екі інісі өсіп келе жатыр. Олардың да өнерге жақындығы бар.
Анасының айтуынша, үйде Алтынайға қатты талап қойып, шектемейді екен. Достарымен ойнап, бос уақытында ұялы телефон қолданады. Бірақ, әлеуметтік желіде отырмайды. Көбінесе, интернеттен өнер адамдарының бейнежазбалары мен туындылары туралы ақпарат іздейді екен.
– Ойын баласы болғандықтан, бір нәрсеге міндеттеп, қатаң күн тәртібін қоймаймыз. Барынша еркін өсіруге тырысамыз. «Тазыны қанша үйретсең де, қабілеті болмаса, түлкі алмайды» дейді ғой. Сол сияқты, баланың ынтасы болмаса, оны қинап сурет мектебіне бергеннен пайда жоқ. Жалғыз өнер саласында емес, кез келген салада талант болуы керек деп ойлаймын. Баланың таңдауымен санасуымыз керек. Бірақ, болашақта осы саланы таңдайтын болса, қолдан келгенше қолдаймыз, – дейді анасы.
Әсілінде әлемнің әдемілігін табиғаттың кереметтерін сан түрлі бояулармен ақ параққа түсіру суретшілерге ғана берілетін қабілет. Былайша айтқанда, бейнелеу өнеріне бейімі барлар аспан асты жер үстін пейзаж тілінде сөйлетіп жатады. Олардың қылқаламынан туған дүниелер жұртты бей-жай қалдырмайды деп сенеміз. Өнерге таласы бар жанның танымы да биік болатыны ақиқат.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close